Accessibility links

Атасуда белсендіні "тапсырыспен өлтіру": Айыпталушылар түрме жазасына кесілді


Ғалы Бақтыбаев
Ғалы Бақтыбаев

Ұлытау облысы Атасу кентінде 2019 жылы оқ тиіп қаза болған белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты сот аяқталып, төрт күдікті сотталды. 24 қаңтарда Ақмола облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған сотында үкім оқылды. Іс мамырдан бері Көкшетауда қаралып келген.

Сот "Бақтыбаевты өлтіруге берілген тапсырысты орындады" деп айыпталған Иман Мияшовты 16 жылға түрмеге кесті. 2022 жылғы сотта ол "адам өлтіру" айыбы бойынша ақталып, "Бақтыбаевты ұрды" және Бақтыбаевқа қатысы жоқ басқа да эпизодтар бойынша айыпталып, 10 жылға сотталған еді.

Ал "Бақтыбавты өлтіруге және соғуға тапсырыс берді" деп айыпталған экс-полицей Ғалым Ахмеджанов пен кәсіпкер Азамат Бөкенаев 15 жарым жылға сотталды. 2022 жылғы сотта екеуі ақталған еді.

Тағы бір айыпталушы Елдар Жакен "Бақтыбаевты ұруға қатысты" деген айыппен үш жылға сотталды.

- Үкімге көңілім толады, енді мен тыныш ұйықтаймын. Ағамның өліміне жауаптылар жазасын алды, - деді Бақтыбаевтың жақыны, істегі жәбірленуші Зәуре Бақтыбаева.

Сот үкімі оқылып жатқанда айыпталушылардың жақындары "Масқара" деп айғайлап, жазықсыз адамдар сотталып кетті десті.

Бақтыбаевтың өлімі бойынша бұған дейін екі рет үкім шыққан еді. Екі сот та айыпталушыларды ақтаған. Бірақ жәбірленуші мен прокуратураның шағымынан соң "іс бір жақты қаралды және сот тарапынан ережелер бұзылды" деп екі үкім де жойылған.

59 жастағы Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылы 28 мамырда Атасудағы (ол кезде бұл кент Қарағанды облысының құрамында болған) өз үйінің табалдырығында атып кеткен еді.

Бақтыбаев әлеуметтік мәселелерді көтеріп, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жемқорлықты зерттеумен әйгілі болған. Оның қазасы қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар оны өлтіргендерді тез арада табуды талап еткен.

Transparency Kazakhstan ұйымы Астананы істі бейтарап әрі ашық тергеуге шақырған. АҚШ мемлекеттік департаментінің 2021 жылғы 30 наурызда жарық көрген әлемдегі адам құқықтары туралы есебінде де Бақтыбаевтың қазасын атап өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG