Accessibility links

Сот әуежайдағы азаптау ісі бойынша негізгі күдіктіні ақтады. Неге?


Әуежайдағы азаптау және күдіктінің ақталуы
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:37 0:00

Қаңтар дүрбелеңі кезінде Алматыда 54 адамды азаптап, біреуінің өліміне себепкер болды деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 10 қызметкері сотталып, біреуі ақталды. Жәбірленушілердің кейбірі мен адвокаты үкімге келіспейді. Олар "азаптауды ұйымдастырушы жауаптан сытылып кетті" деп наразы.

ИНТЕРНЕТТЕ ТАРАҒАН "АЙЫПТАУ АКТІСІ" МЕН ЖАБЫҚ СОТ

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде азапталған 54 адамның және қаза тапқан бір адамның ісі бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері сотталды. ҰҚК-нің 11 қызметкері 2022 жылғы 6-7 қаңтар күндері 54 адамды ұрып-соғып, біреуінің өліміне себепкер болған деген күдікпен былтыр ақпанда ұсталған. Бір жылға созылған тергеуден соң биыл ақпанның аяғында басталған сот процесі сотталушылар мен кей куәгердің "өтініші" бойынша жабық өтті.

8 желтоқсанда үкімді тыңдауға да жұртшылық өкілдері мен журналистерді кіргізбеді. Сол себепті процестің жай-жапсарын көпшілік білмейді. Ал процеске қатысқандардың ол туралы айтуға құқығы жоқ.

Айып тағылған 11 қауіпсіздік органы қызметкеріне қандай үкім шыққанын көпшілік жұрт осы іс бойынша оннан астам жәбірленушінің адвокаты Гүлнар Жуаспаевадан естіді.

Сот кінәлі деп тапқан 10 адамның жетеуін үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырды. Екеуіне шартты жаза кесті. Ал "билігін асыра пайдалану" және "азаптау" баптары бойынша айып тағылған Алматы қалалық ҰҚК департаменті басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ұлан Жұмановты ақтады.

ҰҚК-нің бұрынғы 11 қызметкерінің сотында ақталған Ұлан Жұманов. Алматы, 8 желтоқсан, 2023 жыл
ҰҚК-нің бұрынғы 11 қызметкерінің сотында ақталған Ұлан Жұманов. Алматы, 8 желтоқсан, 2023 жыл

– Ең аз жаза берді – үш-бес жыл аралығында. Жұмановты – ең негізгі ұйымдастырушыны сот ақтады. "Гестапо бөлмесінде" адамдарды ұрып-соғып, тепкілеген үш адам шартты жаза алды. Біз үкімге келіспейміз және шағым береміз. Азаматтық талап-арыз иелерінің өтінішін ішінара ғана орындады: Өтепбаевтың зайыбына 20 миллион теңге моральдық шығын өтемі, бірнеше адамға миллион теңгеден төленетін болды, өзгелердің арызы қанағаттандырылмады. Өте әділетсіз үкім болды! – деді 8 желтоқсанда үкім шыққан соң адвокат Жуаспаева журналистерге.

Жәбірленушілердің тағы бір адвокаты Айнара Айдарханова да ҰҚК-нің жауапты қызметкері болған Жұмановты ақтаған сот шешіміне келіспейді.

Жәбірленушілердің тағы бір адвокаты Айнара Айдарханова да ҰҚК-нің жауапты қызметкері болған Жұмановты ақтаған сот шешіміне келіспейді.

Азаттық тілшісі үкім шыққаннан кейін Ұлан Жұмановтың өзіне де сұрақ қойып көрді, бірақ ол жауап қатпастан, тезірек кетіп қалды. Оның адвокаты Дияр Разиев үкім көңілінен шығатынын айтты.

– Жұмановтың кінәсіз екені сотта дәлелденді, – деді Разиев. Бірақ сот жабық өткендіктен, қалай дәлелденгенін ашып айта алмады. Оның сөзінше, айыптаушы тарап Жұмановтың біреуді азаптағанына дәлел келтіре алмаған.

Ақталған Ұлан Жұмановтың адвокаты Дияр Разиев. Алматы, 8 желтоқсан, 2023 жыл
Ақталған Ұлан Жұмановтың адвокаты Дияр Разиев. Алматы, 8 желтоқсан, 2023 жыл

Осы іс бойынша жәбірленуші деп танылған оннан астам адамның адвокаты Гүлнар Жуаспаева сот оған қатысты жеке қаулы шығарып, аумақтық адвокаттар коллегиясына жолдағанын хабарлады. Ол тергеу және сот деректерін жарияламағанын айтып, өзіне қатысты судьяның шығарған жеке қаулысын негізсіз деп атады.

ҰҚК-нің 11 қызметкерінің ісі бойынша сот процесі жабық өткендіктен оның жай-жапсары туралы ресми құжаттар жоқ. Мемлекеттік органдар қоғамда резонанс туғызған іс жөнінде ешқандай ресми дерек жарияламады. Бұл сот процесі басталмай тұрып, алдын ала тыңдау кезінде интернетте осы іс бойынша "айыптау актісі" делінген құжаттың көшірмесі мен Қаңтар оқиғасы кезінде жазылып қалған видеолар желіде тарап кеткен. Ресми орындар ол деректерді растаған да жоқ, теріске де шығармады.

"Азаптау" айыбы тағылған ҰҚК қызметкерлерінің сотын ашық өткізуді талап етіп, баспасөз мәслихат өткізген адвокат Гүлнар Жуаспаева, жәбірленушілер Бекболат Исабеков пен Асқар Смағұлов (солдан оңға қарай). Алматы, 25 сәуір, 2023 жыл
"Азаптау" айыбы тағылған ҰҚК қызметкерлерінің сотын ашық өткізуді талап етіп, баспасөз мәслихат өткізген адвокат Гүлнар Жуаспаева, жәбірленушілер Бекболат Исабеков пен Асқар Смағұлов (солдан оңға қарай). Алматы, 25 сәуір, 2023 жыл

93 беттен тұратын "Айыптау актісінде" оны Бас прокурордың аға көмекшісі Д.Ізбасаров дайындап, бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Біржан Мәжіренов биыл 12 ақпанда бекіткені жазылған. Құжатта оны әзірлеген мемлекеттік орган мен лауазымды адамның цифрлы қолтаңбасы да бар.

Азаттық интернетте тараған осы "айыптау актісіндегі" Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласында ұсталған бейбіт адамдарды азаптау іс-әрекеттері туралы деректермен танысып шықты. Онда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайының маңында ҰҚК қызметкерлері ұстаған адамдар "бостандығынан заңсыз айырылды" деп жазылған.

ҚАҢТАРДАҒЫ "СҮЗГІДЕН ӨТКІЗУ" ШАРАСЫ

"Айыптау актісінде" 2022 жылғы 6-7 қаңтарда ҰҚК қызметкерлері көшеде кездейсоқ ұсталған адамдардың арасынан "жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды, террористерді, мародерлерді, қыз зорлағандарды және экстремистік топ мүшелерін табу үшін "сүзгіден өткізу" шарасы жүргізілгені айтылған. Қаңтар дүрбелеңі кезінде Алматыдағы ҰҚК департаментінің жеке құрамы түгелдей "сүзгіден өткізу" шарасына тартылғанын департаменттің бұрынғы бастығы Нұрлан Мажилов та растаған. Мажилов Қаңтар оқиғасы кезінде "билігі мен қызмет лауазымын асыра пайдаланғаны" үшін биыл сәуірде 6 жылға сотталған.

Қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы басшысы "Руслан Ысқақовтың бастамасымен Ангарск көшесі 133 В мекенжайында орналасқан контейнердегі адамдарды Алматы әуежайының аумағына апару туралы шешім қабылданғаны, ол адамдарды Арман Жұмагелдиевтің тобы ұстағаны" жазылған.

Қазір тағы бір жабық сот процесінде тергеліп жатқан Руслан Ысқақовқа "қызметін асыра пайдаланды", "адамды бостандығынан заңсыз айырды", "қылмыстық топ құрып, басқарды" деген айыптар тағылған. Істе одан басқа 40-тан астам айыпталушы, соның ішінде "Жабайы Арман" деген лақап атпен танылған Арман Жұмагелдиев те бар.

Ақпанның аяғында интернетте тараған "айыптау актісінде" 6-7 қаңтарда Алматы әуежайы маңында және темір контейнерде азапталған 54 адамның 24-ін Жұмагелдиев бастаған топ Алматының әр жерінен күштеп ұстап, ұрып-соғып, қамап қойғаны жазылған. Кейін оларды ҰҚК қызметкерлеріне тапсырған. Сол үшін оларға қазір "адам ұрлады", "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "заңсыз қару сақтады" деген айыптар тағылған. Жұмагелдиев пен Қаңтар оқиғасы кезінде оның жанында жүрген 40-тан астам адам бұл айыптарды мойындамайды.

Сол 24 адамның ішінде болған 54 жастағы Бекболат Исабековтің айтуынша, 6 қаңтарда Жұмагелдиевтің адамдары оны қала ішінде такси қызметінде жүрген жерінен "Қазақстан" қонақүйіне алдап шақырған. "Қатарымызға қосыл" деген талап қойған. Исабеков одан бас тартып, кері бұрылған сәтте бір топ адам оны соққының астына алған.

Оны әуежайға жақын аудандардың біріндегі Ангарск көшесінде орналасқан контейнерге қамап, бір күнге жуық ұстаған. Сол контейнерде Исабековтен өзге тағы 23 адам болған. Солардың бірі – 44 жастағы Ербол Өтепбаев азаптаудан қаза тапты. Ол ҰҚК қызметкерлерінің қолына тигенге дейін аман болған.

– Ертеңіне [7 қаңтарда] есікті әскери қызметкерлер ашты, – деді Исабеков Азаттыққа. Олар өздерін құтқаруға келді екен деп қуанып кеткенін айтады. – Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады, олар бізді әуежай жақтағы темір бөлмеге апарып, тағы азаптады. "Сендер террориссіңдер, зорлық-зомбылық жасағансыңдар, адам өлтіргенсіңдер, Қазақстан сарбаздарына, ішкі істер ғимараттарына шабуыл жасаған адамсыңдар, сол үшін қағазға қол қоясыңдар, қол қоймасаңдар өлтіреміз" деп бізді 4-5 сағат азаптады, – деді Бекболат Исабеков.

"Айыптау актісінде" Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда "Жабайы Арманның" тобы ұстаған 24 адамды әуежайдағы темір контейнерге апарып, "сүзгіден өткізуді" ҰҚК өкілі Ұлан Жұманов ұйымдастырған деп жазылған. Оған ұсталғандар арасынан "жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды, террористерді, экстремистер мен мародерлерді тауып, қамау орнына апару" міндеті тапсырылған.

ҰҚК қызметкерлерінің "Жабайы Арман" тобы ұстап берген адамдарды контейнерге ұрып, теуіп тасып жатқан сәті. Алматы әуежайы, 7 қаңтар, 2022 жыл
ҰҚК қызметкерлерінің "Жабайы Арман" тобы ұстап берген адамдарды контейнерге ұрып, теуіп тасып жатқан сәті. Алматы әуежайы, 7 қаңтар, 2022 жыл

Арман Жұмагелдиев, Руслан Ысқақов және тағы 40-тан астам адамның ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу қорытындысында "ҰҚК қызметкерлерін "Жабайы Арманның" командасымен байланыстырған – Ысқақов" деп жазылған.

"Ангарск көшесі, 133В мекен-жайында орналасқан контейнерден әрі қарай "сүзгіден өткізу шараларын" жүргізу үшін Жұмагелдиев тобы ұстап, қамаған адамдарды әуежай аумағына көшіру туралы шешім Ысқақовтың бастамасымен қабылданды", – деп жазылған тергеу қорытындысында.

Жұмановқа ұсталған адамдарды "сүзгіден өткізу" туралы бұйрықты ҰҚК Алматы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Мұрат Әлімжанов берген деп көрсетілген. Ұсталған адамдар қамалған контейнерлер қай жерде тұрғанын Жұмановқа Ысқақов айтқан.

ҰҚК Алматы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлімжановқа тергеу кезінде "Неге бұл жұмысты тек Ұлан Жұмановқа тапсырдыңыз?" деген сұрақ қойылған. "Жұмановтың басқарма орынбасары ретіндегі негізгі жұмысы – ішкі контурда терроризмге қарсы іс-қимылмен байланысты болды. Сол үшін соған тапсырдым. Ал сол басқарманың тағы бір орынбасары Арықбаев сыртқы контур бойынша жұмыс істейтін" деп жауап берген.

Әскери қызметкерлер жәбірленуші деп танылған қалған 30-дан астам адамды 6 қаңтар күні түс мезгілінен бастап әуежай маңындағы аудандарда жүрген жерінен ұстаған. Оларды "сүзгіден өткізу" шарасына жауапты лауазымды тұлға ретінде ҰҚК Алматы департаментінің 10-басқарма бастығының орынбасары Асхат Шаймерденов бекітілген. Ол "Азаптау" бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға сотталды.

СОТ ҰЛАН ЖҰМАНОВТЫ АҚТАДЫ

Адвокат Дияр Разиевтің айтуынша, Жұмановтың біреуді ұрып-соққаны видеокамераларға түспеген.

– Ол әуежай аумағында өзіне тапсырылған жұмыстармен айналысты, – деді адвокат Азаттыққа берген сұхбатында.

"Жұманов Шаймерденовпен бірге әуежай маңындағы "сүзгіден өткізу" шарасына жауапты тұлға болды. Ол неге ұсталған адамдарды бірден тергеу не уақытша ұстау изоляторына апармаған?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына адвокат Разиев: "Бұл жабық соттың іс құжатындағы дерек, сондықтан айта алмаймын", – деп жауап берді.

Интернетте тараған "айыптау актісінде" прокурор "Жұманов қол астындағы қызметкерлердің адамдарды азаптауына үнсіз келісім берген, ұсталған адамдар жазықсыз екенін біле тұра, іріктеу жұмысын жалғастырған сол үшін кінәлі" деп тұжырым жасаған.

Адвокат Разиев 11 сотталушының ішінде тек біреуі [Ж.А.Утешев, "Азаптау" бабы бойынша 3 жылға шартты жаза алды] Жұмановтың қол астында қызмет еткенін алға тартты. Қалғандары басқа басқармада қызмет атқарған. Бірақ кей куәгер 7 қаңтар күні Жұмановтың бұйрығымен қозғалғанын айтқан. Мұны тергеуде ол жауапты болған басқарманың жедел уәкілі Д.О. Сағымбаев растаған деп жазылған актіде.

"2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 10:00-де Ұлан Жұмановтан ұсталғандарды әуежайдағы контейнерге алып келу туралы бұйрық түсті. Осыдан кейін Ж.А.Утешев екеуміз және сарбаздармен бірге оларды әуежайға алып келдік. Оны Ұ.Е.Жұмановқа баяндадық. 2-3 сағат өткен соң Жұмановтан ұсталғандарды Алматы қалалық тергеу изоляторына апару туралы бұйрық түсті. Тергеу изоляторына барғанымызда, олар ұсталғандарды қамауға алуға құқығы жоғын алға тартып, қабылдамай қойды. Өйткені оларды қамау туралы құжат жүзінде негіз жоқ еді. Оны телефон арқылы Жұмановқа баяндадым. Ол адамдарды қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына апаруды бұйырды. Бұйрығын орындадық", – деген Д.О. Сағымбаев сотқа дейінгі тергеуде. Автобуста онымен бірге Өтешов және ҰҚК департаментінің басқа да қызметкерлері болған.

Жәбірленушілер уақытша ұстау изоляторына жеткізілгеннен кейін де азапталғанын айтқан. Бұл бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін "айғақ жоқ" деген себеппен тоқтап қалған.

Ақталған Ұлан Жұманов (қара күлапараны баса киіп алған) пен шартты жазамен босап шыққандардың бірі (көк кепкада). Алматы, 8 желтоқсан, 2023 жыл
Ақталған Ұлан Жұманов (қара күлапараны баса киіп алған) пен шартты жазамен босап шыққандардың бірі (көк кепкада). Алматы, 8 желтоқсан, 2023 жыл

Куәгердің сөзіне сүйенсек, қаладағы тергеу изоляторы ҰҚК қызметкерлері алып келген адамдарды "заңсыз" ұсталған деп қабылдамай қойған.

Сотқа дейінгі тергеуде жауап берген Жұманов марқұм Өтепбаев пен тағы бірнеше жәбірленушінің суық күнде жерде жатқанын, басқа әріптестерінің адамдарды ұрып-соғып жатқанын көргенін айтқан. Бірақ оларға "доғарыңдар" деп айтқаны немесе айтпағаны туралы мәлімет жоқ.

"Айыптау актісінде" прокурор "ҰҚК қызметкерлері адамдарды контейнерде ас-сусыз қамап, істемеген қылмысты мойындатқызу үшін ұрып-соққанымен қоймай, оларды заңсыз ұстаған" деп жазған.

Бірақ тергеуде бұл бойынша ешкімге айып тағылмаған. Адвокат Гүлнар Жуаспаева сот процесі кезінде сотталушыларға "заңсыз ұстау", "бас бостандықтан заңсыз айыру" баптарымен айып тағуды сұраған. Оған судьяның қандай жауап бергені белгісіз. Жуаспаева үкім шыққалы бір апта өтсе де әлі қолына тимегенін айтты.

Оннан астам жәбірленушінің адвокаты Гүлнар Жуаспаева олардың ешқайсысына қатысты бүгінге дейін қылмыстық іс қозғалмағанын айтты. Оның сөзінше, "Жабайы Арманның" тобы ұстап әкетіп, ҰҚК-ге өткізген адамдар жаппай тәртіпсіздік кезінде емес, біреуі азық-түлік алуға шыққанда, біреуі банкоматқа келгенде, енді бірі көлік айдап, зат тасып, жұмыс істеп жүрген жерінен ұсталған.

ҰҚК қызметкерлерінің "Жабайы Арман" тобы ұстап берген адамдарды контейнерге ұрып, теуіп тасып жатқан сәті. Алматы әуежайы, 7 қаңтар, 2022 жыл
ҰҚК қызметкерлерінің "Жабайы Арман" тобы ұстап берген адамдарды контейнерге ұрып, теуіп тасып жатқан сәті. Алматы әуежайы, 7 қаңтар, 2022 жыл

Адвокаттың айтуынша, сотталған 10 адам желіде таралып кеткен видеода көрінген қылмысы үшін және азапталған адамдардың сөзі бойынша жаза алды. Бәрі де тергеуде айыбын мойындамаған. Жұмановтың адвокатының айтуынша, істе 54 жәбірленуші болғанымен, көбі сотта ҰҚК қызметкерлері ұрғанын растаған, бірақ кешірген.

Жәбірленушілердің тағы бір адвокаты Айнара Айдарханованың айтуынша, сотталушылар сот басталмай тұрып, жәбірленушілерге қомақты қаржы ұсынып, арызынан бас тартуды талап еткен. Азаттық сөйлескен 2-3 жәбірленуші ҰҚК қызметкерлері көрсеткен азапты ұмыта алмайтынын, кешірмейтінін айтты. Қалған 50-ден астам жәбірленушімен байланысу мүмкін болмады.

Судья сотталғандардың бәрін атақ-шенінен, 3-5 жылға дейін мемлекеттік органда, құқық қорғау, қауіпсіздік құрылымдарында жұмыс істеу құқығынан айырды. Ал ақталып шыққан Ұлан Жұманов жұмысын жалғастыра алады.

Судья Қаңтар кезінде ұсталып, басынан, кеудесінен алған ауыр соққылардың салдарынан көз жұмған 44 жастағы Ербол Өтепбаевтың жесіріне 20 миллион теңге моральдық шығынды сотталушылардан өндіріп алу туралы қаулы шығарды. Ауырлығы орташа және жеңіл жаза алған бірнеше жәбірленушінің 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін шығын өндіріп алу туралы берген арызын ішінара қанағаттандырды. Кейбірінің шығын өндіру туралы өтініші кері қайтарылды.

Алматы әуежайындағы азаптау оқиғасының куәгерлері мен жәбірленушілер ҰҚК-нің 11 қызметкерінен бөлек, прокуратура, қарулы күштер сарбаздары сынды өзге де құзырлы орган өкілдері жүргенін, оларға да жауапкершілік арту керек екенін айтқан. Бірақ бұл істе олардың көбі күдікті емес, куәгер ретінде қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG