Accessibility links

Сайлау: Путинді президенттікке үміткер ретінде ұсынатын алғашқы жиын Мәскеуде өтті


Владимир Путин және Андрей Турчак (Мұрағаттан алынған сурет).
Владимир Путин және Андрей Турчак (Мұрағаттан алынған сурет).

"Единая Россия" партиясы жалпыресейлік халықтық майдан ұйымымен бірігіп, Владимир Путинді президенттікке ұсынумен байланысты тиісті процедураларды өткізеді. Ресей федерация кеңесі төрағасының орынбасары, партияның бас кеңесінің хатшысы Андрей Турчак осылай деп мәлімдеді.

9 желтоқсанда Мәскеуде Путинді президенттікке ұсынатын бастама тобының алғашқы жиыны өтеді.

Турчактың айтуынша, "Единая Россия" партиясы сайлау кампаниясына белсене қатысып, өзінің инфрұрылымдары мен аймақтық желілерін соған жұмылдырады.

Ресей орталық сайлау комиссиясы президент сайлауын үш күн – 2024 жылдың 15-17 наурыз аралығында өткізу туралы шешім қабылдаған.

Ресей президенті Владимир Путин 8 желтоқсанда сайлауға түсетінін растады. Жұма күні Кремльдегі марапаттау рәсімінде Ресей басып алған Украинаның Донецк аймағындағы сепаратистердің өкілі Артем Жога Путиннен сайлауға түсуді өтінеді. Кремль осы диалогтың видеосын жариялады. Онда Путин "әр уақытта әртүрлі ойлар болды", бірақ қазір "халықпен бірге боламын және сайлауға түсемін" дейді.

2020 жылы қабылданған Конституцияға өзгертулер Путинге бесінші мерзімге де сайлануға мүмкіндік береді.

Ресей және халықаралық ақпарат құралдары президент әкімшілігіндегі дерекөздерге сүйене отырып, Кремль "оңай жеңістен үміттеніп отыр" деп жазды. "Медуза" және "Вёрстки" басылымдарының жазуынша, шенеуніктерге Путинге 80 пайыздан астам дауыс әперу туралы міндет қойылған.

Сайлауға қатысатынын Геннадий Зюганов, мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты Борис Надеждин, Донецкідегі ресейшіл сеператист Игорь Стрелков (Гиркин), журналист Екатерина Дунцова мәлімдеген. "Новые люди" партиясының баспасөз қызметі сайлауға кандидат ұсынатынын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG