Accessibility links

Қарағандыда "Шахтерлер даңқы" ескерткіші маңында марқұм шахтерлерді еске алды


Шахтада қаза тапқандардың туыстары "Шахтерлер даңқы" ескерткішінде тұр. Қарағанды, 5 желтоқсан 2023 жыл.
Шахтада қаза тапқандардың туыстары "Шахтерлер даңқы" ескерткішінде тұр. Қарағанды, 5 желтоқсан 2023 жыл.

Қарағандыда 5 желтоқсанда 30-ға жуық адам "Шахтерлер даңқы" ескеркішіне келіп, қазан айында Костенко шахтасында қаза болған кеншілерді еске алды. Жиналғандардың көбі – марқұмдардың жақындары.

Ертең, 6 желтоқсанда шахтада қаза болған 46 шахтердің қырқы болады.

— Қаза тапқандар 46 адамнан көп, шахтерлермен бірге олардың отбасы да өлді, — деді әкесінен айырылған Екатерина Мордасова.

Жиналғандар ескеркішке гүл шоқтарын қойып, Костенко шахтасында қаза тапқандарды ғана емес "АрселорМиттал Теміртау" шахтасында опат болған басқа да кеншілерді еске алатындарын айтты. Марқұмдардың жақындары "егер шахталарға дұрыс көңіл бөліп, бақылағанда мұндай қайғылы оқиғалар болмас еді" деп өкінішін білдірді.

— Олар "жұмыс іздеп жүргендер көп, ұнамай ма, кете бер" дейтін. Әкем үйге келгенде қолы дірілдеп келетін. Шахтада лава жанып жатыр, соны сөндірдік дейтін. Біз айыптылар жазаланғанын қалаймыз, - деді қаза тапқан шахтер Олег Крайновтың қызы Виолетта Иванчина.

Жиналғандар кейбір марқұмның отбасылары уәде етілген сақтандыру төлемдерін аларда қиындыққа тап болғанын да айтты.

— Осындай қайғы жұтып отырғанда соттарға барып, жиындарға барып дәлелдеуіміз керек екен. Жақындарымыз бір бригадада жұмыс істеп, бір-бірін қолдағандай біз де бір-бірімізді қолдаусыз қалдырмаймыз, — деді шахтер Сергей Киселевтың жесірі Ольга.

Кейбір әйелдер ескерткіш маңында жылап тұрды. Көбі уайымнан денсаулықтары нашарлап, дәрі-дәрмекке байланып отырғанын айтады. Кейбірі денсаулық жағдайына байланысты еске алу шарасына келе алмаған.

28 қазанға қараған түні Қарағанды маңындағы Костенко шахтасында жарылыс болып, 46 шахтер қаза тапқан. Шахтада жөндеу жұмысы әлі жүріп жатыр. Қайғылы оқиғадан соң Қазақстан билігі Қарағанды облысындағы шахталар мен кен орындарын "АрселлорМиттал Теміртаудан" қайтарып алатынын мәлімдеген. АМТ кен орындарын қайтаратынын растаған, бірақ әзірге жұмысын жалғастырып жатыр. Шахталар мен комбинаттардың жаңа иесі әлі анықталған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG