Accessibility links

Павлодарда Руза Бейсенбайтегі диспансерден босатылды. Адвокаты оны әлдекімдер "арандатқысы келген болуы мүмкін" дейді


Руза Бейсенбайтегі
Руза Бейсенбайтегі

Павлодарда тіл белсендісі Руза Бейсенбайтегі психдиспансерден босатылды. Бұл жөнінде Азаттыққа белсенділер хабарлады.

24 қаңтарда Павлодарда мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жүрген Руза Бейсенбайтегін тілге қатысты кикілжіңнен кейін "күштеп психдиспансерге қамағаны жөнінде" ақпарат тараған еді. Ақпаратқа қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар алаңдап, тіл белсендісін босатуды талап еткен.

25 қаңтарда денсаулық сақтау басқармасы хабарлама таратып, "консилиум шешімімен науқас диспансерлік бақылау ұсынысымен үйіне қайтарылды" деп хабарлады.

Руза Бейсенбайтегінің адвокаты Әскербек Кәкімов жұма күні Азаттыққа оқиғаның жай-жапсары тексерілетінін, Адам құқығын қорғау бюросымен шартқа отырғанын айтты.

– Бұл жерде арандату болған сияқты. Сондықтан оқиға болған жердің камералары бар ма, қарап шығып, апайдан сенімхат алып, жұмысты бастаймыз, – деді адвокат Әскербек Кәкімов.

Белсенділер Руза Бейсенбайтегінің ұсталуы қоғамда резонанс тудырғаннан кейін оны босатуға мәжбүр болып отыр деп санайды.

Журналист-блогер Оңғар Қабден Руза Бейсенбайтегінен оқиғаның мән-жайын сұрап біліп, пост жариялады. Белсенді "жындыханаға жатқызу тапсырыспен болған деп есептейтінін" айтқан.

"Үйімнің қасындағы Халық банктің бөлімшесіне кіріп бара жатыр едім, бір еркек артымнан "женщина, женщина постойте" деп айқайлады. Мен орысшаға жауап бермейтін әдетіммен жүре беріп едім артымнан келіп мені түртті. Бұрылып қарасам бір жас жігіт тұр екен. "Не подскажите Майры 29" деді. "Қазақтың баласы емессің бе, неге қазақша сөйлемейсің деп едім, мемлекеттік тіл орыс тілі мен қазақ тілі. Менің орысша сұрағыма орысша жауап беру керексің" деп агрессиямен дөрекі жауап берді. Мен бұның арандату екенін түсіндім де телефонымды алып видеоға түсіре бастап едім полиция шақыртты. Полиция да жылдам келе қойды, артынан жедел жәрдем келді. Сөйтсем ол жедел жәрдем емес, психбольницаның қызметкерлері екен. Мені апарып аяқ қолымды байлап, жауып тастады. Қайта тікелей эфирге шығып үлгергенім жақсы болды. Сол арқылы кісілер мені іздеп дабыл қағыпты. Мен үшін алаңдаған барша жұртқа алғысым шексіз! Аман болыңдар! Қазақ барда қазақ тілі өлмейді" деді Руза Бейсенбайтегі.

Ал Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы бейсенбі күні хабарлама таратып, оқиғаға түсініктеме берді. Басқарманың хабарлауынша, 24 қаңтарда сағат 16:20 шамасында 103 нөміріне Павлодар қаласында "әйел адам көшедегі азаматтарға агрессия танытып жатқаны туралы" хабарлама келіп түскен.

Басқарма хабарламада "психикалық ауытқулары белгілерімен 66-жастағы әйел адамды Р.Б. Павлодар облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығына жеткізді" деп жазған.

"Медицина қызметкерлерінің қарауынан кейін денсаулық жағдайының жақсаруына орай, консилиум шешімімен науқас диспансерлік бақылау ұсынысымен үйіне қайтарылды" деп жазды ведомство.

Павлодар тұрғыны, белсенді Руза Бейсенбайтегін жұрт тіл жанашыры деп біледі. Бұрын ол "қазақ тілінде қызмет көрсетпейтін" мекемелермен соттасып, жеңіске жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG