Accessibility links

Алтын фабрикасының дауы: ШҚО соты Маралды ауылының үш арызын кері қайтарды


Маралды ауылындағы үйлердің біріне ілінген ұран: "Біз фабрикаға қарсымыз". Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Маралды ауылы
Маралды ауылындағы үйлердің біріне ілінген ұран: "Біз фабрикаға қарсымыз". Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Маралды ауылы

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Күршім ауданы Маралды ауылы тұрғындарының алтын өндіру фабрикасына қатысты қаңтар айында түсірген үш арызын қараудан бас тартқан. Бұл жөнінде бүгін, 30 қаңтарда Азаттық тілшісіне ауыл адамдарының заңгері Қамбарбек Мұхамеджанов хабарлады.

Арыз иелері былтыр 19 желтоқсанда жүзден аса адам бойкот жариялаған қоғамдық тыңдау хаттамасының күшін жою, 27-28 желтоқсандағы қоғамдық тыңдау хаттамасының күшін жою және фабрикаға таңдалған аумақта “қосымша жерасты суы табылуына” байланысты “ГеоСхема” компаниясы әзірлеген жоба мен “Ертіс” бассейні инспекциясының берген рұқсатын заңсыз деп тану туралы талаптар қойған.

ШҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары арыздарды кері қайтаруға негіз ретінде бірнеше себепті атаған. Жауапқа қарағанда, қоғамдық тыңдауларда көпшілік-құқықтық қарым-қатынас жоқ, яғни әкімшілік орган екінші тарап — көпшілікке өктемдік көрсетпеген. Ал су көзі туралы арызды тұрғындар бір адамның атынан беріп, басқа бес адам қолдап қол қойған. Сот шағымда қолдап қол қойғандардың тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, байланыс телефоны және аты-жөндері толық көрсетілмеді деп, қараудан бас тартқан.

Қамбарбек Мұхамеджанов ауыл халқы қарсы болса да, әкімдік қоғамдық тыңдауларды өткізді, бұл — көпшіліктің құқығын бұзу болып саналады деп санайды.

— Сонымен бірге бізді су мәселесі қатты алаңдатып тұр. Өйткені фабрика жанында бұлақтар бітеліп қалды. Бұрын экология министрлігінің құрамында болған су ресурстары комитеті былтыр фабрика салып жатқан “ВСАМ Продакшн” компаниясына қосымша су көзі табылуына байланысты жобаға өзгеріс енгізу керек деп хат жолдаған. Халық та аумақты лицензиясы бар жеке компанияға тексертіп, ол жерде су көзі бар екенін қосымша дәлелдеп, нәтижесін құзырлы министрліктерге өткізген. Бірақ фабрика салушы компания қоғамдық тыңдауларда әлі күнге дейін ескі жобасын айтып келе жатыр. Ал сот болса, арыздарымызды қараудан бас тартады. Шығыс Қазақстан әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов халыққа келіспеушіліктеріңізді сотқа шағымдану арқылы дәлелдей аласыздар деп айтқан. Алайда сот біздің арызымызды қарамай отыр, — деді Қамбарбек Мұхамеджанов.

Заңгер апелляциялық шағым беретінін айтты.

Маралдының жергілікті халқы осы төңіректе фабрика салуға наразылық білдіріп келе жатқалы екі жылдан асқан. Олар алтынды цианид қоспасымен жуу, кенді ашық әдіспен қопарып алу - қоршаған орта мен су көздеріне залал келтіреді дейді. Ал ШҚО әкімі Ермек Көшербаев компания жұмысы заңды деген. Ауыл адамдары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше бейнеүндеу жолдаған, бірақ президент жария жауап берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG