Атырау облысы Махамбет ауданы Таңдай ауылдық округінің Қалмақты елдімекенінде табылған 38 киік өлексесі бойынша қылмыстық іс «қылмыс құрам болмауына байланысты» қысқартылды. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция ақпараты бойынша, тергеу киіктерді атып, далаға тастап кеткен «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері екенін анықтаған. Олар өз жауабында киік санын реттеу мақсатында атқанын айтқан. Киіктердің санын реттеу «Охотзоопром» инспекторларына тапсырылған.
Азаттық тілшісі киіктерді атып, далаға тастап кету дерегі бойынша комментарий алу үшін «Охотзоопром» мекемесінің Батыс Қазақстан облысындағы филиалы басшысының орынбасары Талғат Кенжахметовке хабарласты. Бұл филиал Атырау облысын да қамтиды. Кенжахметов істің қысқартылғанынан хабарсыз болып шықты. Ол тергеу қорытындысы қолына әлі тимегенін алға тартты.
Оның сөзінше, киіктерді атып, далаға тастап кеткені үшін «Охотзоопром» инспекторының қатысы бары дәлелденсе, оған тәртіптік шара қолданылып, жауапқа тартылады. «Бұл инспектор жұмыстан шығарылады деген сөз» дейді Кенжеахметов. Инспектор Атырау облысы бойынша киіктерді ату мақсатында «Охотзоопром» жалдаған аңшылардың басы-қасында жүріп, киіктерді реттеу механизмі бойынша іс-шаралардың бекітілген алгоритмін қадағалауға жауапты.
«Біз аңшыларды уақытша жұмысқа аламыз. Инспектор олардың қасында жүріп, аңшылар киіктерді атып алған соң жүк машинасына тиеп, біз келісімшартқа отырған ет комбинаттарына апарып, тапсыру керек. Егер осы тәртіпте бұл шара атқарылмаса, онда біз өзіміз ішкі істер органдарына хабарлап, үстерінен іс қозғатамыз» дейді Кенжахметов.
Атырау облысында киіктерді реттеу, яғни ату 16 қаңтарда басталған. Қазақстанда киік ату 10 ақпанда тоқтатылды. Мұны экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қыс мезгілінде далада жүру қиындай түсуіне байланысты деп түсіндірді.
Далада табылған 38 киіктің өлексесі бойынша Махамбет аудандық полиция бөлімі "Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерін аулаумен заңсыз айналысу" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 339-бабының 2-бөлігімен) қылмыстық іс қозғаған болатын. Таңдай ауылдық округінің Қалмақты елді мекенінде жайрап жатқан киік денелерін малшылар тапқан. Олар мұны Атырау облыстық мәслихат депутаты Бақыт Қаметовке 25 қаңтарда хабарлаған. Киіктер нақты қай күні өлгені белгісіз. 26 қаңтарда депутат әлеуметтік желіде бұл жөнінде бірнеше видео жариялады.
Былтыр күзде Қазақстан экология министрлігі "киік ауыл шаруашылығына зиян тигізіп жатыр" деп, оның санын азайту үшін атуға рұқсат берген. Үкімет кейінгі 25 жылда киік саны 2 миллионға жетті дейді.
Құзырлы органдар жабайы аңды атып, ішек-қарнын алып тастаған соң денесі ветеринарлық бақылау үшін ет комбинаттарына жіберілетінін, содан соң сатылымға шығарылатынын, ал мүйіздері "Охотзоопром" мекемесінде арнайы тәртіппен нөмірленіп, қатталатынын айтқан.
Үкіметтің киік ату және аулау шешімі қоғамда қарсылық туғызып, экологтар мен ғалымдар бұған қарсы шыққан. Ауыл-аймақтағы халық дала "қанға боялып", "киік атылған жерінде қалып жатқанын" айтқан.
Билік киік атуға рұқсат берердің алдында ақбөкенді "Қызыл кітаптан" алып тастаған. Бұл шешімнің алдында Қазақстан жергілікті және халықаралық ұйымдармен браконьерлікпен күресті күшейтіп, қорғалатын жерлердің аумағын кеңейткен еді.
ПІКІРЛЕР