Accessibility links

Каирде Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталды


ЦРУ директоры Уильям Бернс.
ЦРУ директоры Уильям Бернс.

Палестиналық ХАМАС радикал тобы Израильдің атысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдамады. Бұл туралы дүйсенбі, 8 сәуір кешке Каирден Reuters агенттігі хабарлады. ХАМАС тобын АҚШ пен Еуропа одағы террор ұйым деп таныған.

Бұған дейін Каирдегі келіссөзде ХАМАС пен Израиль арасында келісім жасалуы мүмкін деп айтылған. Бітім шартында екі негізгі тармақ болған: Израиль атысты тоқтатуға, ал ХАМАС тобы былтыр қазанда Израиль аумағына шабуылдаған кезде кепілге алып, өздерімен бірге әкеткен адамдарды босатуға тиіс.

Дүйсенбіде Палестина жағының ресми өкілі Израиль ұсынған шарттарды қабылдамағаны туралы хабар тараған соң, Израиль үкіметінің басшысы Биньямин Нетаньяху Рафах қаласына операция күні белгіленгенін мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, кейінгі айларда бұл қала Газа секторындағы шабуылдан қашқан палестиналықтарға "соңғы баспана" болған.

Өткен жексенбіде Израиль мен ХАМАС тобы өз өкілдерін Египетке жіберген. Каирде Катар мен Египет өкілдері де болды. Бұл келіссөздерге қатысуға АҚШ орталық барлау басқармасы (ЦРУ) директоры Уильям Бернс барды.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 7 сәуірде Газа секторының оңтүстігіндегі барлық жаяу әскерін шығаратынын мәлімдеген. Дүйсенбі күні Иерусалимде Нетаньяху Каирдегі келіссөз туралы егжей-тегжейлі есеп алғанын айтты.

"Өз мақсатымызға жету үшін біз үнемі жұмыс істейміз. Ең бастысы, кепілге алынған тұтқындарды босату және ХАМАС-ты толық жеңу", - деді Нетаньяху. Ол Израиль әскері Рафах қаласына қашан басып кіретінін айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG