Accessibility links

Аймақта "әлсіреген" Мәскеу, "ықпалы күшейген" Анкара және Ресейдің "бақылауынан арылғысы келетін" Орталық Азия


Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі саммитке қатысқан Ресей, Қазақстан және Түркия басшылары. Душанбе, 15 маусым 2019 жыл.
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі саммитке қатысқан Ресей, Қазақстан және Түркия басшылары. Душанбе, 15 маусым 2019 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Орталық Азияда Ресейдің позициясы әлсіреген сайын Түркияның ықпалы күшейіп жатқанын талдады. Сонымен қатар аймақ Ресейдің бақылауынан арылуға ұмтылып, өз бетінше саяси шешім қабылдауға мүдделі екенін саралады. Одан бөлек соғыстан Қазақстанға қашып келген ресейліктердің Астана оларды кері қайтарады деген үреймен өмір сүретінін жазды.

"МӘСКЕУ АЙМАҚТА ӘЛСІРЕГЕН САЙЫН АНКАРАНЫҢ ЫҚПАЛЫ КҮШЕЙІП ЖАТЫР"

Орталық Азияда Ресейдің ықпалы әлсіреген сайын Түркияның ықпалы күшейіп жатыр, деп жазады Швециядағы халықаралық қатынастар институтының сарапшысы Йохан Энгвалл АҚШ-та шығатын National Interest басылымындағы мақалада.

Мәскеу Украинаға басып кіріп, оған Батыс санкциялары салынған соң, оқшауланған Ресей Түркиямен экономикалық қарым-қатынасты нығайтты. Түркияның Ресейге экспорты өсті, Мәскеу импорт бойынша Анкараның негізгі серіктесіне айналды. Автордың пайымдауынша, екі елдің арасындағы серіктестікпен қатар геосаяси бәсеке бар: Анкара Мәскеу өзінің ықпал ету аймағы деп есептейтін Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда белсенділігін күшейтіп жатыр.

Түркия Каспий аймағындағы геосаяси ықпалын 2020 жылы Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ соғысынан кейін күшейте бастады. Анкараның әскери қолдауы арқасында Баку мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы 1990-жылдардан бері бақылаған аумақтың біраз бөлігін қайтарды. Ал 2023 жылдың қыркүйегінде Әзірбайжан «Ресей бітімгершілік күштерінің көз алдында» Таулы Қарабақты толықтай бақылауына алды. 2024 жылдың сәуірінде Ресей Таулы Қарабақтан әскерін толықтай шығарды.

Энгвалл Түркияның Оңтүстік Кавказдағы табандылығы Орталық Азияның түркі мемлекеттеріне Анкарамен серіктестік тиімді екенін көрсетті дейді. Ал Украинамен әуре болған Ресей Оңтүстік Кавказда әлсірегендіктен, оның қауіпсіздік кепілдігі Орталық Азия үшін әуеде бос қалқып қалды.

Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы Ресейді айналып өтетін Транскаспий көлік дәлізін жандандыруға септігін тигізеді. Транскаспий дәлізі немесе Орта дәліз – Еуропа мен Азияны Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ бен Түркия арқылы жалғайтын автокөлік жолдары, теміржол мен теңіз жолдарының желісі. Орта дәліздің тиімділігін арттыру үшін Қазақстан, Әзербайжан, Грузия мен Түркия бағытты 2027 жылға дейін дамытудың жол картасын жасады. Бұл елдер дәліздің өткізу қабілетін қазіргі 2 миллион тоннадан 10 миллион тоннаға жеткізуді көздейді. Бұл үшін Орта дәліздің бойында орналасқан мемлекеттер транзит және сауда кедергілерін жойып, теңіз порттары мен шекара пунктеріндегі тар жерлерді кеңейтуі керек. Еуроодақ қаңтар айының аяғында еуропалық және халықаралық инвесторлар Орта дәлізді дамытуға 10 миллиард доллар инвестиция құятынын мәлімдеді.

Автор дәл Ресей сияқты Түркия да аймақты көпжақты формат – Түркі мемлекеттерінің ұйымын ілгерілетіп жатқанына назар аударады. Оған мүше елдер – Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын қабылдады. Оның мақсаты – тауар, капитал, қызмет, технология мен адамдар еркін қозғалатын Еуроодаққа ұқсас түркітілдес мемлекеттердің ұйымына айналдыру.

Ресей Украинаға басып кірген соң, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия елдері дипломатиялық қарым-қатынасты әртараптандыруға ұмтылып, халықаралық нарыққа шығуға талпынды. Түркия Мәскеудің ықпал ету тетігі болған қорғаныс, энергетика мен мәдениет саласында белсенділікті күшейту арқылы Ресейге балама күш ретінде қалыптасып келеді.

"РЕСЕЙДІҢ БАҚЫЛАУЫНАН КЕТКІСІ КЕЛЕТІН ОРТАЛЫҚ АЗИЯ"

Австралиядағы Conversation басылымы Мәскеу Украинаға басып кіріп, Ресей президенті Владимир Путиннің назары соғысқа ауған шақта, Орталық Азия елдері үшін тәуелсіз саяси жолды таңдау мүмкіндігі туғанын жазды.

«Географиялық жақындық пен елдердің экономикасы өзара байланысты болғандықтан, Ресеймен қарым-қатынасты біржолата үзу екіталай нәрсе. Бірақ Орталық Азия елдері Ресейге қарайламай өз бетінше саяси шешім қабылдауға мүдделі екенін көрсететін белгілер баршылық», дейді мақала авторы Ұлыбританиядағы Аберистуит университетінің оқытушысы Анастасия Махон.

Автор бұған мысал ретінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың маусымында Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Путиннің көзінше Украинаның шығысындағы «ДХР» және «ЛХР» жікшіл аймақтарын мойындамайтынын айтқанын келтіреді. Одан бөлек Тоқаев Қазақстан Ресейге Батыстың санкцияларын айналып өтуге көмектеспейтінін мәлімдеді. Дегенмен автор Орталық Азия мемлекеттері 2014 жылы Қырымның аннексиясын айыптағысы келмей, бейтарап қалғанын еске салады. Украинадағы соғыстан кейін аймақтағы мемлекеттер басқа елдермен қарым-қатынасты күшейтуге ұмтылды, сөйте тұра Ресейді ашуландырмауға тырысты.

Орталық Азия республикаларының жетекшілері Ресейдің Украинаға басып кіруін құптамайтынын басқа амалдар арқылы көрсетті. Түркіменстаннан өзге аймақ елдері Ресейдегі ішінара мобилизациядан қашып, пана іздеген мыңдаған азаматты қабылдады.

Дей тұрғанмен БҰҰ бас ассамблеясында бұл мемлекеттер Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптайтын қарарға дауыс бергенде қалыс қалды немесе Ресеймен бірге дауыс берді. 2022 жылғы желтоқсанның ортасында БҰҰ Қырым мен Севастопольде адам құқықтары бұзылғаны туралы қарар қабылдағанда, Қазақстан қарсы дауыс берді. Ол құжатта Ресей соғысты тоқтатсын және Украина аумағынан әскерін алып кетсін деген талап айтылған.

«Орталық Азия Ресейден тәуелсіздікке ұмтылып, әрі аймақтағы күштер теңгерімін бұзбай, баланс ұстанып жатыр» дейді Махон. Басылым былтыр аймақ басшыларының Нью-Йоркте АҚШ президенті Джо Байденмен және Германия канцлері Олаф Шольцпен Берлинде кездесуін өзгеріс нышаны деп бағалайды.

C5+1 саммитіне қатысып отырған АҚШ президенті мен мемлекеттік хатшысы және Орталық Азия елдерінің басшылары. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2023 жыл.
C5+1 саммитіне қатысып отырған АҚШ президенті мен мемлекеттік хатшысы және Орталық Азия елдерінің басшылары. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2023 жыл.

Автор Батыс осы мүмкіндікті пайдаланып, аймақта Ресейдің ықпалын жойып, табиғи ресурстарға бай Орталық Азиямен одақтар құрғысы келеді деп есептейді. Батыс елдері осы қарым-қатынасты дамыту арқылы энерготасымалдағыштардың экспортын жолға қойып, Ресей басым болып келген аймақты тұрақты ете алады. «Ресей ұзақ соғысқа қамданғандықтан, Орталық Азия үшін Батыспен жаңа қарым-қатынас орнатудың қосымша мүмкіндігі тумақ, бірақ кез келген өзгеріс біртіндеп келеді», деп қайырады Махон.

СОҒЫСТАН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАШЫП КЕЛГЕН РЕСЕЙЛІКТЕРДІҢ ҮРЕЙІ

Францияда шығатын Le Monde газеті соғыс үшін Ресейден қашып, Қазақстанды паналағандар Астана оларды кері қайтарады деп үрейленетінін жазды.

Мақала авторы Эмма Колле «Украинадағы соғыстан Қазақстанға қашып келген ресейлік офицерді ұрлап әкетіп, елдегі әскери базаға жеткізген оқиғадан соң, 15 әскери қызметкер осы кепті құшамыз ба деген үреймен өмір сүріп жатыр» дейді.

Солардың бірі – 2022 жылдың аяғында әскерден қашып, Астанада тұрып жатқан 30 жастағы Олег.

«Кедей отбасынан шықтым, әскер – күнкөрістің жалғыз көзі. Украинада соғыс бастала салысымен мені ұрыс жүріп жатқан аймаққа жіберді. Талай рет әскерден кетуге тырыстым, нәтиже шықпады. Алты айдан соң демалысты пайдаланып үйге қайттым да, бір күннің ішінде Қазақстанға өттім», дейді ол.

Қазақстан халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюросының мәліметінше, елде Украинадағы соғыстан қашып келген кемінде 15 ресейлік жауынгер тұрып жатыр. Олардың саны одан да көп болуы мүмкін. 2022 жылы Ресейде ішінара мобилизация жарияланғанда мыңдаған ресейлік Қазақстанға ағылды.

Автор шекарадан өтіп Қазақстанға келу қауіпсіздікке кепілдік бере алмайды дейді. Қазақстан Ресеймен өзара құқықтық көмек туралы келісімге тәуелді, ол қылмыс жасаған және әскерден қашқандарды ұстауға мүмкіндік береді.

Бурятияның тумасы, Ресей әскерінде келісімшартпен жұмыс істеген 23 жастағы Камиль Касимов былтыр маусымда Астанаға қашып келген. Биыл 23 сәуірде Касимовтің жұмысына төрт адам келіп, оны Приозерскідегі Ресейге тиесілі әскери бөлімшеге алып кеткен.

Қазақстан халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюросының заңгері Денис Дживага қылмыстық кодекске сәйкес, әскерден қашу экстрадициялауға негіз бола алмайды дейді.

Қазақстан билігі Ресей сұрау салған кейбір азаматтарын еліне қайтарған. Былтыр жылдың аяғында Қазақстан мобилизациядан қашқан Федерациялық күзет қызметінің майоры Михаил Жилинді құқық қорғаушылардың сынына қарамастан Ресейге депортациялады. Ол Ресейде мобилизация кезінде әскери қызметтен қашу, шекараны заңсыз кесіп өту баптары бойынша 6,5 жылға сотталды.

Ресей әскерден қашқандардан бөлек, соғысқа қарсы белсенділерді де нысанаға алған. Олардың кейбірі Қазақстаннан басқа елге кете алды. Солардың бірі – ресейлік журналист Евгения Балтатарова. 2022 жылдың наурызынан 2024 жылдың наурызына дейін Астанада тұрған Балтатарова Францияға кетті. Қазақстан оған босқын мәртебесін бермеді.

Ресей соғысқа қарсы тағы екі ресейлік белсенді – Айхал Аммосов пен Наталья Нарскаяны экстрадициялауды талап етті. Алматы полициясы Аммосовты 2023 жылдың қазанында, ал Наталья Нарскаяны былтыр маусымда Ресей өтініш бойынша ұстады, олар содан бері уақытша қамау абақтасында. Заңгер Дживага оларға босқын мәртебесін беруге өтініш түсіргенін, бірақ шешім шықпағанын жеткізді. Блтыр күзде оларға «пана іздеуші тұлға» куәлігі берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG