Accessibility links

Ақтөбе соты "жала жапты" деп айыпталған журналист Ардақ Ерубаеваның ісін тоқтатты


Журналист Ардақ Ерубаева сотта. Ақтөбе, 7 ақпан, 2024 жыл.
Журналист Ардақ Ерубаева сотта. Ақтөбе, 7 ақпан, 2024 жыл.

7 ақпан күні Ақтөбе соты "әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты" журналист Ардақ Ерубаеваның үстінен "жала жабу" бойынша қозғалған істі тоқтатты. Сотқа журналистің үстінен Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова шағымданған.

Мектеп басшысы журналисті "бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекомуникация желілерін пайдалана отырып маған жала жапты" деп сотқа тартқан. Журналистің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланып, дауға себепкер болған жазбаны сот арнайы сараптамаға жіберген. Оның қортындысы сәрсенбі күнгі сот мәжілісінде жария етілді. Сараптама "зерттеуге ұсынылған материалда Нұрманованың іскерлік беделіне, ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәлімет жоқ" деп шешкен.

Сәрсенбі күнгі сот мәжілісіне шағымданушы тарап қатыспады. Соттың мәліметінше, Нұрманова журналистің үстінен жазған шағымын қайтарып алған.

– Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова осыған дейін әріптесім Асқар Ақтілеумен де соттасты. Ол бір емес, екі журналисті әуре-сарсаңға салды. Одан бөлек Нұрманованың шағымы негізінде сараптама тағайындалды. Яғни, мемлекет шығынға батты. Бұл әрекеті үшін ол заң алдында жауап беруі тиіс, – деді Ардақ Ерубаева.

Былтыр күзде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ырғызға барған сапарында еден жуушы Мөлдір Ғапиз мектептің мәселесін көтерген. Еден сүртетін шүберек пен тұрмыстық химияны өз ақшасына сатып алып жүргенін, мектептің әжетханасында су жоғын айтып шағынған. Артынша 2023 жылғы 22 қарашада Мөлдір Ғапиз жұмыстан шығарылады.

Әкім сапары кезінде журналистер пулында Асқар Ақтілеу, Ардақ Ерубаева, тағы бірнеше адам болған. Осы сапардан соң журналистер әлеуметтік желідегі парақшасына Ырғыз гимназиясы туралы бірнеше жазба жариялайды.

Оған шамданған Ырғыз гимназиясының директоры Гүлжайнар Нұрманова сотқа арыз түсірген. Арызында: "Еңбек тәртібін бұзған, міндетін дұрыс орындамаған кіші қызметкер өштесіп жалған ақпарат берген болуы мүмкін. Оның ақ-қарасын ажыратпай желіге жариялау – заңсыздық. Жазба авторы жалған ақпарат тарату арқылы өзіне атақ жинауды, оқырман жинауды мақсат еткен" деп жазған.

Мұның алдында Ақтөбе соты мектеп директоры Гүлжайнар Нұрманованың дәл осы себеппен журналист Асқар Ақтілеуге қарсы шағымын қараған. Сот биыл 15 қаңтарда "құқық бұзу болған жоқ" деп, Ақтілеудің үстінен қозғалған әкімшілік істі тоқтатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG