Accessibility links

Коммунистер салған сүрең. Гималай асқан қазақтар


Қалибек хәкім. Қазақ көшінің Кашмирге аялдаған кезі. Сурет Хасен Оралтайдың “Елім-айлап өткен өмір” кітабынан алынды. 1952 жыл.
Қалибек хәкім. Қазақ көшінің Кашмирге аялдаған кезі. Сурет Хасен Оралтайдың “Елім-айлап өткен өмір” кітабынан алынды. 1952 жыл.

Шығыс Түркістан қазақтарының Такла - Макан, Гоби, Тибет, Үндістан, Кашмир асып, Парсы шығанағымен Түркияға ауып барғанына 75 жылдан асты. Азаттық радиосы 1989 жылы осы үркін кезіндегі Қалибек көшінің 40 жылдығына орай тізбекті хабарлар әзірлеп, трагедияға толы күндер куәларын сөйлеткен.

Азапты көш. Гималай асқан қазақтар
please wait

No media source currently available

0:00 0:53:19 0:00

Бұл үркіншілік күреске толы күндер болатын.

«1948 жылы жиырма мыңға жуық қазақтың отбасылары дүние-мүлкін буып түйіп, қой мен жылқысын, түйелерін айдап, коммунистер басқарған Қытайдың Шыңжаң аймағынан азапты көшін бастады. Екі жылдан соң, жолға шыққан қазақтардың алғашқы санының төрттен бірінен аз тобы ғана әбден титықтап, Шығыс Кашмирге жетті»,- деп жазады осы үркін туралы кітап жазған ұлыбританиялық журналист Годфри Лайас. 1956 жылы жарық көрген бұл кітабын ол осы үркін көштің Түркияға жеткен куәларының естеліктері негізінде жазған.

Көш тауқыметі жайлы Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітабында да көп деректер айтылған.

«ҚИЯМЕТ ҚАЙЫМДА КЕЗДЕСЕЙІК!»

1989 жылы Гималай - Бұланай асқан үркін көштің 40 жылдығына орай әзірленген хабарлардың көбін сол кезде Азаттық радиосының Қазақ бөлімін басқарған Хасен Оралтайдың өзі «Қаташұлы» деген атпен дайындаған екен.

Ол өзі көрген «Қалибек көшінің» сол жылдары әлі көзі куәгерлерінен сұхбат алған.

Қалибек, Қалибек Райымбекұлы, Қалибек хәкім – Хасен Оралтайдың әкесі, ел ағасы. Ол Шығыс Түркістанда коммунистерге қарсы астыртын ұйым құрып, кейін Қытай әскеріне ашық қарсы шапқан күрескер тұлғалардың бірі. Шығыс Түркістанда коммунистер ықпалы кеңейіп, олардың қысымы күшейе бастағанда, өз қарамағындағы елді бастап көшіп, кейін Түркияға жетеді.

Хасен Оралтайға сұхбат берген адамдардың бірі Мәдәлім Байқонақұлының естелігі назар аудартады. Мәдәлім Байқонақұлы «Азаттық радиосына – 70 жыл» подкасының бұдан бұрынғы эпизодынан белгілі. Подкастың өткен 20 сәуір күнгі эпизодында Мәдәлім қажының Алашорда үкіметінің әскеріне арналған «Алаш маршын» жеткізушілердің бірі болғанын айтқанбыз.

Мәдәлім қажы 97 жыл ғұмыр кешіп, бертінде 2019 жылы Түркияда дүниеден озды. Азаттыққа Бұланай асқан көш туралы естелік айтқан кезінде оның жасы 68-де екен. Ұлы босқын, үркін көш кезінде Мәдәлімнің жасы 48-де. Айтқанын тыңдасақ, ол өз атамекенінен 1947 жылы ауған.

Осы көш жайлы Kazak Exodus, қазақша аудармасы «Аспантау асқан үркін көш. Азаттыққа жорықтың хикаясы» деп аталатын алғаш кітап жазған ұлыбританиялық журналист, жазушы Годфри Лайас Шығыс Түркістанды «қазақтардың дәстүрлі отаны» деп атайды. Үркін көштің басталғанын ол былай сипаттайды. Дәйексөз қысқартылып қолданылды.

«Қазақтар қимас жүрекпен оңтүстікке, Жезкөлге аттануға дайындалды. Бірақ Жезкөлге апаратын жол Қарашардан Тұрпанға баратын негізгі жол арқылы өтетін. Ал бұл екі қаланы да 8 - әскер [Қытай әскері - Азаттық] басып алған болатын. Ақыр соңында қазақтар кішігірім топтарға бөлініп, көсемдері ең қауіпсіз, кедергісіз өтуге болады деп таңдап, алған жолдармен жүрді. Қалибек жақтастарының саны төрт жүз адамға жетті. Сондықтан мұнша адамды кез-келген таңдалған жолдан көзге түспей алып шығу мүмкін емес еді. Бірақ Қалибек коммунистер үшін қандай олжа болатынын біле тұра ең қауіпті жол өздеріне қауіпсіз болады деп шешті», - деп жазады Годфри Лайас.

Лайастың бұл жазғанын көрген адам Мәдәлім қажы былай деген.

«1947 жылы атамекеніміз Қызылшоқыдан кетіп, қыстың аралық айында [желтоқсан – Азаттық] Манас жеріне келдік. Бұл жерді бір қыс жайлап, 1948 жылы Санду, Машанға жеттік. Бұл жерден Үрімжі аймағына көштік. Ол жерде бір қыс жайлап, келесі 1949 жылы Қарашәрі жерінде жаз айларын өткіздік. Бұл жерде біз Такла-Макан, Гоби шөлдеріне өтетін Тарым дариясының суының қатқанын бақылап күтіп отырдық. Су он екінші айдың 15-де қатады екен. Қатпаса, құм жол бермейді, құмға қарай өту қиын. Жол көрсетер ұйғырларды тауып Құрттың тауынан, Қарақызылдың тауынан асып Чинди деген өзенге жеттік. Ол жерден Лобнорға түсетін өзен жағалайтын жолды тауып, 1949 жылы аралық айының 15-інде Көкіліктен көштік. Екі ай құлдилап көштік. Тарым дариясы шөлге байланысты төменгі ағысы көлге айналып кетеді екен. Сол көлдің қиынан өттік. Одан әрі өтсек, шөл екен. Көл мұзының қалыңдығы сырмақтың қалыңдығындай ғана екен. Түнде мұзға құм шашып, таң атқанша үш ауылдың көші өтіп үлгерді. Қалған үш ауылдың көші кейін қалып қойды. Өткен ауылдар Қалибектің, Байқонақтың, Хамзаның ауылдары еді. Сөйтіп көлдің ар жағында қалып қалған көштің бір бөлігімен аралда тұрып қоштасып, айқайластық. «Қиямет қайымда кездесейік. Қош, қош!» десіп ары қарай жүріп кеттік», - дейді Мәдәлім Байқонақұлы.

«МАЛ БІРІНІҢ ЖҮНІН БІРІ ЖҰЛЫП ЖАТТЫ...»

Шөлде шөл қысады. Қыстың айы болса да Такла - Маканда талайдың талқаны таусылды. Годфри Лайастың жазғаны:

«Алты күн бойы оңтүстік-шығысқа жылжи отырып, ерлер мен әйелдерді, балалар мен малды қатты шөл қысты. Жылқылардың тұяқтарын тұз жеп, олар түсіп жатты. Түйелердің аяқтары қансырады. Олар үшін үлкен тері ұлтаншалар тігуге тура келді. Тұздың көз қарықтыратын жалтыры мен суық тұзды жел бетті матамен бүркемелесе де, көздің қабынуына алып келді. Ерін жарылып, қансырады. Мата астында жиналған бу көзі жауып, жолды табуды қиындатты. Мұндай сынаққа барлығы төтеп бере алмады...» - дейді Лайас.

Годфри Лайастың 1956 жылы Лондонда шыққан Kazak Exodus "Қазақ көші" кітабының мұқабасы.
Годфри Лайастың 1956 жылы Лондонда шыққан Kazak Exodus "Қазақ көші" кітабының мұқабасы.

Мәдәлім Байқонақұлы Азаттық радиосына берген сұхбатында шөлдегі жағдайды сипаттайды.

«Адам қарасы көрінетін жерге барып, оба тігіп отырдық. Екі күн барып мен қалдым. Қалибектің айтуынша, алда не болары белгісіз болса, екі күн жүріп, екі күн тоқтап отырыңдар дейтін. Сөйтіп екі күн жүріп отырдым. Не отын жоқ, не су жоқ. Төртінші күні үстіме көш келді. Көш келгендегі жағдай мынандай: Адамбай мен үш ұйғыр кеткен. Ертеңінде су жоқ екен деп, сегіз атпен төрт адамды мұзға жібердік. Сөйтіп алды-артымызға қарамай күші жеткен көлікпен көше бердік. Тоғызыншы күн болғанда алдымыздан құм көрінді. Құмды көре сала бір-бірімізден сүйінші сұрадық. Көштің арты көрінбейді. Сонымен, алдымыздан құмтау көрінгеннен кейін, ол жаққа үш атты: Қалибек, Омар, Хамза кетті. Әр жотаға шығып, дүрбі салып, алдыда не бар екенін қарады. Ештеңе таба алмай тұрған кездерінде Омекең шығып сүйінші сұрай бастады. Сөйтсе, су тауыпты! Ол жерге барсақ, тар сайдың ішінен су ағып жатыр. Бірақ суы ащы болып шықты. Түйе де, адам да іше алмайды. Тұщы су қатады екен, тұзды су қатпайды екен. Түйелер сол маңдағы тұщы судың мұзын кеміре бастады. Сөйтіп әлгі жерге келіп тоқтадық. Отыны көп екен. Екі күн еру боп отырып, жолға шығайық десек, менімен жүрген бір қазақ, үш ұйғыр жоқ; жылқы айдаған балалар жоқ; Қалибектің ағасы жоқ; мұзға жіберген төрт жігіт жоқ... Сөйтіп жүріп кеттік. Көшіп кеткеннен кейін Қалибек аға Сабәділ мен Мөртханды бір түйеге отырғызып Лобнорға жіберді. Ондағы мақсаты Әділбекті, Адамбайды және басқа да сол сияқты көштен қалып қойған жұртты осы жолмен көшіріп әкелу. Біз оларға қарамай көше бердік. Таңертең көшіп жатқан кезде сегіз атпен кеткен төрт жігіт те мұзды алып жетіпті. Аттан мұзды аудара салдық та оларға шайларын ішіп, бізді қуып жетерсіңдер дедік. Күн-түн демей көшіп келе жатқан бір уақытта қар төпелеп жаумаймысың?! Керіштауға жеткенше сіресіп қалдық. Қар қалың жауды. Мал жейтін шөп жоқ, адам жағатын отын жоқ. Мал бірінің жүнін бірі жұлып жатты...» - дейді Мәдәлім Байқонақұлы.

«АЛДЫМЫЗДАН ӘСКЕР ТОСҚАН ЕКЕН»

Су тапшылығынен кейін енді қар құрсауы басталған. Мұз. Қар жастанып, мұз төсенді дейтін қатаң кез. Мәдәлімнің айтуынша, соған да қарамастан көш ілбіп қозғала берген.

«Қалибек бір топ жігітпен таудың бір жағынан тамдап жатқан су тауып алды. Сол судан қамыстың қусағы көрінген екен. Сол судың ішінде шөп бар секілді көрінген. Сөйтіп сол таудың ортасымен көшке қарамай жүріп кеттік. Көш келгенше мұзды жарып, жол салдық. Екі таудың ортасы көл екен, айналасы қарашірік қамыс. Келе салып сол жерге қона қалдық. Ол жерде 3-4 күн еру қонып, ары қарай жүретін болдық. Жүріп отырып, екі-үш сайдың құятын жеріне келдік», - дейді Мәдәләм Байқонақұлы.

Қатер иек астында. Бұл кезде Қалибектің керуені тоқтаған тұстан бірнеше күн ғана осы көштің алдын тосқан әскердің өткені белгілі болды. Жай әскер емес, қалың қол. Жаққан оттары да сөніп үлгермеген.

«Үш сайдың құйғанында үлкен, үкіметтің тас жолы бар екен. Біз келгеннен үш күн бұрын қалың әскер жатып кетіпті. Жігіттер түннің ортасында айналасын тексерсе, әскер толық кетіпті. Бізді шөлден қуа алмаған әскер бізді шамамен осы жерден шығады деп алдымыздан тосқан екен. Құдайдың көмегі болғаны сол – олар екі ай бізді аңдып жүріп, қар қалың жауғандықтан, үсіп өлетін болған соң, үкіметтері қайтсын деп әмір беріпті», - дейді көшті өткерген Мәдәлім.

ТИБЕТ – «ӘКЕҢ ӨЛСЕ, ЖАНАЗАСЫНА БАРА АЛМАЙТЫН ЖЕР»

Арада айлар өтеді, көштің жолға шыққанына жыл болып қалған. Босыған жұрт Құсайын тәйжі қарамағындағы Хаскөлде аялдаған кезде қуғыншы да жетеді.

«Бұл жер өзі қысы суықтау екен. Құсайын тәйжінің елі үй басына қой, серкеш ерулік бергені болмаса, бізге көп көмек көрсете алмады. 1950 жылдың соңы, аралық айының 15-і, шамасы. Ауылдың шетінен «қызыл әскер келіп қалды» деген хабар келді. Өзіміз қыстақта отырғанбыз, мал алыста, Арал деген жерде. Ол жаққа адам жіберіп үлгере алмай жатқанда ақшам кіріп кетті. Жаудан құтылған бір-ақ себебіміз: арамызда көлік жүре алмайтын терең жыра, сай бар еді. Әйтпесе, олардың танкілерінің жарығы біздің жаққа түсіп тұрған. «Қалатыңдар қалыңдар, жүретіндер, жүріңдер» деп санаулы уақытта шешім шығарылды. Содан 20 үй қаламыз деп шешті. Оларға бізге көрсеткен жақсылықтарын болсын, жауға көштің арты енді келеді деңдер деп айтып кеттік. Өзіміз енді екі күн тоқтамай көшіп отырып, Есекбақтыға келдік. Енді не істейміз деп отырғанда Түбеттің жонына түстік...» - деп еске алады Мәдәлім Байқонақұлы.

Бұл тұста оның меңзеп отырған «Түбеттің жоны» Тибет таулары болатын. Қыстың көзі қырауда, жолдағы сансыз кедергінің өзін айтпаған күннің өзінде, 3-4 мың метрден асатын сонша биікке көтерілу өлімге бас тігумен бірдей еді. «Түбеттің жоны сол заманда әкесі сонда өліпті десе, жаназасына бара алмайтын жер еді», - деп сипаттайды Мәдәлім Байқонақұлы. Оны осы тұста сұхбат жүргізіп отырған Хасен Оралтай «Өйткені ыс тиеді ғой», - деп толықтырған.

Бұл жерде «ыс тиеді» деп тауда кезігетін ауру түрлерін айтып отыр. Бүгінде оны «тау дерті», «тау ауруы» деп атаса керек. Ал үркін көш жайлы кітап жазған Годфри Лайас оны былай сипаттайды.

«Үлкен биіктік пен тұман ерекше ауруға душар етті. Оны қазақтар «ыс түтек» - «тұманнан болған ісік» деп атайды. Аштықтан асқазанның күп болып ісінуімен қатар, «тұманнан болған ісік» мұрыннан ағыл-тегіл қан ағызды. Тибетте шайқастан емес, осы аурудан көп адам көз жұмды. Ол Қалибектің бес баласын алып кетті. Бірақ оның үш әйелі мен үлкен ұлы Хасен одан аман қалды», - деп жазады ол.

Хасен дегені – осы Мәдәлім Байқонақұлымен сұхбат жүргізіп отырған Хасен Оралтай. Сұхбаттың өрбуіне құлақ түрсек, Қытай әскері Тибет жеріндегі көшке жеті рет шабуыл жасағаны айтылады.

«Көш келе жатыр... Бораннан алдыңғы жетелеген түйені артындағы түйе көре алмайды. Сөйтіп жүріп Түбеттің жонына шықтық та кеттік. Өлгеніміз өлді. Қалғанымыз қалып Түбеттің жонында жүріп жаз шығардық. Шыңжаңнан шыққан Маоның әскері Түбетке де басып кіріп бізге де қатты шабуылдады. Бізге жеті рет шабуылдады. Олардың әскеріне аздаған күшімізбен қарсы шығып отырып, құтылып отырдық. 1950-дің аралық айының аяғында Үндістанға келдік. Сөйтіп 1952-нің соңы 1953-тің басында Түркияға келдік», - дейді Мәдәлім көштің басынан кешкенін баяндай отырып.

Мәдәлім Байқонақұлы сол кеткеннен 40 жыл өткенде барып, атамекенін көреді. Оған жол 1987 жылы түседі. 68 жасында асарымды асадым, жасарымды жасадым деген Мәдәлімнің тілегі.

«Келген соң елде қалған ағайынның ахуалы қандай деп ойлаушы едік. Оларды да көрдім. 1987 жылы елге бардым, Ауғанстанға бардым, Иранға бардым, Алманияға, Сингапурға, Гонконгқа барып, бәрін аралап қайттық. Біз енді көретінімізді көрдік, істейтінді естедік, ендігіде келер ұрпақ жасай берсін», - деді Мәдәлім Байқонақұлы.

ТҮРКИЯҒА ЖЕТКЕН КӨШ

Бұланай асқан үркін көштің 40 жылдығына орай Хасен Оралтай сұхбат алған адамдардың бірі, Түркияда тұратын Баймолла Ісләмұлы. Үркін көшке ілескен кезінде Баймолланың жасы 37-де болған. Шағын сұхбаттан Тибет жонымен Бұланай асқан көшпен Парсы шығанағы арқылы Түркияға жеткен адамдардың бейнесін шырамытуға болады.

«Қызылөзеннің Тасбұлақтан шығып, Сарғал деген жерге келіп, Түбет жонына түстік. Одан жаяу-жалпы жүріп отырып, Тұз көлінен Үндістанның Кашмиріне келдік. Одан ары Түркияға келдік. Түркияда аш жоқ, кәсібімізді істеп, аман-есен, жақсы жүріп жатырмыз. Біз бұнда 1953 жылы келдік. Қарекетімізді қылып, балаларымызды өсірдік. Қазір Аллаға шүкір, баспанамыз бар, балалар да жетті, тыныш өмір сүріп жатырмыз. Қазір жасым 77-ке келіп қалды. Сауда істеймін. Алыс-берістемін. Таңертең сағат 5-те мешітке барып келем. Үйге келген соң өз ісіммен айналысамын», - дейді Баймолла Ісләмұлы барынша сол күндерді еске алмауға тырысып.

Одан сөз суыртпақтаған Хасен Оралтай Баймолланы былай таныстырады.

«Тілі түрікшеге бейімделіп кеткен Бәкең бұрын Жеменей, Жайсаң маңында өмір сүрген. Одан кейін Қызылөзен асып Тасбұлаққа келген. Бұл аймақта 1945 жылы төңкеріске қатысқан себебімен 1947 жылы Манас өзенінің шығысына өтіп, көше-көше 1949 жылы Көкілдің тауына келіп, сол жылдың 23 желтоқсанында Такла-Макан шөліне көшкен елдің ішінде болған. Үндістанның Кашмирі арқылы Бомбейге келген. Сол жерден пароход арқылы Ирактың Басра қаласын келген. Ирак, Сирияны басып отырып, туысқан Түркияға келіпті. 1953 жылдан бері осында тұрады. Жағдайы өте жақсы», - дейді Хасен Оралтай Баймолла туралы.

«БАЛАНЫҢ БІРІ АРҚАЛАП, БІРІН ҚҰШАҚТАП СЫҢАР АЯҚ ҚАШТЫМ»

Хасен Оралтай Баймолланың жұбайы Нұрғожайды да сөзге тартады. Ол Үндістан шекарасына жеткен кезде қуып жеткен Қытай әскерінің шабуылын еске алады.

«Көштің кезінде 30 жаста едім. Қазір 70-ке келдім. Гобиден өттік, Гималай тауларын асып, Үндістанға жеткенде, шекарада жау басты. Екі баламның біреуін арқалап, бірін құшақтап жаяу қаштым. Аяқ киімнің бірін киіп үлгермей, сыңар аяқ қаштым. Оқ жауып тұрды. Неге екенін білмеймін осы сәтте баламен қақайып тұрып қалыппын. Сол кезде үкірдай Хамзаның тастың жанында отырғанын көріп қалдым. Ол маған «қорықпа, маған қарсы қаша бер» дегені есімде. Екі баланы көтеріп, жанына бардым. Одан кейін не болғанын білмеймін. Ақырында жау кетіпті. Үндістанның шекарасына екі баламен жеттік...» - дейді Нұрғожай апай.

«МЕМЛЕКЕТТЕН ӘКЕЛЕ ЖАТҚАН ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫҢ ЖҰРТТА ҚАЛСЫН...»

Хасен Оралтай Азаттық радиосына сұхбат алған адамдардың бірі – Ғайни Нұрмұхаммедқызы. Ғайнидің әкесі Қалибекке қарасты елдің имамы болған. Көш кезінде Ғайнидің жасы 8-де. Ғайнидің сұхбатта «Хәкім», «Хәкім ата» деп отырғаны – Қалибек хәкім.

«Көкіліктен шыққаннан кейін хәкім жылқы, түйе, бала-шағаның дыбысын шығармай таң атқанша, әскер жүретін ағыннан [тасжолды солай атаған – Азаттық] өттік. Ол «осыдан аман-есен шықсақ, жолымыз түзеледі» деді. Ертеңінде бір жерде бір күн ғана еру қалып, көш қайтадан кетті. Лобнорға жеткенде сол жерге бізден бұрын жеткен адамдарды көрдік. Құсайын тәйжінің бұрынғы көші өткен жер екен. Адамдар бір-бірімен сүйінші сұрасып жатты. Шөлге, тұзға аяқ басқанымызды білмеппіз. Жер шалған адамдардан хабар келіп, әкемізге Хәкім атам «Моллеке, қайтадан көштің артына барып мұз әкеліңіз, бала-шаға сусыздықтан оқыс болып кете ме?» - деді. Әкем бірқанша кісімен мұз алуға кетті. Жолда келе жатқанда Хәкім атам от жағуды тапсырды. Көштен қалған, соңында келе жатқан адамдарға жарық болсын деді. Өйткені көштің қалай кеткенінің ізі жоқ. Жолдың бәрі ақ тұз болып кеткен. Бассаң, күтір-күтір етеді. От жаққаннан кейін, біз сияқты балаларды «бер тарт!» деп айқайлатқызып, кішкене төбелердің басына жүгіртті. Сөйтіп жүргенде кейін қалған адамдар да жетті. Оттың жарығын көрмесе, олар да адасып кеткен екен», - деген Ғайни Нұрмұхаммедқызы естелігін былай жалғады.

«Анам Хамила төркінінен келген тарғыл өгізге ішетін-жейтіннің бәрін артты. Хәкімнен алған бір түйеге көрпе жастығын артып, бауырым Тұрдақынды бесігімен арқасына көтеріп, мені қолымнан жетектеп, ілгері кеттік. Тәкіман батыр сол кезде жоқ. Хәкім олардың да балаларын түйеге артып, жүктерін теңдерге бөліп, көшпен алып шықты. Содан Үндістан шекарасына жетіп, сол жерде үш айдай тұрып қалдық. Бұл кезде мен дардай болып қалғам. Шекарадағы күндердің бірінде түнде постқа, күзетке «сен шық, мен шық» деп жүргенде ешкім шықпай қойды. «Алдына жақсы малдарын бөліп алғандар шықсын, біз шықпаймыз» десті. Хәкім сол кезде біздің үйге Нұрсейіт марқұмды жіберіп, моллекеңнің постқа шығуын сұрапты. Әкем шығайын деп тұрғанда, менің шешем өркөкірек, кеселді кісі еді, әкеме «сен постқа шықпайсың» деді. «Сен постта тұрғаныңда таңертең жау басады. Мына Ғани бір-ақ қашады, ал мына іші ауырып жатқан Тұрдақын жұртта қалады. Мемлекеттен алып келе жатқан жалғыз ұлың жұртта қалсын онда...» - деді. Әкем әйелге қарсы сөйлей алмайтын кісі еді, қайтерін біле алмай қалды. «Онда алланың көрсеткенін көреміз. Оған қиналатын бір нәрсе жоқ», - деп ол да постқа шықпай қалды. Сол күні таң ата шала ұйқыда жатырмыз. Аяғымызға шақайымызды тартып қойған. Маған да бабам [әкесін айтады – Азаттық] етік кигізбей, жүгіргенге жақсы болады деп шақай тартып қойған.

Қазақ көшінің Кашмирге аялдаған кезі. Сурет Хасен Оралтайдың “Елім-айлап өткен өмір” кітабынан алынды.
Қазақ көшінің Кашмирге аялдаған кезі. Сурет Хасен Оралтайдың “Елім-айлап өткен өмір” кітабынан алынды.

Сол күні таңертең өліп қалған Хамит қажы азан айтты. Азан шақыра бергенде, «келіп қалды, басып қалды!» деген дауыс естілді. Мен қаша жөнелдім. Хәкім атамның алдынан жүгіріп өте бергенімде бір нәрсе күмп ете түсті. Күмп ете түскенде тасқа тиген, шамасы қап-қара тұман басып кеткен... Хәкім атам тастың түбіне жата қалды. Мен де жата қалдым. Сөйтсек, әлгі атқаны қол бомбасы, гранат секілді ғой. Білмеймін не екенін, әйтеуір әлгі жерді қара тұман басып кетті, осыны анық білем...» - деп еске алады Ғайни Нұрмұхаммедқызы.

«ҚАНША АДАМНЫҢ ҚАЗА ТАПҚАНЫ ЕШҚАШАН АНЫҚТАЛМАС...»

«Бұл соңғы шайқас болды. Шекара бекетінің үнді командиріне егер қазақтардың Кашмирге кіруі кейінге қалдырылса, олардың қандай жағдайға ұшырайтынын дәлелдеу енді қажет болмады. Оның үстіне, қазақтар бұл сұмдық көріністі үнділер коммунистердің қандай аюандыққа барғанын басқаларға көрсету үшін таспаға жазып алғанын айтады. Осылайша, шекара ашылып, Манаста, Көкілікте, Кучэнде, Баркөлде, Гезкөлде коммунистермен шайқасып, Тибет арқылы ауыр жолы еңсерген қазақтар енді қауіпсіздікте еді. Шэн уақытынан Мао Цзэдунға дейін он сегіз жыл бойы коммунистерге қарсы шайқаста қанша адамның қазаға ұшырағаны ешқашан анықталмас. Бірақ мен жүз мыңнан аз болған жоқ деп ойлаймын», - деп жазды Годфри Лайас Үндістан шекарасындағы шабуыл туралы.

Оның жазғанына қарағанда бірнеше жыл көшіп азап шеккен көштен тірі қалғандар Үндістан шекарасынан 1951 жылы 10 қазанда өткен.

«Топ шекараның Тибет жағында Кашмирге кіруге рұқсат алғанша елу екі күн жоғалтты. Сринагарда тұратын түркілердің көшбасшысы Мехмет Эмин Бұғра олардың келгенін ести сала, Неру мырзаға топ атынан өзі жолығу үшін Делиге асықты. Олар коммунистермен Гезкөл мен Үнді шекарасына дейін алты рет және шекараға кіруді күтіп жатқанда екі рет шайқасты. Сонымен қатар олар тибеттіктермен үш рет қақтығысты. Қалибекпен Гезкөлден аттанған екі жүз отыз төрт адамның жүз жетпіс бесі ғана өз сапарының түпкі мақсатына жетті...» - дейді Годфри Лайас.

«Азаттық радиосына - 70 жыл» подкасының бүгінгі эпизодында Шығыс Түркістаннан Такла - Макан, Гоби шөлдері арқылы Тибет жоны, Бұланай тауларын асып, Үндістан, Кашмир, Парсы шығанағы арқылы Түркияға жеткен Қалибек хәкім бастатқан үркін көш туралы айттық. Азапты күндердің куәгерлерін тыңдадық. Қысқаша мазмұндалған бұл тақырыпты 59 эпизодтан толығырақ тыңдауға болады.

Көштің 40 жылдығы кезінде Азаттық радиосының Қазақ бөлімінің басшысы Хасен Оралтай тізбекті хабар ұйымдастырғанын білдік. Бүгінде сол хабарлардың кейбірі Хасен Оралтайдың Ұлттық академиялық кітапхандағы жеке қорында сақтаулы тұр.

Эпизодты Азаттық тілшісі Едіге Мағауиннің Шығыс Түркістандағы күрескер Оспан батырды тергеген Жағда Бабалықұлымен сұхбатында айтқан мына пікірімен аяқтағанды жөн көрдік.

«Біз 20 ғасырдағы қазақ тарихы дегенде, көбіне-көп қазіргі Қазақстан республикасы аумағындағы оқиғаларды түсінеміз. Ал шын мәнісінде қазақ тарихы қазақ өмір сүрген жерлердегі барлық тарихи оқиғаларды қамтыған жағдайда ғана қазақтың толық тарихы бола алады. Бұл тұрғыда Шығыс Түркістандағы қазақтардың тарихы Қазақстанда тиесілі орнын ала алмай келе жатыр».

«Азаттық радиосына - 70 жыл» аудиоподкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG