Accessibility links

Алматы жұртшылығы диссидент, ақын Арон Атабекті еске алды


Арон Атабектің туған күніне орай ұйымдастырылған еске алу шарасы. Алматы, 31 қаңтар 2024 жыл.
Арон Атабектің туған күніне орай ұйымдастырылған еске алу шарасы. Алматы, 31 қаңтар 2024 жыл.

31 қаңтар – марқұм диссидент, 15 жыл түрмеде отырған Арон Атабектің туған күні. Тірі болғанда ақын 71 жасқа толар еді.

Ақынның туған күні Алматыда арнайы шара ұйымдастырылып, оған жиналғандар Арон Атабекті еске алды.

"Шаңырақ ісі" бойынша 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде өткізген, 2021 жылы күзде денсаулығына байланысты босатылған диссидент, ақын Арон Атабек түрмеден шыққаннан кейін көп ұзамай ауруханада қайтыс болған еді. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартқан. Ал белсенділер "Шаңырақ ісінің" қайта қаралуын талап еткен.

Арон Атабектің қызы Алма Нұтышева әкесін ақтау ісі қалай жүріп жатқанын айтты.

- Мен былтыр әкемді ақтауды президенттен сұрап, президент әкімшілігіне өтініш жазған едім. Әкем, бірінішден саяси тұтқын емес, екіншіден түрме ішіндегі жағдайға шағым жазбады деген жауап келді. Алайда бүкіл Қазақстан, тіпті бар әлем оның қандай жағдайда түрмеден шыққанын көрді. Құр сүдері қалған қалпы шыққаны оның жылдар бойғы акөрген азабының нәтижесі еді. Қазір енді мен жалғыз өзім емес, қордың заңгерлерімен бірге әкемді ақтау үшін үлкен жобаны бастап жатырмыз. Әкемді ақтау менің мақсатым және әкемнің соңғы тілегі еді, өйткені ол жазықсыз, - деді Атабектың қызы.

Сәрсенбі күні диссиденттің туған күніне арналған шарада «Арон Күлтегін» қоры ұйымдастырған Арон Атабек атындағы ақындар байқауының қорытындысы жарияланды. Кеште Аронға арналған өлеңдерден өзге ақынның өлеңдерін оқығандар арасында да үздіктер марапатталды. Алма Нұтышеваның сөзінше, бұл байқау өнер адамдары арасында өткізіліп жатқан екінші шара екен.

– Әкем шығармашылық адамы болғандықтан, мен жыл сайын республика деңгейінде шығаршалықпен айналысатын адамдар арасында жыл сайын байқау ұйымдастырып келемін. Былтыр суретшілер арасында байқау болды. Биыл ақындар мен Аронның өлеңін оқушылар арасында байқау жарияладық. Қазақстаннан бөлек Татарстан мен Украинадан барлығы 300 ден аса өтініш түсті, - дейді Алма Нұтышева.

Байқау қорытындысы бойынша «үздік ақын» номинациясында Сәуле Волкова, Қалаубай Смағұл мен Зитта Сұлтанбаевалар марапатталды. Ал ақынның өлеңдерін оқушылар арасындағы Жанна Хайфа мықты деп танылды.

Кеште Арон Атабек атындағы суретшілер байқауының жеңімпаздарының туындылары көрмеге қойылып, картиналарды қалаған адам сатып алуға болатыны хабарланды. Түскен ақша халыққа тегін заңгерлік көмек көрсетумен айналысып жатқан «Арон Күлтегін» қорының жұмысына жұмсалатыны айтылды. Қор алда Арон Атабекті ақтау ісін қолға алмақ.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталып, 2021 жылы түрмеден шартты жазамен босап шыққан диссидент ақын Арон Атабек сол жылы қараша қайтыс болған еді.

Атабек 2006 жылы 14 шілдеде билік Алматы қаласы Шаңырақ елдімекеніндегі "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болғанда жұрт жағында болып, баспаналарын қорғауға көмектескен. Кейін Шаңырақ оқиғасынан соң ол "тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен 18 жылға сотталды.

Сот үкімі шыққаннан кейін Арон Атабек Алматыдан тысқары жерде бірнеше түрмеде қамауда болды. 2014 жылдың сәуірінен бері Павлодар тергеу изоляторында жалғыз адамдық камерада отырды. Қамауда отырған кезде екі мәрте "түрме ішіндегі түрме" шарасымен жазаланған, яғни хат жазысу мен кездесу құқығынсыз, ұзақ уақыт жалғыз қамалған. Тұтқынның түрмеде өзіне әкімшіліктің жасаған іс-әрекетін қатыгез әрі адамның ар-намысына тию деп тануды сұраған талабы қанағаттандырылмады.

Ол 18 жылдық түрме жазасының үштен екісін өтеген соң мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу туралы өтініш білдіру құқығын иеленген. Бірақ Арон Атабек түрмеде өзімен жолыққан жергілікті құқық қорғаушыларға биліктен мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды немесе рақымшылық жасауды сұрамайтынын, себебі өзін кінәсіз санайтынын мәлімдеген.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Арон Атабекті саяси тұтқын деп таныған еді. Атабектің есімі АҚШ мемлекеттік департаментінің Адам құқықтары жөніндегі есебінде, Еуропарламенттің Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында бірнеше рет аталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG