Accessibility links

Журналист-зерттеушілер Украинадағы соғыста Ресей жағы кемінде 41 мың адамынан айырылғанын анықтады


Ресейлік солдатты жерлеу рәсімі. Санкт-Петербург 2023 жыл.
Ресейлік солдатты жерлеу рәсімі. Санкт-Петербург 2023 жыл.

BBC-дің Орыс қызметі және "Медиазонаның" журналист-зерттеушілері Ресей Украинаға басып кіргелі бері 2024 жылдың 12 қаңтардағы жағдай бойынша соғыста кемінде 41 731 ресейлік әскери қызметкер қаза болғанын анықтады. Бұлардың 7 717-сі — тұтқындар, 5 005 —мобилизацияға ұшырағандар.

BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" Ресей Украинаға басып кіргелі бері қаза болғандарға есеп жүргізіп келеді. Олар тек ашық дереккөздерге ғана сүйеніп жатыр: ресми құжаттар, шенеуніктер ақпараты, БАҚ материалдары, марқұмдардың жақындарының жазғандары, зираттағы деректер. Журналистер бұл мәлімет толық емес екенін ескертеді. Тізімге аты-жөні мен көмілген орны анықталған азаматтар ғана енген.

Бұл тұрғыда аймақтар бойынша Краснодар өлкесі (1 620 марқұм), Свердлов облысы (1 441 марқұм), Башқұртстан (1 332 марқұм) және Челябинск облыстары (1 184 марқұм) алда тұр. Бұған қоса, Мәскеуден соғысқа кеткен – 449, Санкт-Петербургтен 470 адамның қаза болғаны белгілі.

2023 жылы көктемде Ресей мемлекеттік думасы қорғаныс министрлігіне 18 жастағылармен келісімшарт жасауға рұқсат бергеннен кейін Украинадағы соғыста 18-19 жастағы кемінде 53 жалдамалы әскери қызметкер қаза болғанын журналистер анықтады.

2023 жылдың сәуірі мен 2024 жылдың қаңтары аралығында 2004 жылғы – 48 адам, 2005 жылғы 5 адам өлген. Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, соғысқа кеткен 18 жастағы Стас Сильченков былтыр 17 қарашада қаза болғаны белгілі болды.

Сильченков 2005 жылы 20 мамырда дүниеге келген. 2023 жылы Смоленскідегі № 24 мектепті бітірген.

"Мектептен кейін ол Смоленск облыстық технологиялық академияға түсті. Оқуын аяқтамай жатып, құжаттарын алып алды. 5 қыркүйекте келісімшартқа отырды, 17 қарашада алғы шепте жүріп қаза болған" деді анасы Ирина Сильченкова BBC-дің Орыс қызметіне.

Журналист-зерттеушілердің сөзінше, келісімшарт жасасқандармен қатар әскери борышын өтеп жүрген 18 жастағы бозбалалар соғысқа бара салысымен оққа ұшып жатыр. Журналистер осындай 84 адамның аты-жөнін анықтаған. 14-і – 2022 жылы сәуірде батырылған "Мәскеу" крейсерінің теңізшісі болған.

XS
SM
MD
LG