Accessibility links

Астанада белсенділердің ұсталуы: Айдар Сыздықов пен Әсет Әбішев 15 тәулікке қамалды


Белсенді Айдар Сыздықов ұсталғаннан кейін.
Белсенді Айдар Сыздықов ұсталғаннан кейін.

Астана соты белсенді Әсет Әбішев пен құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты 15 тәулікке қамады. Астана сотының хабарлауынша, Сыздықовтың ісі бүгін түске дейін қаралған. Шешімді судья Нұргүл Сағидолдина шығарды.

Тиісті қаулы күн соңына жариялануға тиіс.

Сот хатшысының айтуынша, Айдар Сыздықовқа "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша (434-бап, 1-бөлігі) айып тағылған.

Екінші белсенді Әсет Әбішевтің ісін өзге судья қараған. Соттың хабарлауынша, Әсет Әбішев судьяны ауыстыруды талап еткенмен өтініші қабылданбаған.

Сот отырысы кезінде Азаттық тілшісі полицейлерден "ұстау кезіндегі белсенділердің соққыға жығылғаны туралы ақпаратқа" түсініктеме беруді сұраған. Байқоңыр аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы "бұл сұраққа жауап бере алмаймын, оларды патруль ұстады" деді.

Әсет Әбішевтің өзі полицейлер қолын жарақаттағанын айтты. "Жедел жәрдем қайырылғанын растап, екі жері тартылғанын айтты. Сындыруға аз қалды. Айдар Сыздықовтың бетінен ұрған, көзі ісіп кеткен" деді Әбішев сотта. Ол қандай шешім шығатынын да білетінін айтты. Әбішев кешеден бері өзіне медициналық көмек көрсетілмегенін де айтты.

"Бір тәуліктен бері қолым ауырып жатыр. Мұндағы бір полковник "ауырып жатқан жоқ" деп жедел жәрдемді қайтарып жіберді. Ол дәрігер ме? Бұл адамды азаптау деп санаймын. Оның үстінен міндетті түрде арыз жазамын" деді ол.

Оның адвокаты Мейіржан Досқараев сот кезінде рапортты жазған инспектордан жауап алуды сұрады. "Мұнда түсініксіз жайттар көп. Ол төрт адамның тегін атаған. Неге төрт адам? Бұған қоса, мұнда олар (белсенділер) арнайы құрал қолданғанын айтады. Не үшін ұстағанын және қалай ұстағанын түсіндірсін" деді адвокат.

Бірақ сотта инспектордан жауап алынған жоқ. Сот азаматтық белсендіні Әсет Әбішевті 15 күнге қамады.

Белсенділер Әсет Әбішев пен Сергей Измайлов, құқық қорғаушы Айдар Сыздықов 6 желтоқсанда Астанадағы әкімшілік жазаға тартылғандар отыратын қамау мекемесінің алдында ұсталған. Олар мекемеге белсенді Қанатхан Әміреновті қарсы алу үшін барған.

Ұзақ күткеннен кейін белсенділер мекеме өкілдерінен дәретхана сұраған, себебі ғимарат маңында дәретхана болмаған. Бұдан соң Измайловтың айтуынша, мекеме кезекшісі полиция шақырған. Полиция оларды күштеп ұстады. Интернетте жарияланған видеода Сыздықов өзін полиция "ұрып-соққанын" айтты. Сергей Измайлов түнде босатылған. Оған ешқандай айып тақпаған. Сергей Измайлов 7 желтоқсанда белсенділердің қалай ұсталғанын айтып берді.

Измайлов оқиғаны "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеуге кезекті рет өтініш беру талпынысымен байланыстырады. Бұған дейін тіркелмеген партия өкілдері партияны тіркеу бойынша құжатарды 15 желтоқсанда тапсыратынын мәлімдеген.

Осы апта ортасында Әсет Әбішев пен Сергей Измайлов адвокат Мейіржан Досқараевпен бірге Астанада Марат Жыланбаев ісіне байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп, "Жыланбаев ісіндегі бұрмалаушылықтар" туралы мәлімдеген.

Жуырда Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен жеті жыл түрмеге кесілген. Жабық өткен сотқа бақылаушылар қатыстырылмады. Жыланбаевтың жақтастары істің саясиланғанын айтады. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.

XS
SM
MD
LG