14 наурызда тұрмедегі белсенді Әйгерім Тілеужанды қолдап адвокаты мен қоғам белсенділері баспасөз жиынын өткізді. Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зауреш Батталова мен азаматтық белсенді Әлнұр Ілияшев түрмедегі белсендіге қысымды тоқтатуды талап етті.
6 наурызда адвокаты Айнара Айдарханова түрмеде жанжал болғанын, соған байланысты Әйгерім Тілеужанның үстінен "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" (107-бап) бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлаған.
Бүгін, 14 наурызда адвокаты Әйгерім Тілеужанның үстінен арыз жазған адам экспертизадан өтуден бас тартқанын айтты. Қылмыстық іс қозғауға жедел жәрдем қызметкерінің анықтамасы себеп болған. Анықтамада жәбірленушінің «саусағы сынғаны» жазылған. Ал Тілеужан адвокатқа түрме камерасында сөзге келіп қалғанын, ешкімге қол көтермегенін айтқан.
Баспасөз жиынына қатысқан Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова мұны саяси тапсырыс деп санайды. Ол депутаттарды, адам құқығын қорғау ұйымдарын белсендінің жағдайына назар аударуға шақырды.
Белсенді Әлнұр Ілияшев та Әйгерім Тілеужанға қысым жасалып жатыр деп есептейді. Ол белсендіге байланысты ашылған іс әдейі ұйымдастырылған деп есептейді.
Адвокат Айнара Айдарханованың айтуынша, бұл іс Тілеужанның негізгі ісі бойынша Жоғарғы сотқа шағымданған кезінде кедергі болады.
- Оның үстінен арызданған адам Жауғашты түрмесіне арыз жазып үлгерместен қылмыстық іс қозғалып, белсенді түрде тергеу басталып кеткен. Олардың мұндай жылдамдығы бізді таңғалдырды. Мұны Әйгерімнің жазасын өтеу мерзімін ұзарту мақсатында әдейі жасалған деп ойлаймыз. Бұл оның негізгі ісі бойынша кассациялық арызды қарауға кедергі келтіреді, – деді адвокат баспасөз жиынында.
Әйгерім Тілеужан Алматы облысы Жауғашты кентіндегі №10 (ЛА-155 колониясы) түрмеде қамауда отыр.
Азаттық колонияға хабарласып, бұл істің мән-жайы туралы сұрады. Алайда телефон тұтқасын көтерген түрме қызметкері сұраққа жауап бере алмайтынын айтып, бастығының атына ресми хат жолдауды сұрады. Азаттық редакциясы түрмеге ресми хат жолдады.
- Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужан былтыр шілдеде "Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға түрме жазасына кесілген. Белсенді бұл айыпқа келіспейді. Істе онымен бірге тағы төрт адам – Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменов 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "автомобиль ұрлады" және "тонады" деген айып тағылған. Бесеуі де тағылған айыпты мойындамаған.
- Алматы қаласының соты айыпталушылардың апелляциялық шағымын қарап, 10 қарашада үкімді күшінде қалдырған. Адвокаттар сот үкіміне кассациялық тәртіппен шағым түсіретінін айтқан еді.
ПІКІРЛЕР