Татарстанның Жоғарғы соты Азаттық радиосы Татар-Башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваны қамауда қалдырды. Сот отырысы видеобайланыспен 20 ақпанда өткен.
Журналистің адвокаты денсаулығына байланысты Құрмашеваны үйқамаққа шығаруды сұраған. Судья Құрмашеваны қамау мерзімін бір күнге қысқартқан деп хабарлайды Idel.Realii редакциясы.
1 ақпанда Қазан қаласының Совет аудандық соты Құрмашеваны қамау мерзімін 5 сәуірге дейін ұзартқан. Журналист 2023 жылдың қазан айынан бері тергеу абақтысында отыр.
Журналиске Ресей Қылмыстық кодексінің екі бабын бұзды деген айып тағылған: ол өзін "шетел агенті" тізіміне қосу жөнінде құжат тапсырмаған және Ресей армиясы туралы "жалған ақпарат таратқан". Екінші айып бойынша тергеушілері оны 2022 жылдың күзінде Idel.Realii редакциясы таныстырған "Соғыс тоқтасын. Украинаға шабуылды айыптайтын 40 ресейліктің оқиғасы" деген кітапты таратты деп санайды.
Алсу Құрмашева – АҚШ-тың және Ресейдің азаматы.
Азат Еуропа/ Азаттық радиосы президентінің міндетін атқарушы Стивен Капус сот шешіміне байланысты былай деп мәлімдеді:
"Ресей билігі заңсыз ұсталған Алсу Құрмашеваны қылмыстық қудалаумен айналысып жатыр, біз бұл әрекетті айыптаймыз. Оны тек америкалық журналист болғаны үшін ғана түрмеге қамап, әділетсіз түрде тергеп жатыр. Енді оның түрмедегі мерзімін тағы да созды.
Халықаралық журналистік және құқық қорғау ұйымдары мен дипломаттар Алсуды қорғап жатыр. Азат Еуропа/ Азаттық радиосы бүгінгі тыңдауға өкілдерін жібергені үшін Еуроодақ елдеріне алғыс айтады".
Капус АҚШ мемлекеттік департаментін Алсу Құрмашеваны "заңсыз қамалған" деп ресми түрде тануға шақырды. Бұдан бұрын Ресейде ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалған америкалық журналист Эван Гершковичті мемлекеттік департамент "заңсыз ұсталды" деп таныған.
"Ресей Алсудың тағдырына толық жауапты. Ол дереу босатылып, зарыға күткен жақындарының қасына бірден жіберілуі керек" деп мәлімдеді Капус.
Ұсталғанға дейін Алсу Құрмашева Прагада бала-шағасымен тұрған. Былтыр мамырда ол отбасы жағдайымен туған қаласы – Қазанға бірнеше күнге барған.
ПІКІРЛЕР