Accessibility links

Алматы әуежайы Айдос Мелдеханның "ұшаққа кешігіп қалуына қатысы жоғын" айтты


Алматы әуежайының баспасөз қызметі Айдос Мелдеханның "ұшаққа кешігіп қалуына қатысы жоғын" мәлімдеді. Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан 18 қаңтарда сот өтетін күні Астанаға ұша алмай қалғанын, "әуежайдың қауіпсіздік қызметі әр нәрсені сылтауратып, өзін тексергенін", соның салдарынан рейске кешігіп қалғанын айтқан.

"Айдос Мелдехан Алматы халықаралық әуежайына сағат 5.11-де келген. Жолаушыларды тіркеу орнынан ақпарат алған соң 5.16-да тексеру пунктіне барып, ол жерден 2 минутта өтеді. 5.19-дан 5.26-ға дейін Мелдехан кофеханада болады, содан кейін ұшаққа шығатын есікке қарай барады. Ал жолаушыларды отырғызу 5.20-да аяқталып қойған. Мелдехан ұшаққа шығатын есік жанында біраз уақыт тұрып, әуежайдан кетіп қалған" деп жазылған әуежайдың баспасөз қызметі жіберген хабарламада.

Әуежайдың баспасөз қызметінің жазуынша, бұл деректер бейнебақылау камераларынан алынған. Бірақ әуежай әкімшілігі видеоның өзін жариялаған жоқ. Алматы әуежайы Мелдеханның әуежайдың қауіпсіздік қызметіне деген наразылығын "негізсіз" деп санайды. Олар Мелдехан айтқан ақпаратты "жалған" дейді.

Мелдехан әуежайдың баспасөз қызметі таратқан ақпарат туралы Азаттыққа "айтып отырғандары өтірік, келіспеймін. Полицияға арыз түсіремін" деп жауап берді.

– Далбаса. Олар мені шамамен жарты сағаттай ұстады, - дейді 24 қаңтарда Айдос Мелдехан Азаттыққа. Ол кофеханада болғанын растап, "ұшақты күтіп отырған кезде кіресің ғой, бүгін де бардым, бүгін ешқандай кедергі болған жоқ" деді ол.

24 қаңтарда түстен кейін Астана әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты сот отырысы тиіс. Апелляциялық шағымды прокуратура түсірген.

Айкөркемнің қазасы бойынша Алматы гарнизонының соты Қаңтар оқиғасы кезінде "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманды былтыр қарашада ақтап шығарған. Бұл үкім қоғамда қатты сыналды. Бас әскери прокуратура үкімге келіспейтінін, прокурор сот шешіміне қарсылық білдіретінін сайтына жазған. Астана әскери соты прокуратура түсірген арызды 18 қаңтарда қарауы керек еді. Бірақ жауапкер Арман Жұман келмегендіктен сот 24 қаңтарға ауыстырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG