Accessibility links

Ақтауда аққулар қырылғаннан кейін Rixos қонақүйіне қарсы әкімшілік іс қозғалды


Ақтаудағы Rixos қонақүйін басқаратын Aktau Tourism Ltd компаниясына қарсы әкімшілік іс қозғалды, деп жазды Lada сайты.

Сайттың жазуынша, тексерістің нәтижесінде Aktau Tourism Ltd компаниясының экология заңнамасын бұзғаны анықталған. Соған байланысты "Атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластану мен қоқыстан қорғау жөніндегі талаптарды бұзу" және "Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу" баптары бойынша іс қозғалған.

Сайттың жазуынша, қазір айыппұл мөлшері есептеліп жатыр.

Бұған қоса, жергілікті экология департаменті қалдық суды заң нормаларына сәйкес "тазартқанға" дейін компанияны Қаракөлге қалдық суды төгуді уақытша тоқтатуға міндеттеген.

Қаракөлде қырылған аққулардың саны мыңнан асқаны осыған дейін хабарланған. Аққулардың қырылуына қатысты түрлі болжам айтылған. Арасында "құс тұмауы", "аштан қырылды" деген болжамдар айтылған.

Осыған дейін желіде Қаракөлге қара қошқыл сұйықтықтың төгіліп жатқаны жөнінде кадрлар пайда болған. Осыдан кейін Қаракөлге тазартылмаған қалдық су төгілуі мүмкін екені айтылды.

Бұған дейін Rixos Water World Aktau қонақүйінің өкілі аққулар жаппай қырылған Қаракөлге қонақүйдің "тазартылған" қалдық суы төгілгенін растаған еді. Қонақүйде кезектен тыс тексеріс басталғаны хабарланған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі басқармасының бұрынғы жетекшісі, "Табиғат" республикалық аңшылар қауымдастығының вице-президенті Айтуар Туғанбеков әлеуметтік желіде кезінде министрлікке қалдық суды Қаракөлге құюды қарастыратын Rixos қонақүй жобасы түскенін, оған түбегейлі түрде қарсы болғанын жазған еді. Алайда оның айтуынша, "Rixos өз адамдарын салып" ақыры құжат мақұлданған.

Қаракөл – Ақтаудың оңтүстік-шығысынан шамамен он шақырым жерде орналасқан жасанды көл. 1967 жылы Маңғыстау атом-энергетика комбинатының тұндырғысы ретінде пайда болған. Республикалық маңызы бар Қаракие-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық резерватының ерекше қорғалатын табиғи аймағы саналады және Қазақстандағы ерекше қорғалатын орнитология орындарының қатарына кіреді. Жыл сайын көлде ондаған мың құс қыстап шығады. Бұл жерді Қызыл кітапқа енген 200-ден астам құс мекендейді деп айтылады.

Қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының "жұртшылығы" алдында сөйлеген кезде Қаракөлді "қайталанбас су қоймасы" деп атап, оны қорғауға үндеген.

Rixos Water World Aktau қонақүйі — "барлығы ішінде" атты жүйе бойынша істейтін Қазақстандағы алғашқы курорттық қонақүй. 2020 жылы тамызда ашылған. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге қаржы кеткен нысанды ашуға Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан. Оны Қазақстан билігінің ұсынысымен Sembol Construction and Engineering компаниясы салған.

Бұған дейін Азаттық бұл қонақүйді салған 20 жылға жуық уақыт ішінде елдегі ең бай шетелдік кәсіпкерге айналған Феттах Таминже мен экс-президентті не байланыстыратыны жөнінде зерттеу жариялаған. Кәсіпкер мен президент 2000 жылдардың басынан бері таныс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG