Былтыр күзде қамаудан босап шыққаннан кейін екі айдан соң көз жұмған диссидент, ақын Арон Атабекті қорғау комитетінің өкілдері 27 мамырда Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, диссидентті ақтауды талап етті. Жиынға құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, диссиденттің қызы Алма Нұтышева, диссидент Хасен Қожа-Ахмет, қоғам белсендісі Мұратбек Есенғазы қатысты.
Жиын басында Алма Нұтышева жуырда Арон Атабектің жаңа кітабы баспадан шығатынын, дүйсенбіде алғашқы данасы қолына тиетінін жеткізді. Кітапта Арон Атабектің "Шаңырақ" оқиғасы туралы жазған еңбектері, түрмеде жазған естеліктері жинақталған. Абақтыда қалай азапталғаны толық баяндалады.
- Оны қамаған кезде аямай қинады, азаптады. Әкем заңсыз, әділетсіз сотталды, – деді ол.
Ол осыған дейін әкесін ақтап, оның 18 жылға бостандығынан айрылуына себеп болған "Шаңырақ ісін" қайта қарауға шақыратын үндеу жазылған петиция жариялаған еді. Соңғы мәлімет бойынша, бұл петицияға 2400-ге жуық адам қол қойған. Нұтышева осы үндеуді президент әкімшілігіне де жіберген, әзірге жауап келмеген.
Арон Атабекпен 1990-жылдары “Алаш” партиясын құруға қатысқан серігі, қоғам белсендісі Мұратбек Есенғазы Арон Атабектің ақталуы туралы сөз қозғағанда әлдебір адамдардың жазаға тартылуы керегін айтты.
- Бірінші кезекте Аронды қорлаған, өлімші хәлге жеткізген, қайтыс боларда зорлап түрмеден шығарып тастаған билікті жауапқа тартуды талап етеміз. Билік абстрактілі ұғым емес. Ол кім? Ол Нұрсұлтан Назарбаев. Арон Атабек Назарбаевқа “Желтоқсанға сен кінәлісің” деп айтып, ол қатысқан жиындардың бірінде үнсіздік жариялатқан еді. Арон Атабек желтоқсаннан бастап Назарбаевтың жауына айналды...Шаңырақ, Бақайда айыптың бәрін Арон Атабекке іліп, түрмеге қаматты. Содан азаптады, сүйектерін сындырды. Елдегі ең қатал түрмеге жатқызды. Адам темір емес. Денсаулығынан айырылды, - деді Мұратбек Есенғазы.
Ол Арон Атабектің қанша қиналса да, "ақтауды талап етемін" деген талабында соңына дейін қасқайып тұрғанын айтты. “Назарбаев-Тоқаев билігінің тандемі қандай адамдарды жіберсе де, Арон ештеңені мойындамады, рақымшылық сұрамады” деді.
- Әлсіреп, титықтаған, сонда да көнбеген адамға ауру жұқтырып, түрмеден бостандыққа итеріп шығарып тастады. Тоқаевтан бұған кім кінәлі, анықтап, жазалауды талап етеміз, - деді Мұратбек Есенғазы.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Арон Атабектің елде саяси тұтқын статусын алған алғашқы адам екенін, онымен жылдар бойы хат жазысып, денсаулығы, азапталғаны жайлы мәліметтер алып отырғанын жеткізді. "Оның денсаулығы нашарлағанын білгенде халықаралық бақылаушылардың, депутаттардың келуін талап еттік. Оған билік үнемі жол бермеді. Аронды ерекше бақылауда ұстады" деді ол.
- 18 жылға сотталды. Үштен екісін өтеген соң оны босатуы керек еді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ол рақымшылық сұрап, өтініш жазбайды дегенге сілтеді. Халықаралық норма бойынша ол қажет емес. Билік біздің заң бойынша керек деді. Бірақ Арон әбден әлсірегенде сол норманы өздері бұзып, түрмеден шығарып жіберді, - деді Бақытжан Төреғожина.
Диссидент Хасен Қожа-Ахмет "Арон Атабекті ақтауды халық болып талап ету қажеттігін" айтты.
– Егер халық талап етпесе, әрқайсымызда үйімізде жатсақ, билік ақтамайды. Репрессия машинасы әлі жүріп келеді. Көшеге шығамыз деп қорқыту керек. Біздің кінәміз - енжарлығымыз. Ақтату, ақтатпау өзімізге байланысты, – деді ол.
Жылдар бойы түрмеде отырып, азапталған, денсаулығы әбден нашарлаған Арон Атабекті былтыр билік күзде өзін толық ақтау туралы талабын орындамастан қамаудан шығарған. Артынша диссиденттің коронавирусқа шалдыққаны белгілі болып, ауруханаға түскен. Көп ұзамай диссидент аурухана төсегінде дүниеден озды. Жақтастары және халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар оның өліміне билікті кінәлаған. Арон Атабек тірі тұрғанда өзінің денсаулығының нашарлауына түрмедегі қатаң жағдай мен азаптаулар себеп болғанын айтқан.
ПІКІРЛЕР