Accessibility links

"Жала жапты" деп айыпталған журналистің ісі Ақтөбе сотында қарала бастады


Ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаева жұмыс барысында. Ақтөбе, 15 қаңтар, 2024.
Ақтөбелік журналист Ардақ Ерубаева жұмыс барысында. Ақтөбе, 15 қаңтар, 2024.

23 қаңтарда Ақтөбенің әкімшілік соты журналист Ардақ Ерубаеваның үстінен "жала жабу" бабымен қозғалған істі қарай бастады. Арыз берген – Ақтөбе облысындағы Ырғыз мектеп-гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова. Бұдан бұрын Нұрманова журналист Асқар Ақтілеумен де соттасқан.

Мектеп басшысы "Ардақ Ерубаева бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекомуникация желілерін пайдалана отырып маған жала жапты" деп санайды. Дауға себепкер болған бірнеше жазба журналистің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланған.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров былтыр күзде Ырғызға барған сапарында еден жуушы Мөлдір Ғапиз мектептің мәселесін көтерген. Еден сүртетін шүберек пен тұрмыстық химияны өз ақшасына сатып алып жүргенін, мектептің әжетханасында су жоғын айтып шағынған. Артынша 2023 жылғы 22 қарашада Мөлдір Ғапиз жұмыстан шығарылады.

Әкім сапары кезінде журналистер пулында Асқар Ақтілеу, Ардақ Ерубаева, тағы бірнеше адам болған. Осы сапардан соң журналист Ерубаева әлеуметтік желідегі парақшасына Ырғыз гимназиясы туралы бірнеше жазба жариялайды.

– Сол жазбалардың бірінде әкімдік қызметкерлері Мөлдір Ғапиздің жеке өміріне қатысты ақпаратты журналистерге таратып жібергенін жаздым. Әрине, мен әкімдіктің ақпаратын жариялаған жоқпын. Кейін тексеріп қарасам, облыс әкімдігіне ол ақпаратты аудан әкімдігі жіберген болып шықты. Ырғыз ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары Айбек Өксікбаев еден жуушының жеке өміріне қатысты ақпаратты мектеп пен білім бөлімінен алғанын айтты. Мен жазбамда кінәлілердің жазалануын сұрадым, – дейді Ардақ Ерубаева.

Журналист Ерубаева алғашқы мәжіліске "Әділ сөз" үкіметтік емес ұйымы жалдаған адвокатпен бірге қатысты. Ерубаева өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол бүгін судьядан шағымды негізсіз деп тануды сұрады.

Мектеп директоры Нұрманова шағымында: "Еңбек тәртібін бұзған, міндетін дұрыс орындамаған кіші қызметкер өштесіп жалған ақпарат берген болуы мүмкін. Оның ақ-қарасын ажыратпай желіге жариялау – заңсыздық. Жазба авторы жалған ақпарат тарату арқылы өзіне атақ жинауды, оқырман жинауды мақсат еткен" деп жазған.

Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, учаскелік инспектор Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова мен оның адвокатына хабар бермеген. Сондықтан шағымданушы тарап сейсенбі күнгі сот мәжілісіне қатысқан жоқ. Келесі сот мәжілісі 2 ақпанға белгіленді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабына сәйкес, айыбы дәлелденген жағдайда журналиске 180 айлық есептік көрсеткішке дейін (664 мың теңге, шамамен 1500 АҚШ доллары) не 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.

2022 жылы 5 қыркүйекте Ақтөбенің әкімшілік соты премьер-министрдің кортежін суретке түсірмек болған Ардақ Ерубаеваға "полицейлердің заңды талабына бағынбағаны үшін" ескерту берген. Алайда, журналист апелляциялық сотта жеңіп шыққан.

Мұның алдында Ақтөбе сотында мектеп директоры Гүлжайнар Нұрманованың дәл осы себеппен журналист Асқар Ақтілеуге қарсы шағымы да қаралған. Биыл 15 қаңтарда сот құқық бұзу болған жоқ деп әкімшілік істі тоқтатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG