Accessibility links

Сот құқық қорғаушы Измайловты Жыланбаевты қолдап, қазан айында акция өткізгені үшін қамады


Солдан оңға қарай: "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партия өкілдері Әсет Әбішев, адвокат Мейіржан Досқараев, құқық қорғаушы Сергей Измайлов баспасөз жиынында. Астана, 5 желтоқсан 2023 жыл.
Солдан оңға қарай: "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партия өкілдері Әсет Әбішев, адвокат Мейіржан Досқараев, құқық қорғаушы Сергей Измайлов баспасөз жиынында. Астана, 5 желтоқсан 2023 жыл.

8 желтоқсанда Астана соты құқық қорғаушы, белсенді Сергей Измайловты 15 тәулікке қамады. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Мейіржан Досқараев хабарлады. Оның сөзінше, Измайловқа "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген (488-бап, 6-бөлігі) айып тағылған.

7 желтоқсан күнгі полиция хаттамасында Измайлов 11 қазанда әділет министрлігі алдында қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, акция өткізгені жазылған. Хаттамаға сүйенсек, Измайлов 2023 жылы 11 қазанда сағат 11 жарым шамасында әділет министрлігі алдында акция өткізіп, "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының белсендісін "қолдаған", осылайша "бейбіт жиын өткізу туралы" Қазақстан заңнамасын бұзған. Іс материалдары сотқа 8 желтоқсанда жіберілген.

Жұма күні кешке Сергей Измайловтың телефоны сөндірулі тұрды. Азаттық оған хабарласа алмады. Сот сайтында қаулы әзірге жарияланбады.

Бұған дейін Астана соты "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен "Алға, Қазақстан" белсенділері Әсет Әбішев пен құқық қорғаушы Айдар Сыздықовты 15 тәулікке қамаған.

Белсенділер Әсет Әбішев пен Сергей Измайлов, құқық қорғаушы Айдар Сыздықов 6 желтоқсанда Астанадағы әкімшілік жазаға тартылғандар отыратын қамау мекемесінің алдында ұсталған. Олар мекемеге белсенді Қанатхан Әміреновті қарсы алу үшін барған. Ұзақ күткеннен кейін белсенділер мекеме өкілдерінен дәретхана сұраған, себебі ғимарат маңында дәретхана болмаған. Бұдан соң мекеме кезекшісі полиция шақырып, белсенділер ұсталған. Интернетте жарияланған видеода Сыздықов өзін полиция "ұрып-соққанын" айтты. Осы аптада Азаттық тілшісі Астана полициясынан түсініктеме алуға тырысқанмен жауап ала алмады.

Осыған дейін Измайлов оқиғаны "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеуге кезекті рет өтініш беру талпынысымен байланыстырған. Бұған дейін тіркелмеген партия өкілдері партияны тіркеу бойынша құжаттарды 15 желтоқсанда тапсыратынын мәлімдеген.

Осы апта ортасында Әсет Әбішев пен Сергей Измайлов адвокат Мейіржан Досқараевпен бірге Астанада Марат Жыланбаев ісіне байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп, "Жыланбаев ісіндегі бұрмалаушылықтар" туралы да мәлімдеген.

Жуырда Марат Жыланбаев "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айыппен жеті жыл түрмеге кесілген. Жабық өткен сотқа бақылаушылар қатыстырылмады. Жыланбаевтың жақтастары істің саясиланғанын айтады. Құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқын" деп таныған.

XS
SM
MD
LG