Accessibility links

ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ миссиясы мен ЕО-ның Венадағы делегациясы Астанаға жауаптарын таныстырды


АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілі Майкл Карпентер
АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілі Майкл Карпентер

АҚШ Қазақстанмен "барлық мемлекеттердің" тәуелсіздігі, егемендігі мен территориялық тұтастығына деген ортақ құрметке негізделген "тұрақты" қатынасты бағалайды. АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілі Майкл Карпентердің Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Венадағы тұрақты кеңес отырысындағы сөзіне берген жауабында осылай деп жазылған.

Карпентердің жауабы бейсенбі күні ЕҚЫҰ жанындағы АҚШ миссиясының сайтында жарияланды.

Карпентер өз сөзінде "біздің қарым-қатынасымыз екі елге және тұтас Орталық Азияға бейбітшілік, тұрақтылық және гүлдену әкеледі" деп атап өткен.

Оның айтуынша, АҚШ 2023 жылы қыркүйекте Нью-Йоркте болған C5+1 саммиті барысында жасалған келісімдер мен міндеттемелерді жылы қабылдайды және "бұл тарихи кездесудің әрі қарайғы нәтижесін асыға күтеді".

Ол сонымен бірге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың адам құқығын қорғау бойынша "іс-қимыл жоспарын" да жылы қабылдағанын жеткізді.

"Аталған жоспар аясында бастамаларды жүзеге асыру (оның ішінде гендерлік теңдік, мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау саласында жоспарланып отырған ілгерілеушіліктер, азаптаудың алдын алу мен қамау орындарындағы дөрекі қатынас, еңбек құқығы мен еңбек қауіпсіздігі де бар) Қазақстан халқының әл-ауқатын едәуір арттырып, ЕҚЫҰ-ның Үшінші өлшемі (адамзат өлшемі – ред.) бойынша қызметімен өте жақсы үйлесіп тұр" деді Карпентер.

Карпентердің жауабы ол қызметтен кететін күні жарияланды. Майкл Карпентерді АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы тұрақты өкілі қызметіне АҚШ президенті Джо Байден ұсынған. Сенат оның кандидатурасын 2021 жылы 3 қарашада бекіткен.

Қазақстан сыртқы істер министріне жауабында Карпентер сонымен бірге АҚШ Қазақстанның ЕҚЫҰ сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілімен өзара әріптестік орнатуын, сонымен бірге "БАҚ пен азаматтық қоғам өкілдерімен кеңесуін жылы қабылдайтынын" да жеткізді.

Ол Астана ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы жөніндегі өкілінің заңнамаға қатысты ескертулерін ескереді және «экстремизм» және «өшпенділік» сияқты ұғымдарды құқықтық реттеумен айналысады деген үміті барын да жеткізді. Себебі елшінің атап өтуінше, мұндай ұғымдар заңнамада бұлыңғыр жазылса, пікір айту құқығын пайдаланғысы келген адамдарды қудалауға жол ашады.

Өз кезегінде Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы ЕО өкілдігі де жауабын таныстырған. Олар Ресейдің Украинаға басқыншылығы жалғасып жатқан тұста Қазақстанның «нақты» ұстанымын жоғары бағалайтындарын айтты.

Делегация өкілдері сонымен бірге ЕҚЫҰ-ның демократия, адам құқықтарын құрметтеу сияқты құндылықтарына ортақ міндеттемені атап өтті. Олар бұл міндетке "барлық мемлекеттердің" тәуелсіздігі мен егемендігі, территориялық тұтастығын құрметтеу де кіретінін жеткізді.

ЕО делегациясының мәлімдемесінде Қазақстан ЕО-ның Орталық Азиядағы маңызды әріптесі ретінде аталған. ЕО делегациясы өкілдері сонымен бірге ЕО Қазақстанмен "өзара тиімді барлық салада" қатынасты тереңдетіп, кеңейтуге бейіл екенін атап өткен.

"Инклюзивті, демократиялық және әділ қоғам құру жолындағы реформаларды одан әрі ілгерілету үшін Қазақстанмен жұмысты жалғастыра береміз" деп жазылған ЕО делегациясының мәлімдемесінде.

Олар сонымен бірге заң үстемдігін ынталандыру, адам құқығы мен негізгі бостандықтарды қорғау (оның ішінде БАҚ бостандығы мен жиналу еркіндігі де бар) бойынша талпыныстырды қолдайтынын жеткізді. Делегация өкілдері Еуроодақ президент Тоқаевтың елдің демократиялық, әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталған "саяси және экономикалық реформаларын" жылы қабылдайтынын да атап өткен.

"Біз заң үстемдігі, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды, соның ішінде бірлестіктер мен БАҚ бостандығын сақтауды ілгерілету жөніндегі күш-жігерді ерекше қолдаймыз. Бағдарламалар кеңсесі мен қабылдаушы ел билігі арасындағы ынтымақтастықты, әсіресе заң үстемдігі бойынша реформаларды және Қаңтар оқиғасын тергеу бойынша ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз" деп жазылған мәлімдемеде.

Бұған қоса, ЕО ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері жөніндегі өкілімен масс-медиа туралы жаңа заң жобасына қатысты кеңес жүргізгенін бағалайды, деді делегация өкілдері. Олар заң халықаралық стандартқа сәйкес болуы үшін жобаның ақырғы нұсқасында "ЕҚЫҰ және азаматтық қоғам өкілдерімен кеңестің нәтижесі" ескеріледі деген үміті барын жеткізді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, министр Мұрат Нұртілеу Венадағы кездесу кезінде Қазақстан "ЕҚЫҰ алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге белсене атсалысуға дайын" екенін жеткізген. "Энергетикалық қауіпсіздік, азық-түлік дағдарысы және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық сын-қатерлерге ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Мұрат Нұртілеу бұрын-соңды болмаған жаһандық дүрбелең жағдайында көпжақты институттардың рөлін атап өтті және еліміздің Ұйым функционалдығын сақтауға деген ұмтылысын растады. "Қазақстан ЕҚЫҰ-ны географиялық жағынан алуан түрлі өкілдігі бар, ортақ мүдделерге сай келетін бірегей платформа ретінде сақтау және нығайту қажеттілігіне терең сенеді" деді министр.

Қаңтар айында Қазақстан мәжілісіндегі жұмыс тобы "Масс-медиа туралы" жаңа заң жобасына түзетулерді ұсынған. Түзетулердің арасында "ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда" шетел ақпарат құралдары мен журналистеріне аккредитация бермеу туралы ұсыныс та бар. Билік өкілдері аталған түзетулер ақпарат құралдарын жабуға бағытталмағанын айтқан. Халықаралық баспасөз институты түзетулерге алаңдаушылық білдіріп, жобадағы бұлыңғыр тіркестер мен аккредитацияның жаңа ережелері Қазақстандағы шетел ақпарат құралдарының жұмысына тыйым салуы мүмкін екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG