Accessibility links

Белсенді Макс Боқайға айыппұл салынып, ескерту жасалды


Макс Боқай, Алматы, 28 тамыз, 2023 жыл
Макс Боқай, Алматы, 28 тамыз, 2023 жыл

Атыраулық белсенді Макс Боқайға "сот шешімін орындамады" деген себеппен айыппұл салынды. Бұған қоса полиция оған "әкімшілік қадағалау қағидаларын бұзғаны үшін" ескерту жасады.

2016 жылы жер митингінен соң бес жылға сотталып, түрмеде отырып шыққан Макс Боқайға 13 қаңтарда пробация қызметкерлері "профилактикалық әңгіме жүргізуге" келіп кеткен. Арада бір сағат өтпестен қалалық полиция басқармасының төрт қызметкері Атыраудағы үйіне тағы келіп, былтыр қарашада YouTube желісіндегі "Политон клубы" арнасына сұхбат бергені үшін және өзінің Facebook парақшасында диссидент Арон Атабектің туған күні – 31 қаңтарды саяси тұтқындар күні деп жариялауды ұсынғаны үшін әкімшілік хаттама толтырып кеткен. Ертесінде сот болып, оған "сот шешімін орындамағаны үшін" 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде 18 460 теңге (41 АҚШ доллары) айыппұл салынған.

Ал дүйсенбі, 15 қаңтарда, Атырау қалалық полиция басқармасына шақырып, "Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің" 480-бабының 1-тармағын (бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын немесе өзiне қатысты сот белгілеген шектеулерді орындамауы) бұзғаны үшін ескерту жасау жөнінде қаулы тапсырған.

Макс Боқай 2016 жылы сәуірде үкіметтің жер реформасына қарсы шеруге қатысқаннан кейін сол жылдың қараша айында "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталды. Ол 2021 жылдың 4 ақпанында қамаудан шықты. Оған сол жылы 18 ақпанда Атырау қаласының №2 соты үш жылға әкімшілік қадағалау орнату бойынша төрт әкімшілік шектеу қойды. Оған Атырау қаласынан рұқсатсыз шығуға, жұмыс күндері түнгі оннан таңғы алтыға дейін және мереке мен демалыс күндері жұмысқа қатысты міндеттемесінен бөлек тұрғылықты жерінен шығуына, көше, алаң, парк және скверлерде, көңіл көтеретін орындарда және басқа да қоғамдық орындарда қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылап, пікір білдіруге тыйым салынды. Одан бөлек, әкімшілік бақылау мерзімі ішінде полиция органдары бекіткен уақытта тіркелу үшін Атырау қалалық полиция басқармасына айына бір рет келіп кетуі тиіс болды.

Бұған дейін Атыраудағы сот облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өтініші бойынша Боқайға үш жыл әкімшілік қадағалау тағайындаған. Белсенді бұл шектеуге апелляциялық шағым түсіргенімен, Атырау облыстық соты оның шағымын қанағаттандырмады.

Макс Боқай бұл шектеулер бойынша дәл қазір әкімшілік шектеу қойылып жатқанын бір айдан бері жалғасып жатқан Жетібайдағы ереуілмен байланыстырады. Оның айтуынша, билік сол арқылы оның әкімшілік қадағалау мерзімін ұзартуды көздеп отыр.

– Бұл әрекетті мені жіпсіз байлау деп есептеймін. Әйтпесе, 2021 жылы да алаңға шығып, сұхбат та беріп жүрдім, мені соттауға сол кезде-ақ материал жеткілікті еді. Әкімшілік қадағалау туралы заңда "әкімшілік қадағалау мерзімі аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері өтініш жасаса, сот қадағалау мерзімін ұзартуға хақылы" деп жазылған. Мені әкімшілік қадағалау мерзімі осы жылдың наурызында аяқталатын еді. Меніңше, тағы бір себеп – бір айдан асқан Жетібайдағы ереуіл. Полиция қызмектерлері халық мұнайшыларға болысады немесе олардан үлгі алады деп қорқып отырған шығар. Мұны соған байланысты алдын ала шаралар деп есептеймін, – деп топшылайды белсенді.

Макс Боқай 2021 жылдың 4 ақпанында қамаудан шыққаннан кейін Атыраудағы Исатай – Махамбет алаңына барып саяси пікір білдірген. Содан соң алаңға барып, Қазақстан Конституциясын өзгертуді, "ұлттық диалог жасауды" талап еткен.

Бұған қоса ол тек партия мүшелері ғана мәслихат депутаттығына түсе алады деген ереже енгізілген заңдарға қол қойған сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты және мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинді сотқа беріп, жеңілген.

Макс Боқай былтыр қаңтарда өткен сенат сайлауына, наурызда өткен мәжіліс сайлауына кандидат ретінде тіркелмек болған. Бірақ сайлау комиссиясы оны "соттылығын өтемегені үшін" депутаттықтан үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG