Accessibility links

Референдум жайлы сауалнама жариялап айыппұл алған "Наша газетаның" апелляциясы қанағаттандырылмады

Қостанай облысының соты "референдумға қатысты сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп айыпталған "Наша Газета" басылымының апелляция шағымын қанағаттандырмады. Осылайша облыстық сот басылылмға салынған 129 750 теңге айыппұлды күшінде қалдырды. Бұл туралы газеттің өзі хабарлады.

5 ақпанда "Наша газета" сайтында "Апта сауалы" айдарымен референдумда ұсынылатын Конституцияны қолдайсыз ба?" деген мағынада сауалнама жариялап, жұрт 11 ақпанға дейін дауыс берген. Бұл кезде елде жаңа Конституция жобасы әлі талқыланып жатқан. Ал 12 ақпанда сауалнама қорытындысын газетке басылған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция бойынша референдум 15 наурызда өтетінін 11 ақпанда жариялаған еді.

Прокуратура сауалнаманың газетке шыққан нәтижесінде сауалнама жүргізген ұйымның ақпараты, тапсырыс беруші мен сауалнаманы жүргізуге кім ақы төлегені жайлы ақпарат көрсетілмеген деп сотқа шағымданған.

Сотта басылымның бас редакторы Тимур Гафуров "газет қоғамдық ұйым емес екенін, сауалнама басылымның тұрақты айдары екенін айтқан" еді.

Тараптарды тыңдаған Қостанай қаласындағы сот "Наша газета" "Сайлауға қатысты әлеуметтік сауалнама жүргізу ережесін бұзды" деп шешім шығарып, 30 АЕК, яғни, 129 750 теңге айыппұл салған еді.

"Наша газетадан" бөлек "Уральская неделя" басылымы Тоқаев референдумды 15 наурызға белгіленетінін мәлімдеген күні Telegram-арнасында жаңалық жариялап, соңына "Референдумға барасыз ба?" деген сұрақты қоса кеткені үшін айыппұл алды.

Алматы соты Азаттық тілшісі Мақпал Мұқанқызын Х әлеуметтік желісіндегі жеке парағына Қазақстанда 15 наурыздағы референдум жөнінде сауалнама жариялағаны үшін әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл салған.

Қазақстанда "Сайлау туралы" заңға сай, елде тіркелген, кемінде кейінгі бес жыл әлеуметтік сауалнама жүргізген заңды тұлға өткізе алады. Сауал салғысы келген институт Орталық сайлау комиссиясына ұйым туралы және сауаланаманы өткізуге қатысатын мамандардың біліктілігін растайтын құжаттарды, сауалнама өтетін өңірлер мен қолданылатын талдау әдістерін жазып жіберуі керек. ОСК әлеуметтік ұйымдардан құжаттарды қабылдап, соның негізінде рұқсат беру не кері қайтару құзыреті бар.

Елде сайлау я референдумда қоғамдық сауалнаманы билікке жақын институттар жүргізеді. Мәселен, биылғы референдумда сауал салғандар қатарында биліктегі "Аманат" партиясының Қоғамдық саяси институты, Ақпарат және мәдениет министрлігі жанындағы "Қазақстандық қоғамдық даму институты" бар.


XS
SM
MD
LG