Accessibility links

Асхат Ниязов WhatsApp аккаунты бұзылғанын хабарлады


Журналист Асхат Ниязов өзі мен туыстары және әріптесінің WhatsApp аккаунттары бұзылғанын хабарлады. Айтуынша, өзінен бөлек әйелі, ата-анасы мен әріптесі Назымгүл Күміспаева да желіге қосыла алмаған.

"Достар, менің Whatsapp-ымды бұғаттап тастады. Инстаграм немесе телеграмға жазыңыздар. Түнде әйелім, анам мен әкем және Назымгүлдің де Whatsapp-ын жауып тастапты. Оңбағандар, ата-анамның не қатысы бар?..." деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.

Журналист ақпарат құралдарына келесі аптада полицияға арыз түсіретінін айтқан.

Ниязов бұған дейін Instagram-дағы парақшасы мен Telegram-дағы арнасына шабуыл жасалып, YouTube-арнасындағы видеоларға түрлі аккаунттан "қоқан-лоқы сипатындағы" мыңдаған пікір келгенін хабарлаған. Айтуынша, жарнама берушілер де келісімді тоқтатқан.

Журналист парақшаларға жасалған шабуылды "қорқыту талпынысы" деді.

Бұған дейін елдегі жемқорлықты әшкерелеп жүрген ProTenge сайты да Инстаграм парақшасына шабуыл жасалғанын хабарлаған. ProTenge жобасының негізін қалаушы Жәмила Маричева 8-10 қаңтар аралығында Инстаграм парақшаларына төрт шабуыл жасалғанын айтқан. Қазір аккаунты қалпына келген.

Бұған дейін ҚазТАГ сайты да интернет-ресурсқа Ddos-шабуыл үдегенін мәлімдеген.

Ақпарат министрлігі кейінгі күндері жиілеген бұғаттау жөнінде әзірге пікір білдірмеді.

21 желтоқсан және 4 қаңтар аралығын қамтитын есебінде "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы shishkin _like медиажобасының Tik Tok желісін де біреулер бұғаттауға тырысқанын жазды.

"Әлеуметтік желілерге қолданылатын тактика – жаппай шағым. Бұған қоса, тез қимылдайды: мақала жарияланғаннан кейін бірнеше сағаттан соң [шағым түсе бастайды]. Бұған дейін Қостанай облысы бойынша видеоларымызды бұғаттаған. Қазір Дариға Назарбаева мен оның балаларының активтері бойынша видеоларды жауып тастады" деп жазды журналист Дмитрий Шишкин Facebook парақшасында.

Саяси тақырыпта контент жасап, Қаңтар оқиғасы соттарынан хабар таратып жүрген блогер Дидар Қайыровтың да Инстаграм парақшасы кейінгі бір айда 4 рет өшірілген. Төртеуінде де “аккаунт жұмысын тоқтатты” деген хабарлама шыққан. Қайыров Интаграм әкімшілігіне шағым түсірген соң “ереже бұзбаған екенсіз” деп парақшасын қайта қосып берген.

"Әділ сөздің" мәліметінше, небәрі екі аптада жоғарыда аталған медиалардан бөлек, "Просто журналистика" YouTube-арнасының авторы, тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров та аккаунтының бұзылғанына шағымданған. Саяси тұтқындарды қолдауға бағытталған "Еркіндік марафоны" алдында белгісіз біреулер оның Kolesa.kz сайтындағы аккаунтын бұзып кіріп, көлік сататыны жөнінде хабарландыру жариялаған. Журналистің телефон нөмірін де көрсетіп қойған.

"Енді көлік сатып алғысы келетіндер хабарласып, телефоным үздіксіз безілдеп жатыр. Аккаунтты бұзғандар көлігімді жақсы бағамен қойған, ондайда көлік сатып алғысы келетіндер әрине көп болады" деді Лұқпан Ахмедияров Facebook парақшасында.

“Әділ сөз” ұйымының 15 желтоқсандағы есебінше, былтыр елде түрлі БАҚ пен журналистерге 31 рет кибершабуыл жасалған. Ұйым өкілі мұны “сөз еркіндігін шектеу”, “журналистерді қорқыту” деп атады.

Қазақстан конституциясында цензураға жол жоқ екені анық жазылса да билікті сынайтын саяси бұқаралық ақпарат құралдары жиі бұғатталып, кибер шабуылдарға ұшырайды. Freedom House халықаралық ұйымы өз есебінде Қазақстанды ұзақ жылдан бері интернеті еркін емес мемлекеттер қатарына қосып жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG