Accessibility links

Атырау соты белсенді Макс Боқай "әкімшілік қадағалау тәртібін бұзбады" деп таныды


Макс Боқай, Алматы, 28 тамыз, 2023 жыл.
Макс Боқай, Алматы, 28 тамыз, 2023 жыл.

Бүгін, 9 ақпан күні Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған соты белсенді Макс Боқайдың «әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы бұзу» бабы бойынша апелляциялық шағымын қанағаттандырды. Сотта Боқайдың бұл бап бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасалғаны расталмады.

Сотқа судья Анар Айтжанова төрағалық етті. Істі қарау 2 ақпанда басталған. Макс Боқаев өз шағымында қалалық ішкі істер органы учаскелік инспекторының 15 қаңтарда шығарған қаулысын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Бүгінгі сот отырысында судья Анар Айтжанова Боқай мен оның адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның уәжін тыңдап, қалалық ішкі істер бөлімшесінің учаскелік инспекторы Ерболат Сапашевтың «әкімшілік қадағалау туралы заңды бұзу» бабы бойынша толтырған әкімшілік хаттамасы мен қаулысын заңға қайшы деп танып, бұл іс «сот шешімін орындамау» бабымен қаралуы тиіс екенін айтты (ҚР ӘҚБтК-ның 669-бабы). Ал бұл бап бойынша осыған дейін 14 қаңтар күні Боқайға қатысты сот ісі қаралып, оған бес айлық есептік көрсеткіш бойынша 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл істі де судья Анар Айтжанова қараған.

Оған дейін бір күн бұрын 13 қаңтарда Макс Боқайдың үйіне пробация қызметкерлері мен полицейлер келіп, «сот шешімін орындамады» және «әкімшілік қадағалау тәртібін бұзды» деп айыптаған болатын. Полиция өз айыптарын Макс Боқайдың былтыр YouTube-тегі «Политон клуб» арнасына берген сұхбатымен, сондай-ақ Facebook-тегі жеке парақшасында 31 қаңтарды саяси тұтқындар күні деп жариялауды ұсынған жазбасымен дәлелдеген.

15 қаңтарда учаскелік инспектор Макс Боқайды ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 480-бабының 1-бөлігі бойынша «әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзды» деп, оны кінәлі деп тану туралы ескерту түрінде қаулы шығарды.

Боқай бұл қаулымен мүлде келіспеді. Ол оны заңсыз және күшін жоюға жатады деп санады.

Бұл айып бойынша 1 ақпанда Боқай судья Айтжанованың 14 қаңтар күнгі өзіне қатысты істі қарап, кінәлі деп тапқанын ескере отырып, бұл сот ісінде оның төрағалық етуіне қарсы болып, одан бас тартты. Бірақ оның талабы қанағаттандырылмады.

Одан бөлек, 22 қаңтарда Атырау қалалық №2 сотының судьясы Зәуре Қазақбай белсенді Мақс Боқайға қатысты әкімшілік қадағалау мерзімін тағы алты айға ұзарту туралы қаулы шығарған болатын. Боқайға қатысты әкімшілік қадағалау мерзімі наурыз айында аяқталуы керек еді. Боқай сот шешімімен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген.

Сот шешімімен Макс Боқайға қаладан шығуға, кешкі оннан таңғы алтыға дейін көшеде болуға, полиция рұқсатынсыз қаладан кетуге болмайды, қоғамдық-саяси мәселелерді талқылауға, қоғамдық орындарда өз пікірін білдіруге тыйым салынады.

Бұл шешім 13 қаңтардағы полицияның «әкімшілік қадағалау қағидаларын бұзды» әкімшілік хаттамасы мен 15 қаңтардағы полиция қаулысына сәйкес қабылданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG