Accessibility links

Шекара бекетінде қаза болған сарбаздың өлімі: әскери сот алқасы "жыныстық зорлық" болғанын есепке алмаған


Шекара заставасында өзіне қол жұмсаған жауынгер Бекбол Мираштың әскери киімі мен портрерті үйінің қабырғасында ілулі тұр. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.
Шекара заставасында өзіне қол жұмсаған жауынгер Бекбол Мираштың әскери киімі мен портрерті үйінің қабырғасында ілулі тұр. Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылы. 24 тамыз 2022 жыл.

Қазақстан әскери сотының апелляция алқасы "шекара бекетінде асылып өлген" сарбаз қазасына бір әскери қызметкерді кінәлі етіп шығарды. Сот алқасы Шымкент гарнизоны әскери сотының үкімін жойып, жаңа шешім шығарған. Бұл туралы журналистерге сотталған әскери қызметкердің адвокаты Сержан Пірәлиев 1 ақпан күнгі баспасөз жиынында айтты.

2022 жылы тамызда Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара бекетінде қаза болған қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың өліміне қатысты істің апелляциясын әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қараған. Сот алқасы істегі жалғыз сотталушы, сержант Айбек Нұртаевты "билігін асыра пайдаланды" (451-бап, 2-бөлім) және "бопсалады" (194-бап, 2-бөлім, 1-тармақ) деген айыппен 7 жылға соттады.

Апелляциялық сот алқасы істегі "жыныстық зорлық болғаны" туралы және сол қылмыс телефонға түсірілгені жайлы факті дәлелденбеді" деп шешкен. Сотталушының адвокаты Сержан Пірәлиев мұнымен келіспейді. Ол қаза болған сарбаздың аузынан, киімдерінен табылған бірнеше ер адамның шәуеті биологиялық сараптамада дәлелденді деп санайды. Ал екіншісін растайтын үш адам сотта куәлік бергенін айтты.

Сотталған әскери қызметкер Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев. Алматы, 1 қаңтар 2024 жыл.
Сотталған әскери қызметкер Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев. Алматы, 1 қаңтар 2024 жыл.

– Биологиялық сараптама өткізген Жамбыл облыстық сараптама институтының маманын сот барысында бірнеше рет сұраққа алдық. Стенограмманы сөзбе-сөз оқып берейін. "– Сіз шәует таптыңыз ба? – Иә, таптым. – Ауыз қуысынан таптыңыз ба? – Иә, ауыз қуысынан ондай сұйықтық табылды" деп жауап берді сарапшы. Ол шәует кімдерге тиесілі екені де сараптамада анықталды. Бәрі жанында болған басқа сарбаздардікі болып шықты. Бірақ олар істе куәгер ғана болды. Бекбол Мираш қайтыс болатын күні бір телефон болғаны, оны екі адам сындырып, жоқ қылғаны туралы сотта бір емес үш адам айтты. Бірақ сот алқасы оған сенбейтінін айтты, - деді адвокат баспасөз жиынында.

Адвокат сарбаздың өліміне бір емес – бірнеше адам кінәлі деп санайды. Оның болжамынша, сарбаз қайтыс болатын күні "дәстүрлі емес жыныстық қатынастар болған".

– Ол әрекеттерін телефонға түсірген болуы мүмкін. Қылмысын жасыру үшін басқа сарбаздар оны сындырып, жоғалтып жіберген, – деді Пірәлиев. Телефон әскери бөлім аумағынан табылмаған.

Адвокат ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бұл фактілерді қасақана жасырып отыр деп санайды. Ол әскери прокуратураның "жыныстық зорлық" туралы фактіні тергеуге құлықсыз болғанын айтады. Пірәлиевтің бұл сөзімен бірінші сатыдағы сотта жәбірленушінің мүддесін қорғаған адвокат Айман Омарова да келіседі.

– Прокуратура жыныстық зорлық туралы деректі объектив түрде тергегісі келмеді. Жылы жауып қойғысы келді, – деді ол Азаттыққа.

Бірінші сатыдағы сот "Оңтүстік аймақтық әскери прокуратурасы "өзін өлтіруге дейін жеткізу" бабы (105-бап) бойынша қайта тергеу жүргізсін" деген қаулы шығарған.

Былтыр адвокат Сержан Пірәлиев өлген сарбаздың денесінен біреулердің шәуеті табылғанын алғаш айтқан кезде тергеуді жүргізген ішкі істер министрлігі "адвокат жалған ақпаратты жария етті, этиканы бұзды" деп айыптап, әділет министрлігінен оған қарсы қызметтік тексеріс жүргізуді сұраған. Әскери прокуратура да Бекбол Мираштың жыныстық зорлық көргені туралы мәлімет расталмағанын хабарлаған. Бұл кезде сот сараптамасының қорытындысы әлі толық шықпаған еді.

2022 жылғы 19 тамызда қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың Шөлдала шекара заставасында асылып қалғаны мәлім болған. Оның туыстарына командирлері "жүретін қызымен ұрсысып қалған соң, өз-өзіне қол салған" деп хабарлаған. Бекбол Мираштың туыстары оны әскердегі әлімжеттіктен өлді деп есептейді.

Бұл іс бір жыл тергеліп, 2023 жылы 24 тамызда Шымкент гарнизоны әскери соты Айбек Нұртаевты "өзін өлтіруге дейін жеткізу" (105-бап) бабы бойынша ақтап, "билігін асыра пайдалану" (451-бап, 1-бөлім) және "бопсалау" (194-бап, 2-бөлім, 1-тармақ) баптары бойынша кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға түрме жазасын кескен.

ҰҚК шекара қызметі қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін Жамбыл облысындағы шекара қызметінің бастығы, шекара басқармасының бастығы, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен застава бастығы жұмыстан кеткенін хабарлады. Алайда орган өкілі ол тұлғалардың аты-жөнін айтудан бас тартқан.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Бекбол Мираштың өлімі "қарулы күштерге қатысы жоқ" екенін мәлімдеген. Алайда қарулы күштер қатарында өлім-жітімнің көбеюіне байланысты "әскерде кісі өліміне жол бермеу" дейтін бағдарлама қабылдаған.

Қазақстан армиясында әлімжеттік жиі болады. Қысымға шыдамаған кейбір сарбаз өзіне қол салып жатады. Ресми дерек бойынша, борышын өтеп жүріп қаза табатын сарбаздардың 20 пайызы суицидтен өлген. Биыл қарашада қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерде әлімжеттік барын жоққа шығарып, "сарбаздар суицидінің 99 пайызының әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ" деген. Министр әскердегі сарбаздар қазасын "адамның өз ішіндегі мәселеден" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG