Accessibility links

Өзбекстанда азаматтарды Мексика арқылы АҚШ-қа жібермек болғандар ұсталды


Өзбекстанда азаматтарды АҚШ-қа заңсыз өткізуге талпынған адамдар ұсталды. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары арнайы қызметке сілтеме жасай отырып хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Самарқан қаласының 1979 жылғы тұрғыны бір адамның сеніміне кіріп, оған Мексика арқылы АҚШ-қа кіргізуге уәде берген. Күдікті осы қызметі үшін 25 мың доллар сұраған. Ол 15 мың доллар аванс алу кезінде ұсталған.

Содан кейін құқық қорғау органдары Самарқан облысының тағы екі тұрғынын ұстады. Олар бір азаматты 23 мың доллар үшін АҚШ-қа заңсыз кіргізуге уәбе берген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларды 12 мың доллар алу кезінде ұстаған.

Осындай рейд Ферғана облысында да жүргізілген. Жергілікті бір тұрғын АҚШ-ға 10 мың долларға жіберуге уәде берген. Оны да ақша алу кезінде ұстаған.

Осы оқиғаларға байланысты қылмыстық істер қозғалды. Тергеу жүріп жатыр.

Қазан айында АҚШ кеден және шекара бақылау қызметінің мәліметіне сүйенген Fox News 2021 жылдың қазаны мен 2023 жылдың қазаны аралығында АҚШ-та 13 мыңнан астам өзбек азаматы шекараны заңсыз кесіп өтпек болған кезде ұсталғанын жазған еді.

Телеарнаға берген мәліметке қарағанда, екі жылда АҚШ шекарасын:

  • 30 830 Түркия азаматы,
  • 15 594 Мавритания азаматы,
  • 13 624 Өзбекстан азаматы
  • 6 386 Ауғанстан азаматы
  • 3 153 Египет азаматы заңсыз кесіп өтпек болып ұсталған.

Бұған қоса, Иран, Сирия, Пәкістан, Ливан, Иордании, Йемен және Ирак азаматтары да ұсталған.

Алайда жоғарыдағы мәлімет "ерекше назар аудартқан шетелдіктер" категориясына кіретіндерді ғана қамтиды. АҚШ үкіметінің пікірінше, мәселе "терроризмнің дамуына алғышарт бар елдерде тұратын немесе елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін" азаматтар жөнінде болып отыр. Мұндай елдер қатарына мысалы, Мексика, Гватемала, Венесуэла және Орталық Азия мен Оңтүстік Американың өзге елдері кірмеген. Оларды АҚШ билігі ұлттық қауіпсіздікке қатты қатер деп санамайды.

Кейінгі кезде Мексика арқылы АҚШ-қа заңсыз өтпек болған Орталық Азия елдерінің тұрғындары жиілеген. Олар әуелі Стамбулға барып, сол жақтан Еуропа қалаларына, негізінен Мадридке ұшады. Одан әрі қарай Богота, Панама және Манагуаға жетеді. Одан әрі қарай мигранттар солтүстікке қарай жаяу немесе көлікпен жүреді: Никарагуадан – Гондурас, Гватемаладан Мексикаға қарай жол тартады. Одан әрі қарай егер жолы түссе, Америка күтіп тұр.

АҚШ-та олар босқын мәртебесін алуға, бірнеше жылдан соң грин-картасын алуға ұмтылады. Грин-карта – оларға АҚШ-та тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG