Алматы соты Өзбекстан өтінішімен ұсталған қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовты (Ақылбек Мұратбай) 40 күнге қамады. Бұл жөнінде белсендінің қарындасы Фариза Нарбековаға сүйенген "Власть" сайты жазды.
Оның сөзінше, сот отырысы Мұратовтың қатысуынсыз өткен.
"Белсендінің қорғаушысына қамау жөнінде әлі күнге дейін хабарламаған. Ол да, құқық қорғаушылардың да ақпараты жоқ, сот адвокатты отырысқа қатыстырған жоқ" деді Нарбекова.
Ақпаратқа қарағанда, жексенбі күні Мұратовты уақытша қамау орнынан тергеу изоляторына ауыстырған болуы мүмкін.
Қудалауға ұшыраған қарақалпақ белсенділері туралы ақпарат таратып жүрген Ақылбек Мұратовты Алматы полициясы 15 ақпанда түнде үйінен ұстап әкеткен.
Құқық қорғаушылар бұған дейін Өзбекстанда оған "қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін материалдарды тарату немесе сақтау, әзірлеу" және "Өзбекстан Республикасының конституциялық құрылымына нұқсан келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Алматы полициясы оны Өзбекстанға экстрадициялау мәселесін ҚР бас прокуратурасы шешіп жатқанын мәлімдеген.
Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Денис Дживага Мұратовтың ісі "осыған дейін ұсталған қарақалпақ белсенділерінің жағдайына ұқсас" деген. Бюро оған құқықтық қолдау көрсетпек.
Ақылбек Мұратов былтыр күзде Өзбекстандағы туыстарына полиция барып, қоқан-лоқы жасағанын, ізінше өзін де Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне шақырғанын хабарлаған.
Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасында 2022 жылы шілдедегі ірі қантөгістен кейін Қазақстандағы қарақалпақ белсенділері қысымға шағымданған. 2022 жылы күзде бірнеше қарақалпақ белсендісі құқық қорғаушылардың айтуынша, Өзбекстан билігінің сұрауымен Қазақстанда ұсталған. Қазақстан олардың босқын мәртебесін беру туралы өтініштерін орындамады. Бір жыл қамаудан кейін олар 2023 жылы күзде босап шықты. Алайда құқық қорғаушылар Өзбекстан билігінің сұрауы әлі күшінде екенін, оларды экстрадициялауы мүмкін деп қауіптенеді. Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары ресми Астананы оларды елдеріне қайтармауға үндеп, олардың өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтқан.
ПІКІРЛЕР