Accessibility links

Жоғарғы сот "полицияға оқ атты" деп айыпталған Фархат Омаровтың үкімін қараудан бас тартты


Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада қаза болған Фархат Омаровтың анасы Бибігүл Әлішева. Астана, 18 қаңтар 2024 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада қаза болған Фархат Омаровтың анасы Бибігүл Әлішева. Астана, 18 қаңтар 2024 жыл.

Жоғарғы сот Қызылордада Қаңтар оқиғасында қаза болған Фархат Омаровқа шыққан үкімді қараудан бас тартты. 29 жастағы қызылордалық Фархат Омаров Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған. Оның қазасы бойынша ешкім жазаланбады. Есесіне жергілікті сот былтыр шілдеде полицияға "оқ атты" деп танып, марқұмның өзін соттаған.

Содан бері марқұмның туыстары оны ақтауға күш салып, үкімді апелляцияға берген. Бұған дейін облыстық сот үкімді өзгертпеген. 18 қаңтарда Жоғарғы сот үкімді қайта қараудан бас тартты. Бұған марқұмның анасы Бибігүл Әлішева наразы болды.

- Қанша дәлел көрсетіп жатсам да ешкім құлақ аспады. Бұл "Жаңа Қазақстан" емес – "қорқақ Қазақстан". Егер үкімге сенсек, менің балам оқ атты деген, операциясы түнгі сағат 12.30-да болған Естаевқа (Естаев өзіне кім оқ атқанын білмейтінін айтқан – Б.Ә) балам сағат алтыда оқ атқан болып тұр. Ал балам ол кезде мерт болған. Таза дәлелдер көрсеткен кезде де ақтамай тұр. Айтарға сөз жоқ! - деп күйінді Бибігүл Әлішева.

Фархат Омаров туралы айыптау актісінде "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, әкімдік пен жол полициясының ғимараттарына заңсыз кірген. "Піржановтың бұйрығымен полиция қызметкерін атып, жаралаған. Өзі қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқан" деп баяндалған. Марқұмның туыстарының айтуынша, іс материалдарында қарама-қайшы тұстар бар. Іс бойынша куәгер деп танылған алты адам – жергілікті құқық қорғау органының қызметкерлері. Тергеушілер Фархатқа осы куәгерлердің сөзіне сүйеніп айыптар таққан.

"Полицейдің сөзінше, оқ оған кешкі жеті шамасында тиген. Фархаттың бұл кезде оқ атуы мүмкін емес. Інім бұл кезде ендігі мерт болған" деген еді бұған дейін марқұмның бауыры Мақсат Омаров.

Қаңтар оқиғасы кезінде жүрегіне оқ тиіп қаза болған 29 жастағы Фархат Омаровтың қазасына байланысты ешкім жауапқа тартылмады. Оның қазасы бойынша қозғалған іс бірер айдан соң "күдікті табылмады" деп тоқтатылған.

Ресми мәліметке сәйкес, Қызылордада Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 26 адам қаза тапты. Оның біреуі – әскери қызметкер. Сарбаздың қазасы бойынша Қызылорда тұрғыны Қазыбек Құдайбергенов 17 жылға сотталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG