Accessibility links

2024-тен не күтеміз? Азаттық сарапшыларының болжамы


Азаттық тілшілері мен сарапшылары 2024 жылы әлемде және Орталық Азияда қандай өзгерістер болатыны жөнінде ойларын бөлісті.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС. ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ БАР МА?


Виталий Портников:

Журналист Виталий Портников
Журналист Виталий Портников

2022 жылы қыркүйекте Украина генералдары Валерий Залужный мен Михаил Забродский Ресейдің Украинаға агрессиясы ұзаққа созылатын кикілжіңге айналып бара жатқанын ескертті. Кейінгі 15 айға көз жүгіртсек, не Ресей, не Украина майданда елеулі жетістікке жетпейді.

2023 жылдың соңында бақылаушылар былтырғы тақырыптарды қайта талқылап, Украинаның қарымта шабуылының әлеуеті, Батыс елдерінің әскери көмегі, “тұйықталған кикілжің” ықтималдығы, Киевтің қауіпсіздік кепілдігі, НАТО саммитінің алдындағы еуроатлантикалық интеграция мүмкіндігі туралы айтты.

2024 жылдың соңында дәл осы мәселелер өзекті болып қалуы мүмкін. Кремль Украинаның оккупацияланған аудандарын босату туралы келіссөз жүргізуге түбегейлі қарсы. Украина да аумақтық тұтастықты қалпына келтірсек қана толық жеңіске жеттік деп санаймыз дейді.

2024 жылы Украина оккупацияланған аудандарын азат етсе де, Ресей қосымша аймақтарды басып алса да, бұл соғысты тоқтататын саяси шешімнің шеті көрінді дегенді білдірмейді. Қазір тараптар тығырыққа тірелгенін мойындауы керек.

Ресей президенті Владимир Путин Совет империясын болмаса да, оның ықпал ету аймағын қайта қалпына келтіргісі келеді. Ал Украина оккупацияланған аудандарын қайтару үшін ғана емес, мемлекеттігін, саяси болмысы мен ұлттық бірегейлігін қорғау үшін күресіп жатыр. Киев аумақтық тұтастығын қалпына келтіру үшін Батыстың қолдауына мұқтаж. Бірақ бұл қолдау Батыс елдері мен Ресейдің ашық текетіресіне айналып кетпеуі керек.

Соғыс тараптардың бірі бар ресурсынан айырылғанда ғана тоқтайтын сияқты. Украина Батыс елдері өзін тұрақты қолдайды деп үміттенеді, ал Ресей мұнай және газ саудасынан түскен пайдаға арқа сүйеп отыр. Сондықтан 2024 жылы былтырғы тенденциялар қайталануы мүмкін. Сыртқы факторлар (мысалы, АҚШ-тағы президент сайлауының қорытындысы) өзгерсе де, 2025 жылға дейін айтарлықтай өзгеріс бола қоймайды.

Бірақ Газа секторындағыдай ірі қақтығыс ошақтары пайда болуы ықтимал. Бұл Батыстың ресурсының сарқылуына әсер етеді. Украинадағы соғыс Батыс елдері бұрынғы әлемдік тәртіпті қайтару мүмкін емесін түсінгенше жалғаса береді. Жаңа әлемдік тәртіп орнату үшін агрессиядан зардап шеккен елдерге шынайы қауіпсіздік кепілдігін беру, Ресейдің тікелей келісімінсіз әскери қимылдар аймағын шектеу сияқты дәстүрлі емес әдістер қажет.

Әзірге ондай шаралар байқалмайды, ал Ресей түбінде өз мақсатына қол жеткізу мүмкін емесін түсінеді деген иллюзия Путинге одан әрі күш беріп жатыр. Сондықтан Ресей мен Украина арасындағы соғыс жалғасады. Бұл бүкіл әлемдегі жаңа аймақтық қақтығыстарға жол ашады.

РЕСЕЙ, УКРАИНА ЖӘНЕ БАТЫС ЕЛДЕРІ. ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСҚА ЖАҚЫНДАП ҚАЛДЫҚ ПА?

Сергей Медведев:

Сергей Медведев
Сергей Медведев

Биыл Украина үшін ғана емес, көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатқан бүкіл халықаралық жүйе үшін де сындарлы жыл болады. Ең үлкен сынақтардың бірі — әлемдік тәртіпті күйретіп, қайта құрғысы келетін, реваншистік мүддеге толы, ызалы Ресей. Владимир Путин Үшінші дүниежүзілік соғыс жүргізіп жатыр, ал Украина ғаламдық қарсылық символы іспетті.

Батыс санкцияларына қарамастан, Ресей әскери салада, ішкі саясат пен халықаралық аренада позициясын күшейтіп үлгерді. 2022 жылғы сәтсіздіктерден кейін Ресей майдандағы жағдайын түзетіп, қару-жарақ пен жұмыс күші тапшылығы мәселесін шешіп алды. Қоғамда жасырын наразылық болғанымен, халық соғысты ашық сынауға дайын емес. Азаматтардың көбі мемлекеттік пропаганда құрбаны болып отыр.

Осыны ескеріп, 2024 жылға мынадай төрт сценарий ұсынамын:

Украинада тараптар стратегиялық тығырыққа тіреліп, халықаралық жүйеде берекесіздік басталады.

30 жыл бойы бейбітшілік дивидендіне үйреніп қалған Батыс елдеріне 1980 жылдардағы батылдық жетпейді. Батыстың осыған дейінгі көшбасшылары нацистік Германияға соққы беріп, СССР-дің тарауына ықпал еткен еді. Путиннің бейбіт елге ауыз салуы Гитлердің әрекетіне ұқсайды. Бірақ оған қасқайып қарсы тұратын Рузвельт пен Черчилль табылмай тұр. Бұл сценарийдің шындыққа айналу ықтималдығы: 70 пайыз.

Соғыс өршіп, Украина бөлінеді.

Ресей Украинадағы позициялық соғысын жалғастырып, азаматтық инфрақұрылымды жойып, НАТО-ны тексеру үшін Грузия, Молдова, Литва немесе Польшаға соққы бере алады. Бұл елдерге тікелей басып кіруі екіталай. Беларусь аумағынан белгісіз топтар көмегімен операция жүргізіп, Балтық елдеріндегі орыстілді халық арасында толқу ұйымдастыруы мүмкін. Кремльдің операциясы әлемнің кез келген елінде болуы ықтимал. Украина үкіметі екіге жарылып, ел ішінен бүлік шығады. Ықтималдық: 15 пайыз.

Ресей жеңіледі.

Мәскеу майданда жеңіліс тауып, Украина жерінен жартылай немесе толық кетеді. Батыс елдері әскери көмегін аямай, F-16 ұшағын немесе “Абрамс” танкілерін жіберіп, Украинаның әуе кеңістігін жапса, осындай нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Жеңілген, ызалы Ресей кек қайтаруға бекініп, Путин режимінің айналасына бірігеді. Ықтималдық: 10 пайыз.

Ресей күйрейді.

Украинада жеңіліс тапқаннан кейін елде әлеуметтік толқу басталып, элита арасындағы тартыс мемлекеттік төңкеріске ұласады. Бұл президентті биліктен тайдыруға немесе оның өліміне әкеліп соғуы мүмкін. Путин өздігінен өмірден өтсе де, тақ үшін талас басталады. Ел ішінде хаос басталып, 1917 немесе 1991 жылғыдай Ресейдің шет аудандары — Калининград, Шешенстан, Қиыр Шығыс бөлініп кетеді. Ядролық қарудан қауіптенген шет мемлекеттер Ресейдің ішкі ісіне араласып, денуклеаризация жүргізуі мүмкін. Бұл болашақ Солтүстік Еуразия мемлекеттігіне жол ашады. Ықтималдық: 5 пайыз.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ: РЕСЕЙДІ ЕСЕПТЕН ШЫҒАРУҒА ӘЛІ ЕРТЕ

Крис Риклтон:

Крис Риклтон
Крис Риклтон

Өзбекстан

Империя жауап соққы бере ме? 2023 жыл Ресейдің Орталық Азиядағы рөлі үшін ауыр болды. Өйткені Мәскеудің бұрынғы колониялары дипломатиялық көкжиегін кеңейте бастады.

Ресей Украинадағы соңы көрінбейтін соғыстан шыға алмай қалды. Орталық Азия елдері бұл мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысты: олар АҚШ, Германия басшыларымен кездесу өткізді, ал Франция президенті Эммануэль Макрон Қазақстан мен Өзбекстанға ресми сапармен келіп, миллиардтаған инвестиция ұсынды. Қытай мен Түркия да өңірдегі ықпалын күшейтті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон "Этноауыл" ұлттық көрмесінде. Астана, 1 қараша 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Франция басшысы Эммануель Макрон "Этноауыл" ұлттық көрмесінде. Астана, 1 қараша 2023 жыл.


Бірақ Ресейді есептен шығаруға әлі ерте. Биыл Мәскеу Өзбекстанға жылына 3 миллиард м3 газ жіберу туралы келісімге отырды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш артуы мүмкін.

Ресей Қазақстан мен Өзбекстандағы электр энергиясының тапшылығын көршілеріне ықпал ету тетігі ретінде пайдаланып отыр. Қос мемлекет те келер жылдары атом электр станциясын салуға қадам жасап жатыр. Бірақ бұл жоба да Ресейдің қатысынсыз жүзеге аспайтын сияқты.

Ресей Украинада жақсы нәтиже көрсетсе, жақын көршілері — Орталық Азия елдерінде өзін сенімді ұстай бастайды.

Тәжікстан мен Түркіменстан

Тәжікстан халқы билік ауысқанын күткелі қашан. 2024 жылы жағдай өзгере ме? Жоқ.

2016 жылы Тәжікстанда президент Рахмонның билігін күшейтетін конституциялық өзгерістер қабылданды. Олардың арасында президент сайлауына қатысу жасын 35-тен 30-ға түсіру сияқты өзгеріс те болды.

Бұл өзгеріске президент Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали мүдделі еді. Қазір Рустам 36 жаста, оның жоғары саяси лауазымы бар, бірақ елдегі нөмірі бірінші тұлға болудың ауылы алыс сияқты. Бәлкім, әлі уақыты келмеген болар.

Рустамның президент болу уақытының кешеуілдеуіне коронавирус пандемиясынан Таулы Бадахшан өңіріндегі наразылықты күшпен басуға дейінгі әртүрлі сылтаулар айтылды.

Рахмон Түркіменстан президенті былтыр билігін ұлына тапсырғаннан кейін ештеңе өзгермегенін ойлаған шығар. Жаңа президент Сердар Бердімұхамедов қолына билік тисе де, әлі күнге әкесінің көлеңкесінен шыға алмай отыр.

Гурбангулы Бердімұхамедовтің қалағаны да осы еді. Ол зейнетке шықса да, ұлы мен бүкіл үкімет аппаратын өзіне бағындырып алды. Бұл “Билікті уысынан шығаруға дайын болмаса, өз орнында неге қала бермеді?” деген заңды сұрақ туғызады.

Қазақстан мен Қырғызстан

Қарашада X (бұрынғы Twitter) желісінде Халықаралық валюта қорының бұрынғы экономисі “Ресейге санкция салынған тұста Қырғызстан “сынақ алаңына” айналды” деді. Робин Брукс елді “Ресейге тауар жіберіп отырған маңызды серіктес” деп сипаттайды.

Ресми дерекке сүйенсек, Мәскеу маңызды рөл ойнайтын Еуразия экономикалық одағы елдері Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектесіп отыр. 2019 жылмен салыстырғанда Еуразия экономикалық одағының кей мемлекеттерінен Қырғызстанға экспорт көлемі 1000 пайызға өскен. Қазақстанға экспорт көлемі де осыған ұсқайды. Азаттық зерттеуі Қырғызстан мен Қазақстан компаниялары Ресейге әскери маңызы бар тауарлар жіберіп келгенін көрсетті.

Беларусь — Ресейдің Украинамен соғысын қолдағаны үшін санкцияға іліккен жалғыз одақтасы. 2024 жылы не өзгереді?

Орталық Азия елдері соғысты саяси және әскери тұрғыдан қолдауды талап еткен Ресейдің қысымына төтеп беруге тырысып жатырмыз дейді. Олар тіпті, “Ресейге Қытай көбірек көмектесіп отыр” деп ақталуы мүмкін.

Батыстың санкция режимін бұзған компанияларға қарсы күресі сәтсіздікке ұшырайды. Осылай Батыс дипломаттары өңір мемлекеттерінің ниетіне разы болғанымен, олардың төзімі таусылуы мүмкін. Солай болса, мұның салқыны бірінші болып Қырғызстанға тиеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG