Accessibility links

Ленин ескерткішінен шыққан дау: ШҚО тұрғыны "сепаратистік пікірі үшін" бес жылға сотталды


Алтайда құлаған Ленин ескерткіші. Сурет yk-news.kz сайтынан алынған.
Алтайда құлаған Ленин ескерткіші. Сурет yk-news.kz сайтынан алынған.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай аудандық соты Instagram әлеуметтік желісінде “Шығыс Қазақстан облысын Ресейге қосу керек” деп пікір жазған 43 жастағы аудан тұрғынын “сепаратизм” бабы бойынша бес жыл түрме жазасына кесті. Оның кәмелетке толмаған баласы бары ескеріліп, жазаны орындау мерзімі бес жыл кейін шегерілген.

13 желтоқсанда шыққан сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Үкімге қатысты апелляциялық шағым түсе ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Іс материалында айыпталушы "Совет одағын қайта құру және Шығыс Қазақстан облысының аумағын Ресейге қосу” идеясын ұстанып, Қазақстанның тұтастығын бұзуды “насихаттаған” деп жазылған.

Сот құжаттарына сүйенсек, айыпталушы сотта “Қазақстан Конституциясын бұзу туралы жаман ниеті болмағанын”, жазған пікіріне “өкінетінін” айтып, кешірім сұраған.

Биыл тамызда Алтай қаласында жөнделіп жатқан Ленин ескерткіші құлап, бүлінген. Осы сәттің видеосы Instagram-да тарағанда, әлеуметтік желі қолданушылары ескерткішті орнына қою-қоймау мәселесін де қызу талқылаған. Сот қаулысына қарағанда, айыпталушы осындай видеолардың біріне ескерткіштің “құлатылғанына” наразы екенін айта келе, Шығыс Қазақстан “ерте ме, кеш пе Ресейге қосылады” деген пікір қалдырған. Оның пікірі кейбір адамдардың наразылығын туғызған.

Полиция 18 тамызда Ленин ескерткішінің құлауы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған, бірақ нәтижесін әлі жариялаған жоқ.

Мамырда Алтай аудандық мәслихаты ескерткішті жөндеуге бюджеттен 1.5 млн теңге бөлуді мақұлдаған. Жергілікті халық “идеологиялық жағынан ескірген” мүсінді алып тастауды ұсынған. Бірақ билік оның жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізімінде тұрғандықтан жөнделуі керегін, “апатты күйде қалдыруға болмайтынын” айтқан.

Биыл Қазақстанда "сепаратизм" бабы бойынша бірнеше іс сотта қаралды. Петропавлда "тәуелсіздік" жариялаған "халық кеңесінің" төрт мүшесі түрмеге кесілді. Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында "сепаратистік әрекет жасады" және "алауыздық қоздырды" деп айыпталған жергілікті екі тұрғынға үкім оқылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG