Accessibility links

"Назарбаевқа ескерту" ме? Нұрқаділовке ескерткіш ашу ұсынысының сыры


Оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов. Алматы, 3 ақпан, 2005 жыл
Оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов. Алматы, 3 ақпан, 2005 жыл

Туғанына биыл 80 жыл толған Заманбек Нұрқалділовке өткен аптада Алматыда ас берілді. Марқұмның отбасына президент Қасым-Жомарт Тоқаев хат жолдап, саясаткерге ескерткіш қоюды ұсынды. 2006 жылы "Нұрқаділов өз-өзін үш рет атып өлтірді" деген тергеу қорытындысын жариялаған Қазақстан билігі былтыр, 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін де "Нұрқаділовтің ісін қайта қарауға негіз жоқ" деген еді. Арада бір жыл өткенде Нұрқаділов жөнінде биліктің көзқарасы өзгерді ме?

БҰЛ "САЯСИ БАҒАНЫҢ БАСЫ" МА?

Заманбек Нұрқаділовтің асында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың марқұмның отбасына хат жолдағаны туралы жаңалық әлеуметтік желі мен баспасөзде тарап, жұртшылық назарын аударды.

Баспасөз хатшысы Берік Уәли оқып берген Тоқаевтың хатында Заманбек Нұрқаділов "егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарған тұлға" ретінде сипатталған.

"Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру – ұрпақ парызы. Осы орайда Зәкеңнің туған жері Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш қою және Алматыдағы тұрған үйне ескерткіш тақта орнату қажет деп санаймын" дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Парламент мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан "Берік Уәли мырза қалың көпшілікке ресми көңіл хатты жеткізгенде толқымаған адам кемде-кем болған шығар… Себебі қоғам осы жылы сөзді 19 жыл күтті! Ел президентінің бұл ресми хаты – саяси бағаның басы!" деп жазды.

Депутаттың жазуына қарағанда, Заманбек Нұрқаділовтің асына парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та барша депутаттар атынан ресми хат жолдаған.

Асқа Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Алматы және Жетісу облыстарының басшылары, парламент депутаттарынан өзге "Ескі Қазақстанда" Алматы облысы мен аудандарын басқарған бұрынғы шенеуніктер де қатысқан.

Заманбек Нұрқаділов кім?

Заманбек Нұрқаділов – Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері. Әр жылдары Алматы қаласының және облысының әкімі, мәжіліс депутаты, төтенше жағдайлар агенттігің төрағасы сияқты лауазымды қызметтер атқарған. 2004 жылы наурызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын сынап мемлекеттік қызметтен екінші рет кеткен Заманбек Нұрқаділов елдегі оппозиция қатарына қосылып, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитет құратынын жариялаған.

Оппозицияда жүргенде ол Назарбаев пен оның айналасындағы жемқорлық туралы мәлімдемелер жасап, президенттен отставкаға кетуді талап еткен.

2005 жылғы 12 қарашада Алматыдағы үйінде оның атылған денесі табылды. Тергеу саясаткер «өз-өзіне қол салған» деген қорытынды жасады.

Жиырма жылға жуық уақыт үнсіз келген жоғары билік өкілдерінің өмірінің соңында Назарбаев режимін қатаң сынаған Нұрқаділовті еске алу асына жария түрде қатысуы, оны мақтап сөйлеуі біреуді таңырқатса, енді бірі мұны "екіжүзділікке" балады.

Нұрқаділовке ескерткіш орнату "саяси баға" ма, "екіжүзділік" пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Мәселен, Ерқанат Тәукебаев есімді желі қолданушысы Facebook-та "2014 жылы [Нұрқаділовтың] 70 жасына орай ұйымдастырылған асқа биліктен ешкім келмеген! Бүгін солардың көбі Заманбек туралы айта бастады, кейбіреуі асқа келді! Адамның асқа баруына режим де әсер етеді екен! Және бұл екіжүзділік!" деп жазды. Ал Мадия Торебаеваның жазуынша, бұл ас – "Заманбек Нұрқаділовтің ақталғанын білдіретін ас" болған.

"ТОҚАЕВТЫҢ ХАТЫН ҮШ КҮН ҚАЛҒАНДА БІЛДІМ"

2014 жылы Нұрқаділовтің 70 жылдығына арналған үлкен асты ұйымдастырушылардың бірі Ғабиден Жәкей Азаттық тілшісімен әңгімесінде бұл жолы асқа билік өкілдерінің келгеніне қатты таңырқағанын айтты.

– Асты Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат пен қызы Құралай Нұрқаділовтер ұйымдастырды. Бұрын билікке оппозициялық көңіл-күйдегі адамдар ғана келетін. Бұл жолы оларға шенеуніктер де қосылып, Заманбектен мадақты аямады, – деді ол.

Қайрат Нұрқаділовтің Азаттық тілшісіне айтуынша, асқа келгендердің бәрін бір ай бұрын өзі шақырған.

– Олар – әкеммен бірге жұмыс істеген адамдар. Сондықтан келгендеріне таңғалмадым, –деді ол.

"Президенттің сәлем хатын алдын ала білдіңіз бе?" деген Азаттық сұрағына:

– Ол жөнінде үш күн бұрын ғана хабарлады. Хатта не жазылғанын аста ғана естідім, – деді.

Қайрат Нұрқаділов әкесінің өліміне байланысты қылмыстық істі қайта тергеу жөнінде 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан бас прокуратурасына арызданған. Бірақ "істі қайта қарауға негіз жоқ" деген жауап алған.

Ол әкесі "өз-өзін үш рет атып өлтірді" дейтін ресми қорытындыға әуел баста сенбегенін, билік қысымына байланысты тергеу қорытындысымен келісуге мәжбүр болғанын Қаңтар оқиғасынан кейін ғана ашық мәлімдеген еді. Енді ол "Тоқаевтың хатынан кейін әкемнің өлімі жөніндегі іс қайта қаралады" деп үміттенеді. Бірақ биліктен әлі күнге "әкеңіздің ісі қайта қаралады" деген нақты жауап естімеген.

Асқа қатысқан мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Қазақстан президентінің хаты қоғам күткен мәселеге жауап деп санайды. Оның айтуынша, осыдан 6 ай бұрын ақсақалдар президентке хат жолдап, Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуын лайықты атап өтуді сұраған.

Депутаттың сөзінше, Нұрқаділовке ескерткіш қою туралы бастаманы президенттің саяси шешімі деуге болады. "Бір жыл бұрын Нұрқаділов жөніндегі істі қайта қараудан бас тартқанын білемін. Меніңше, енді қылмыстық іс қайта тергелуі керек" деді ол.

"Жас Алаш" газетінің бұрынғы журналисі Жанарбек Әшімжан Facebook-тегі парақшасына 2004 жылы қаңтарда әріптестерімен бірге Заманбек Нұрқаділовтен сұқбат алғанын жариялаған. Оның сөзінше, журналистер сұқбат кезінде "Қазіргі таңда президенттікке лайық тұлға бар ма?" деген сұрақ қойған. Оған Нұрқаділов:

"Неге болмасын? Бар! Мәселен, бүгінгі сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекетті басқаруға бірден-бір лайықты азамат! Былғанбаған таза адам. Тәжірибелі, білімді, парасатты саясаткер. Үлкен дипломат" деп жауап берген.

Жанарбек Әшімжанның айтуынша, Нұрқаділовтің бұл сөзі сұқбаттан қиылып, жарияланбаған.

Оппозициядағы саясаткер Рысбек Сәрсенбай Жанарбек Әшімжанның сөзі рас болса, Тоқаевтың хат жолдауына Нұрқаділовпен арадағы жылы қатынасы да ықпал еткен болар деп топшылайды.

– Бірақ осыған дейін Тоқаевтың Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі туралы айтқанын естіген жоқпыз. Оның үстіне Тоқаев "Нұрқаділовтің ісі қайта қаралады" деп айтқан да жоқ. Алайда істі қайта қарамай ескерткіш қоюдың қандай қисыны бар? Ал істі қайта қараса , өзге де саяси тапсырыспен болған кісі өлімдерін қайта қарау керек болады. Оған батылы жете ме, жоқ па, үлкен сұрақ, – деді ол.

Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ қазасынан тура үш ай өткенде Алматыдағы тау бөктерінде оппозицияның тағы бір белді өкілі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі серігі өлі табылды. Оларды әлдекімдер атып өлтірген. "Қылмысты орындады" деген айыппен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері және "тапсырыс беруші" ретінде билікте қызмет атқарған шенеунік сотталды. Марқұмның ағасы Рысбек Сәрсенбай "шын кінәлілер жазаланбады" деп санап, содан бері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне жазықтыларды іздеумен келеді. "Басқа кісі өлімдері" дегенде ол алдымен осы істі меңзесе керек.

Қазақстанның саяси оппозициясы 2000 жылдардың басында үлкен күш ретінде бас біріктіріп, сайлауларға бірлесе қатысқан. Сарапшылар оппозицияның белді өкілдері Заманбек Нұрқаділовтің 2005 жылғы қарашадағы, Алтынбек Сәрсенбайұлының 2006 жылғы ақпандағы қазасы елдің саяси өміріне үлкен соққы болды деп санайды. Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билікке қарсы пікірді жаншып, авторитаризмді күшейту жолына түсті деп санайтындар бар.

"НАЗАРБАЕВҚА ЕСКЕРТУ"

Нұрқаділовтің асына қатысқан Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері Қазбек Бейсебаев қазіргі және бұрынғы шенеуніктердің де Нұрқаділовтің асына келгені, сенат пен мәжіліс төрағаларының да хат жолдауы – елеулі белгі деп санайды.

– Билікте жүрген және билікте болған адамдар желдің қай жақтан соғатынан жақсы біледі. Небәрі бір жыл бұрын "Нұрқаділовтің ісін қайта қарауға негіз жоқ" деген биліктің көзқарасы өзгергенін түсініп отыр. Соған қарағанда жел басқа жақтан соға бастаған сияқты, – дейді ол.

Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, Тоқаевтың Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш қою жөніндегі бастама көтеруіне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда Владимир Путинге барғаны әсер еткен болуы мүмкін.

2023 жылғы 20 желтоқсанда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге сапарлап, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен еді. Оны Ресей жағы "жеке кездесу" деп сипаттаған. Осы кездесуде Назарбаев Путинге таяуда жарық көрген "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" деп аталатын мемуарын сыйлағаны хабарланған. Бұл мемуарда Назарбаев Путинді "сөзге берік, достыққа адал адам" деп мақтаған еді.

Назарбаев Ресей президенті Владимир Путиннің қабылдауына Қаңтар оқиғасынан кейін де барғаны белгілі.

– Назарбаев желтоқсандағы сапарында Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда болып жатқан түрлі жағдайларға байланысты Путинге жеке басы мен өз отбасының қауіпсіздігі жөнінде тағы да өтініш жасаған болуы ықтимал, – дейді Қазыбек Бейсебаев.

Бұл пікірді мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи да қолдайды. Оның сөзінше, жаңа жыл басталғалы Тоқаев Назарбаевқа осымен екінші рет ишара білдіріп отыр.

– Біріншісі – сұқбатында "кетсең – қайырылма" деді. Бұл – бірінші үлкен ескерту. Нұрқаділовке ескерткіш қою туралы ұсынысы – екінші ескерту, – деді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдан кейін "Егемен Қазақстан" газетіне жарияланған сұқбатында бұрынғы президентті жанама сынағандай көрінген.

– Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе – қайы­рыл­ма!" Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс, – деген Тоқаев. Бірақ бұл сөз кейінгі басшыларға емес, Қаңтар оқиғасына дейін биліктегі ықпалын сақтап келген Назарбаевқа бағытталғандай еді.

Ермұрат Бапидың сөзінше, былтыр желтоқсанда Назарбаевтың Путинге барғаны, оны БАҚ-та жарнамалағаны – Назарбаев әлі де қауқарлы екенін сездіргісі келгені. Одан бұрын інісі Болат Назарбаевтың асында "ескі Қазақстан" өкілдерінің Назарбаевты бұрынғыша дәріптегені де Тоқаевқа естіліп жатыр.

– Тоқаев Назарбаевтың осы әрекеттеріне жауап беріп отыр. Әрі қарай Назарбаев қандай қорытынды жасарын өзі біледі. Өз статусын түсініп, мемлекетті басқару ісіне астыртын болса араласуды тыюы керек. Олай болмаса Тоқаев тарапынан тағы да әрекеттер болады, – деді Ермұрат Бапи.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ МҰРАСЫМЕН КҮРЕС – САЯСИ РЕФОРМА ЖАСАМАУДЫ АҚТАУ"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, кейінгі екі жылда Конституцияны өзгертіп, саяси жүйені бейімдеген Тоқаевта өзіне сенім пайда болғанға ұқсайды. Енді ол Назарбаевтың репутациясына соққы беруге, Назарбаев кланын әлсіретуге кіріскен болуы мүмкін.

– Назарбаевтың "елбасы" статусын алып тастағаны, Астананың атын қайтарып, Қапшағайға Қонаевтың есімін бергені, таяуда ұлттық қорғаныс университетінің алдынан Назарбаевтың ескерткішін алып тастап, Нұрқаділовке ескерткіш қояйық дегені – соның белгісі. [Тоқаев] Назарбаевты адам ретінде әлсіз тұстарын өте жақсы білетіні және соны тиімді пайдалана бастағаны байқалады, – дейді ол.

Шалқар Нұрсейіттің сөзінше, экс-президенттің мұрасынан арылу арқылы Тоқаев "популистік саясат" жүргізіп отыр.

– Назарбаев Путинді өзіне кепілгер ретінде қарайтыны байқалады. Дәл қазір Назарбаевты үйқамаққа отырғызатындай жағдайға жеткен жоқ, бірақ ньюсмейкер болуына жол бермейтіні аңғарылып тұр. Бір жағынан мұның бәрі – популистік саясат. Тоқаев шынайы саяси реформа жасамағанын Назарбаев мұрасымен күреспен ақтап алғысы келетін болар. Есесіне өз билігін, айналасын күшейтіп жатыр. Мұнан былай Назарбаевтың автократиялық-олигархиялық жүйесінің қызығын Тоқаевтың айналасындағы ат төбеліндей топ көреді, – дейді Шалқар Нұрсейіт.

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың пікірінше, Нұрқаділовке ескерткіш қою туралы Тоқаев бастамасының жалғасы қоғам "саяси қастандық" деп есептейтін өзге де істерді де қайта қарауға әкелуі тиіс. Бірақ Тоқаевтың оған батылы жете ме, жоқ па, әзірге белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG