Accessibility links

Құқық қорғаушылар: Қаңтар кезінде ҰҚШҰ әскері оқ үлгілерін оқ-гильза қоймасына өткізбеген


Қаңтар кезінде нысандарды бақылап тұрған ҰҚШҰ әскері.
Қаңтар кезінде нысандарды бақылап тұрған ҰҚШҰ әскері.

Қаңтар кезінде ҰҚШҰ әскері оқ үлгілерін Қазақстанның оқ-гильза қоймасына өткізбеген. 12 желтоқсанда Қаңтар оқиғасына арналған зерттеуінің алдын ала қорытындысы туралы жиынында "Халықаралық құқықтық бастама" өкілдері осылай деп мәлімдеді. Олардың мәлімдемесі жөнінде "Пятое января" телеграм арнасының авторы, журналист Данияр Молдабеков жазды.

"Халықаралық құқықтық бастама" заңгерлері 2022 жылдың басында Қазақстан қорғаныс министрлігіне сауал жіберіп, "ҰҚШҰ әскері оқ үлгілерін өткізді ме" деп сұраған. Қазақстан қорғаныс министрлігі құқық қорғаушыларға "өзге елдердің қарулы күштері мұны жасауға міндетті емес" деп жауап қайырған.

Министрліктің айтуынша, ҰҚШҰ-ның бітімгерлік әрекеті туралы келісім ұйым әскеріне "әскери қимылдарға қатысуға рұқсат етпейді" және қаруды тек "ерекше жағдайда ғана" қолдануға мүмкіндік береді.

"Айталық, сізде автомат, тапанша бар делік. Оларды Қазақстанға әкелген кезде оқтың үлгілерін [Қазақстанның мемлекеттік] оқ-гильза қоймасына жіберу керек. Не үшін? Алдағы уақытта бұл қару қолданылған жағдайда, қарудың қайдан шыққанын анықтауғ үшін керек. Ол кімнің қаруы, нөмірі қандай, кімге тиесілі. Қаруды қолданған адамдарды анықтау үшін. Бұл Қазақстан заңнамасы бойынша міндетті процедура" деді "Халықаралық құқықтық бастама" заңгері Амангелді Шорманбаев.

Оның сөзінше, ведомство осындай шешімімен ҰҚШҰ әскерінің "адам өлтіргенін" дәлелдей алмайтындай жағдай туғызып отыр. Шорманбаев бұл "адам өлтіруге рұқсат бергенмен пара-пар" дейді.

2022 жылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы болған кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған террорист шабуылдады" деп мәлімдеп (әлі күнге дейін дәлел көрсеткен жоқ), ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Осылайша ҰҚШҰ әскері алғаш рет басқа елдің аумағына кірген.

Кейбір бақылаушылар ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға кіруі "билікке талас кезінде" шешуші рөл атқарғанын айтып, Тоқаевқа қызметін сақтап қалуға мүмкіндік берді деген.

Қазақстан қоғамында ҰҚШҰ-ға қатысты түрлі пікір бар. Бұған дейін кейбір белсенділер Қазақстан билігін ҰҚШҰ-дан шығуға үндеген. Биыл қарашада Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров "ҰҚШҰ-дан шығатын ойымыз жоқ" деп мәлімдеген.

Қыркүйек айында қазақстандық PaperLab зерттеу орталығы "Қазақстан қоғамының Қаңтар оқиғасына көзқарасы" атты есеп жариялаған. Сұралғандардың 44 пайызы Қаңтар кезінде елге ҰҚШҰ әскерін кіргізуді қолдамаған, 37 пайызы қолдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG