Accessibility links

Ескендір һәм "Ғаскер әні". Хасанғалиев шырқаған "Алаш маршының" ерекшелігі неде?


Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. Екінші қатарда (солдан оңға қарай): Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.
Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. Екінші қатарда (солдан оңға қарай): Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.

20 сәуір – Алаш шәһидтерінің күні. Азаттық радиосы Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін осы күні арнайы хабарлар беріп тұрған. Бүгін Азаттық радиосы материалдары жинақталған қордан табылған Әмина Нұғыманова және Ескендір Хасанғалиев орындаған Алашорда әскері маршының бірнеше нұсқасы туралы айтамыз.

"Алаш маршының" Ескендір Хасанғалиев шырқаған нұсқасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:40:54 0:00

Хасен Оралтайдың Ұлттық академиялық кітапханаға өткізілген жеке қорынан сөзін Жүсіпбек Аймауытов жазған, әні Міржақып Дулатовтікі делінетін "Ғаскер өлеңі" маршының екі нұсқасы табылды. Әнші Әмина Нұғыманова әннің Қытай қазақтары ортасынан жеткен үлгісін орындаса, Ескендір Хасанғалиев осы үлгіге қоса өзіндік бір нұсқасын фортепиано сүйемелдеуімен шырқайды. Өнер зерттеуші, әнші Еркін Шүкіманов оны авторлық нұсқа ретінде бағалайды.

60 ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАЛҒАСҚАН МАРШ

Ғұмар Қадышев – Алашорда қайраткері Міржақып Дулатовтың жерлесі. Міржақыпты өмірінде бірнеше рет көрген. Елден кеткен соң Мәскеуде тұрған. Сталиндік зұлмат құрбандары ақталғаннан кейін, 1990 жылдардың басында Алматыға келіпті. Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатовамен кездескен. Сол кездесуде Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің сол кездегі директоры Хасен Оралтай және радионың Алматыдағы тілшісі Едіге Мағауин де болған.

Хасен Оралтайдың Ұлттық академиялық кітапханаға өткізілген жеке қорында осы кездесу туралы Едіге Мағауиннің суреттеп айтқан аудио-жазбасы мен Ғұмар Қадышевтің даусы сақталған.

Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова (сол жақта) және Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай. Хасен Оралтайдың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы жеке қорынан.
Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова (сол жақта) және Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай. Хасен Оралтайдың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханадағы жеке қорынан.

Cол уақытта жасы сексеннен асқан Ғұмар ақсақал Алашорда әскерінің әніне айналған "Алаш маршы", "Алаш ұраны", "Ғаскер өлеңі" аталып кеткен "Ғаскер әнін" еске түсіріп, әуенімен айтып берген екен.

Бұл – 1991 жылы болған кездесу. Ол туралы Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова да естелігінде жазған. Айтуынша, Ғұмар Қадышев 1929 жылы "ел іші бүліне бастаған соң" Мәскеуге кеткен. Плеханов атындағы Мәскеу экономикалық жоспарлау институтына түседі. Оқып жүргенде соғыс басталады. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысады. Сонда Гүлнар Міржақыпқызы Ғұмардың айтуымен мына бір қызық жайды баяндайды.

"Жастайымнан өлең айтуға әуестігім мен қабілетім болатын. Полк командирі "даусың жақсы" деп мені өлең бастаушы "запевала" етіп бекітті. Ұзақ жаяулатып жүргенімізде, әскер шаршап-шалдығатын кездерде жауынгерлердің жігерін қайрап, көңілдерін көтеріп ән бастайтын едім. Бір қызығы, бала кезімде Торғайда айтып жүретін "Алаш маршы" ойыма түсетін, оны біліп жатқан жан жоқ, сескенбей "Қазақ маршы" деп бар даусыммен шырқайтын ем. Қасымдағылар әнге сүйсінетін, бірақ түсінбейтін", – деген екен Ғұмар Қадышев Гүлнар Дулатоваға.

please wait

No media source currently available

0:00 0:01:34 0:00
Жүктеп алу

Гүлнар Міржақыпқызының үйіндегі осы кездесуде композитор, жазушы Ілия Жақанов та болса керек. Ол өзінің "Үзілген ән" кітабында "Гүлнар апа "Алаш ұранын" дәл білетін заты татар Ғұмар ағай келді Москвадан деп 1991 жылдың шілде айының 16-күні бір топ зиялы кісілермен үйіне қонаққа шақырды", – деп жазады.

"Ғаскер өлеңі" жарияланған "Абай" журналының 1918 жылғы 7-саны. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры.
"Ғаскер өлеңі" жарияланған "Абай" журналының 1918 жылғы 7-саны. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры.

Ілия Жақанов "Абай" журналының 1918 жылғы жетінші санында жарияланған Жүсіпбек Аймауытовтың "Ғаскер өлеңіне" әуен жазған Міржақып Дулатов деп санайды.

"Бұл "Ғаскер өлеңі" Алаш әскерінің сарбазы Бейсембек Мұхаметжановтан Жәмбекке, Сейілбекке жеткен нұсқа. Сейілбек ақсақал жаздырған магнит таспасынан нотаға түсірген Бауыржан Жақанов, композитор; нотаны түпнұсқамен салыстырып, редакциялаған халық әртисі, дирижер профессор Алдаберген Мырзабеков" деп жазады Ілия Жақанов.

Ал Азаттық радиосы қорында осы әннің Жоламан Кұжимановтың орындауындағы нұсқасы сақталған. Жоламан әнші оны Ілия Жақанов жазып алған нұсқадан үйренсе керек.

"Ғаскер өлеңі" мәтіні "Абай" журналының 1918 жылғы 7-санында жарияланған. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры.
"Ғаскер өлеңі" мәтіні "Абай" журналының 1918 жылғы 7-санында жарияланған. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры.

"КОММУНИСТЕР ҚАШТЫ!"

Өнер зерттеуші Бақыт Жолдыбайқызы 2011 жылы Түркия қазақтарына барған зерттеу экспедициясында сол жақта тұратын Мәдәлім Байқонақұлының айтуымен "Ғаскер әнінің" тағы бір нұсқасын жазып алып, өзінің жеке сайтында нотасымен және аудионұсқасымен бірге жариялайды. Түркияда тұратын тарихшы, Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Әбдіуақап Қараның айтуынша, Мәдәлім қажы 97 жасап, 2019 жылы қайтыс болған.

Сол "Ғаскер әні" алашордашыларды қудалаған советтік Қазақстанға қалай қайтып оралды? Бұл туралы Азаттық радиосында ұзақ уақыт қызмет атқарған Хасен Оралтай өз естеліктерінде жазған. Ол 1991 жылы маусым айында тұңғыш рет Қазақстанға сапарлап келеді. Өзі де білетін, Ғұмар Қадышев айтқан маршты тыңдайтыны да осы кез болса керек.

Бұл әлі Совет одағы ыдырамаған кез еді. Сол сапарда Алматыда, Медеудегі жиында отырып, Хасен Оралтай кезінде белгілі әнші болған Әмина Нұғыманова екеуі "Ғаскер әні" аталған "Алаш маршын" шырқағанын былай деп бейнелейді:

"Біз дастархан басында отырғанда екі-үш жеңіл мәшинемен бес-алты кісі келді. Қасымда отырған жергілікті кісілер оларды "Қазақ әдебиетінің" бас редакторы Төлен Әбдік және Ғаділбек Шалахмет, тағысын тағылар деп таныстырды. Дастархан басында арнайы шақырылған әнші-күйшілер домбыраны күмбірлетті. Әсем әндерді шырқады. Ол көрініс біздің ішіміздегілерді де қоздырды", – деп жазған Хасен Оралтай осы жиында Түркиядан келген қонақтардың да болғанын айтады.

"Арамыздағы бір ulkuchi мақсатшыл ақын микрофонды сұрап алып, Зия Гөкалыптан, Нихал Атсыздан шумақтар оқыды. Қымыздың буы ма, қанының қызулығы ма, "... түріктестердің туын Мәскеуге апарып тігеміз, жауыз коммунизмді жоямыз..." деген жолдары бар марштарды да айғайлап тұрып айтты. Дәл сол кезде менің көзім Әмина Нұғыманға түсті. Әмина ханымның сол жылы, Германияға, Мюнхендегі біздің үйге келгенде "Арғы атам – ер түрік..." деп басталатын "Алаш маршын" өз әнімен айтқаны есіме түсті. Дереу Әмина Нұғыманның қасына бардым да, қолынан жетелеп, бет жаққа шығып алып, "Енді 1917 жылы құрылған қазақтың ұлттық тәуелсіз үкіметі Алаш Орданың гимні – "Алаш" маршын айтамыз. Орындарыңнан тұрыңдар!" – деп дауыстадым. Мен соны айтқан бойда әлгі жеке мәшинелерімен келген Төлен Әбдік пен Ғадылбек Шалахмет тобы орындарынан тұрып, ешкіммен қоштаспай жөңкіле жөнелді. Оны көрген "Азат" қозғалысы мен "Алаш" партиясының жігіттері "Коммунистер қашты! Коммунистер қашты!" – деп айқайлады..." – деп жазады Хасен Оралтай.

ШЫҒЫС ТҮРКІСТАНДА ПАРТИЗАНДАР ДА "АЛАШ МАРШЫН" ШЫРҚАҒАН

Сол ортада болған журналист, қоғамдық белсенді Жұмаш Кенебаев былай деп еске алады:

– "Алаш маршы" Медеуде айтылғанда, әннің кереметтігіне көзім жетті. Сол қарсаңда, Хасекеңдер Қазақстанға келерде, бізге "Алаш маршының" мәтінін жіберген. Біз оны "Азат" газетіне жарияладық. Кейін Хасекең келіп, Медеуге бара жатқанымызда ол газетке жарияланған осы марштың сөзін қоса ала жүруімізді сұрады. "Хормен айтамыз" деді. Сонда бәріміз Медеу баурайында тік тұрып, "Алаш маршын" хормен шырқадық. Тау іші жаңғырып кетті десем болады. Ол кезде әлі коммунистік партия бар. Орталық комитет қызметкерлерінің қаша жөнелетін жөні бар. "Алаш" сөзі "халық жауы" мағынасында айтылатын әдет әлі жойылмаған кез ғой. Бәріміз ән айтып тұрған кезімізде әлгі кісілер тұрып кете бастады. "Коммунистер қашып бара жатыр!", "Коммунистер қашып бара жатыр!" дегенде елдің бәрі күлді. Олар арттарына жалтақ-жалтақ қарап, төмендегі мәшинелеріне зытып бара жатты. Сол бойы кетіп қалды...

Жұмаш Кенебаев Медеуде "Алаш маршын" Хасен Оралтаймен бірге қосылып, ән бастаған Әмина Нұғыманова "Ғаскер әнін" Қытайдан үйреніп келген дейді. Алаш қайраткерлері заманында Шәуешекке де барғаны тарихтан белгілі. Әмина Нұғыманованың жары Дубек Шалғынбаевқа ән ерекше әсер беріпті. Дубек кейін коммунистер қолынан қастандықпен қаза тапқан.

"Дубек Шалғынбаев көзі ашық, нағыз білгір, нағыз саясаткер болатын", – деген Жұмаш Кенебаев Дубектің досы болған Жағда Бабалықұлынан естіген мына бір қызықты деректі де ортаға салды.

– Қытайда, Шығыс Түркістанда коммунистерге қарсы партизандар қозғалысын бастаған Жағда Бабалықұлының маған айтқаны бар еді. Сонда ол Түркістан әскерін сапқа тұрғызғанда "Алаш маршы" шырқалатын дейтін. "Оны сіздер қайдан білесіздер?" дегенімде Жағда "Мен Әминадан үйрендім, Әминаның жұбайы Дубек Шалғынбаев досым еді" деп айтып отыратын еді, – дейді Жұмаш Кенебаев.

"АЛАШ МАРШЫН" АЛТЫ ЖАСЫНАН БІЛЕТІН ӘМИНА

Азаттық радиосының материалдары сақталған Ұлттық академиялық кітапханадағы Хасен Оралтайдың жеке қорында кезінде белгілі әнші болған, кейіннен Қазақстан мұсылман әйелдері лигасын басқарған, қоғамдық белсенді Әмина Нұғыманова шырқаған "Ғаскер әнінің" бір нұсқасы сақталған. Бірақ айтушысы Әмина Нұғыманова екені жазылмаған. Бұл нұсқаның жоғарыда Ғұмар Қадышев айтқан марштан айырмасы бар. Өнер зерттеуші Еркін Шүкімановтің айтуынша, Нұғыманова салған ән Мәдәлім Байқонақұлы жеткізген нұсқамен бірдей.

Әмина Нұғыманованың даусын қызы Баян бірден танып, растады. Оның айтуынша, "Алаш маршы" аталған "Ғаскер әнін" Әмина алты жастан бастап үйренген екен.

– Иә, бұл – марқұм анам Әминаның өз дауысы, орындағаны – "Алаш маршы". Бұл маршты анама алты жасында марқұм татар анасы Ғылмиуафа Ғайнетдинқызы Гереева жаттатқан. Ғылмиуафа анамыз, яғни нағашы әжем заманында Алаш сарбаздарына өз қолымен брезенттен жауын өткізбейтін шекпен тіккен, әскерді киіммен жабдықтауға үлес қосқан. Нағашы атам Нұғыман қажы Қасенұлы үлкен меценат болған. Нұғыман атамыз Алашордаға үлкен материалдық көмек берген, демеуші болған. Кейін Нұғыман атамыз қызыл әскердің оғынан мерт болғанда Әсет ақын Найманбайұлы атамызға арнап жоқтау жазып, соны Нұғыманның келіндеріне айтқызған екен. Ал анам Әмина аталарымыз Қытайға көшкенде шекарада туған. 25 жасына дейін Қытайда тұрып, кейін Қазақстанға оралған, – деді Азаттыққа Әмина Нұғыманованың қызы Баян.

Баянның айтуынша, Әмина Нұғыманова бір кезде ауруханада жатқанына қарамастан, тарихшы Әзімбай Ғали барып "Ғаскер әнін" таспаға жазып алған екен. Сол кезде Әзімбай Ғали жазып алған әннің нотаға түскен-түспегені, арғы тағдыры белгісіз қалған.

Осы жетекпен Әзімбай Ғалиға хабарластым. Ол кісі бұл айтылғандарды "есіне түсіре алмағанын" айтып, бәлкім қателік кеткен болар деген емеурінмен жауап берді.

"ҒАСКЕР ӘНІ" ЖӘНЕ ЕСКЕНДІР ХАСАНҒАЛИЕВ

"Ғаскер әнінің" Ғұмар Қадышев, Жоламан Құжиманов айтқан бір нұсқасына және Мәдәлім Байқонақұлы мен Әмина Нұғыманова шырқаған екінші нұсқасына қосымша Ескендір Хасанғалиев айтқан үшінші бір нұсқасы табылып отыр. Өнер зерттеуші Еркін Шүкімановтің пікірінше, ол әйгілі марштың үшінші нұсқасы, бәлкім авторлық нұсқасы болуы да ғажап емес.

Сол нұсқа Хасен Оралтайдың Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхандағы жеке қорынан шықты. Кітапханаға тіркегенде Ескендір Хасанғалиевтің аты-жөні қате жазылыпты. Содан да болса керек, басында дауыс иесі Ескендір Хасанғалиев пе, жоқ басқа адам ба деген күмән тудырды.

Ескендір Хасанғалиев қордағы цифрландырылған файлда "Ғаскер әнінің" екі нұсқасын бір демде іркес-тіркес бес рет шырқапты дейді өнер зерттеуші Еркін Шүкіманов. Бұл әндер диктофонға жазып алынған.

Бір нұсқа – бұрын-соңды айтылмаған вариант, ал екінші нұсқа Мәдәлім қажы мен Әмина Нұғыманова айтқан вариантқа келеді дейді Шүкіманов. Әндер фортепианоның сүйемелдеуімен орындалған.

Ескендір Хасанғалиев шырқаған "Ғаскер әні" – "Алаш маршының" нұсқаларын төменнен тыңдауға болады.

please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:22 0:00

Алашорда әскерінің маршы болған "Ғаскер әнінің" Ескендір Хасанғалиев шырқаған екі нұсқасы Азаттық радиосы эфирінен берілген-берілмегені белгісіз. Азаттықтың сол кездегі қызметкерлерінен сұрастырып көргенімде, олар "мұндай елеулі әнді естісек, есте қалар еді ғой" деген сарында жауап берді.

Хасен Оралтайдың жеке қорында Ескендір Хасанғалиев шырқаған "Ғаскер әнінің" мәтіні жарияланған. Басқаша толық мәлімет кездеспеді. Композитордың аты-жөні қате жазылған соң, алдымен Ескендір Хасанғалиевтің дауысы екендігіне көз жеткізу керек болды. Өнер зерттеуші Еркін Шүкіманов Ескендір Хасанғалиевтің үнін жазбай таныды.

– Бұл бес рет шырқалған – екі түрлі ән. Оның бірі – халықтық әуенге жақын, Мәдәлім Байқонақұлы естіген үлгі. Тағы бір нұсқасы – мөлшері Ескендір ағаның өзі шығарған әні ме деп ойлаймын. Ал дауыс Ескендір ағанікі. Мен анық біліп отырмын, – деді Еркін Шүкіманов.

Хасен Оралтайдың жеке қорында Азаттық радиосы материалдарының арасында сақталған "Ғаскер әні" нұсқалары жөнінде әнші Еркін Шүкіманов былай деп тұжырады:

– Әмина апаның орындағаны да Мәдәлім Байқонақұлының нұсқасы. Сонда Ғұмар ақсақал мен Жоламан әншінің айтқаны – бір, ал Мәдәлім ақсақал, Әмина апа және Ескендір айтқан екінші нұсқа – бір. Тек Әмина апа бір-екі нота қосып жіберіпті. Ол кісі өзі әнші ғой. Әдетте әншілер өздеріне лайықтайтыны белгілі, – дейді өнер зерттеуші Азаттыққа.

Әнші Кенжеғали Мыржықбаев та Хасен Оралтайдың жеке қорындағы "Ғаскер әнін" шырқаған адамның Ескендір Хасанғалиев екенін айтады. "Алаш маршын" үйде отырып орындаған сияқты", – дейді ол.

БІРЖАН ХАСАНҒАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ?

Ескендір Хасанғалиевтің ұлы Біржан да музыкант, Алматыдағы Чайковский атындағы музыка колледжі директоры. Әкесі шырқаған "Ғаскер әні" туралы сұрақтарға таңғала жауап берген ол файлдағы дауыстың композитордың үні екенін растады.

Композитор, әнші Ескендір Хасанғалиев
Композитор, әнші Ескендір Хасанғалиев

– Екі файлда да әкемнің даусы екені анық. Бірақ осы әндерді орындағанын естімеппін... Сондықтан қарау керек. Әкемнің жай қағазға жазылған ноталары өте көп. Клавирдің ішінде жоқ екені анық. Өйткені мен клавирге өте қатты мән беремін. Бірақ мына әнді көрмеппін, қайта қарау керек... Мүмкін әкем отырған жерінде естіп алып, нотасын жазып алып, бірден айтты ма екен? Олай болуы да мүмкін. Мына әндердің стилистикасында Қытай қазақтарының ырғағы байқалатын сияқты. Тоқсаныншы жылдар десек, ол кезде мен жаспын... Айтпақшы, тоқсаныншы жылдардың басында Қытай қазақтарының үйге келгені есімде. Олардың қолында диктофон болушы еді, совет елінде ондайды біз көрмеуші едік... Әкем бір-екі әнді осылай айтып, олар жазып алған да сияқты... Осындай бір эпизодтар есіме түсе бастады, – дейді Біржан Хасанғалиев.

Ол әкесінің осы әндерге қатысты ноталары, жазбалары болса, тағы да қарап, деректі тереңірек зерттейтін айтты.

Ал Еркін Шүкіманов "Ғаскер әнінің" Қазақ радиосы қорында ақын Диқан Әбілев өз сұхбатында айтқан болуы мүмкін тағы бір нұсқасы сақталуы ықтимал дейді.

Азаттық радиосы 2010 жылғы 3 тамызда "Зерде" хабарында да Алаш әндері жайында тоқталған. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі 56-эпизодынан толығырақ тыңдауға болады. Осы эпизодта Хасен Оралтайдың жеке қорынан табылған Алаш әскерінің маршы ретінде тараған, 1990 жылдары Қазақстан мұсылман әйелдері лигасын басқарған Әмина Нұғыманова, одан кейін белгілі композитор, әнші Ескендір Хасанғалиев шырқаған "Ғаскер әні" туралы баяндадық. Өнер зерттеуші Еркін Шүкіманов кейінгі нұсқаны Жүсіпбек Аймауытовтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің әні деп тұспалдайды. Бір айта кететін жай, "Ғаскер әні" мен Алашорданың гимні болған "Алаш маршы" екеуі екі бөлек ән. Бірақ кейде Алашорда әскеріне арналған "Ғаскер өлеңін" де "Алаш маршы" деп атап жатады.

Эпизод басында Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрғанда Азаттық радиосында 20 сәуір Алаш шәһидтері күні ретінде аталып, арнайы хабарлар беріліп тұрғанын айттық. 1918 жылғы 6 наурызда сол кездегі Алаш, қазіргі Семей қаласында әскери жаттығу кезінде Алашорда әскері кіші командирлерінің бірі Қази Нұрмұхаметұлы большевиктер оғынан қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін 20 сәуірді "Алаш шәһидтерінің күні" деп атау ұйғарылған.

Алашорда автономиясының билігін қолдайтын қазақ жастарының ұйымдары осы күні Алаш әскерінің алғашқы құрбаны Қази Нұрмұхаметұлының отбасына көмектесу үшін арнайы қайырымдылық акциясын өткізген. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 2023 жылғы 6 мамырдағы эпизодында кеңірек айтылады.

"Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдап, ой-пікір бөлісуге болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG