27 сәуірде Астанадағы сот Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза, Төлегеноваға 2 жылға түрме жазасын берді. Кішкентай балаларының болуына байланысты Төлегенова жазасын екі жылдан кейін өтейді. Ерлі-зайыптының мүліктері де тәркіленеді.
Блогерлер "пайдасы жоқ курс сатып, ұту мүмкіндігі өте төмен лотерея ұйымдастырған" деп айыпталған. Айыптау актісіне сай, Жанәбілов пен Төлегенова 2025 жылы тамызда автокөлік ұтысын ұйымдастырып, бұл ұтысқа қатысу үшін адамдарға 60 долларға курс сатып алуды ұсынған. Айыптау тарабы бұл конкурс арқылы блогерлер 248 млн теңге тапқан дейді. Ерлі-зайыпты зиян келтірген 248 миллион теңге көлеміндегі соманы толық қайтарғанын, прокурор талабына ерікті түрде келіскенін мәлімдеді.
Басында прокурор Олжас Хайруллаев екеуін 4 жылға түрмеге қамауды сұраған. Кейн блогерлер процессуальдық келісімге келуді ұсынып, мұны прокурор қабылдады. Келісімнен оң Жанәбілов пен Төлегеноваға екі жыл жаза тағайындалды.
БЛОГЕРЛЕР, ЛОТОРЕЯ ЖӘНЕ ОЙЫН БИЗНЕСІ
Жанәбілов пен Төлегенованың ісі – Қазақстанда желі арқылы ұйымдастырылған лотереяға қатысты қозғалған алғашқы қылмыстық іс. Елде миллиондаған оқырмандары бар блогерлердің саны артып, олар жаппай конкурстар мен лотереялар ұйымдастыра бастаған тұста Қазақстан жаңа заң қабылдады. Яғни, 2023 жылдан бері онлайн-платформалар мен блогерлердің құқықтары мен міндеттері 2023 жылы қабылданған "Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заң" арқылы реттеле бастады. Ал ұтыс өткізу, ойын бизнесін ұйымдастыру "Ойын бизнесі", "Лоторея қызметі" туралы заңдармен қадағаланады. Ал оны бұзған адамдар әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ұтыс ойындарын жүргізу тек лицензиясы бар операторға рұқсат етіледі. Қазақстанда бұл құқық жалғыз "Сәтті жұлдыз" деген оператордың еншісінде. Ал әлеуметтік желідегі ұтыс ойындары заңсыз лотерея саналады. Мұны бұзған адамға 100 АЕК (2026 жылы 432,5 мың теңге), кәсіпкерлерге 300 АЕК (1 млн 297,5 мың теңге) айыппұл салынады. Ал лоторея қызметін алаяқтық мақсатта пайдалану 10 жыл түрме жазасына апаруы мүмкін.
Спорт және туризм министрлігінің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін 121 адамға жиыны 49,9 млн теңге айыппұл салынған. Олардың арасында блогерлер де бар.
Мәселен, қаржы мониторинг агенттігі былтыр 34 блогердің онлайн ойындар мен казиноны жарнамалауға қатысы барын анықтаған. 11-і әкімшілік жауапқа тартылған.
2023 жылы күшіне енген "Онлайн-платформалар" туралы заң бойынша, желідегі парақшасында ақылы жарнама шығаратын блогер ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс. Парақшасында бір затты не қызметті жарнамаласа, оның ақысы төленгенін білдіретін таңба қоюы керек.
2025 жылы кірістер комитеті банктермен бірлесіп жеке есепшоттарға түскен қаражатты тексере бастады. Содан бастап комитет блогерлерге табысын декларациялау туралы хабарлама жібере бастаған.
Қаржы министрлігінің дерегінше, 2022–2023 жылдары 854 блогер жиыны 71,9 млрд теңге табысын жасырған. Бұл 2025 жылы анықталды дейді ведомство. Орган оларға хабарлама жіберген соң, 622 блогер қосымша 18,2 млрд теңге табыс тапқанын көрсеткен, содан 875 млн теңге салық төлеген.
Қаржы министрлігі биыл 93 блогерге табысын жасырғаны туралы жіберген хабарламасын қайтарып алғаны белгілі болды. Алайда соның 12-сі қосымша 1,4 млрд теңге табысын өз еркімен көрсетіп, 73,6 млн теңге қосымша салық төлеген.
"ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЖЫ САУАТТЫЛЫҒЫ - БАСТЫ МӘСЕЛЕ"
Азаттық блогерлердің табысы және салық ашықтығы туралы тақырыпты қаржы саласындағы сот істерін қатысып жүрген адвокат Нұржан Есенәлинмен талқылады.
Азаттық: Жанәбіловтер отбасына қатысты сот аяқталды. Бірнеше миллион аудиториясы бар блогерлер заңсыз лоторея өткізді деп істі болып жатыр. Сіздіңше, осы оқиға нені көрсетеді?
Есенәлин: Бұл жағдай мемлекеттің блогосфераны құқықтық реттеудің толыққанды субъектісі ретінде қарай бастағанын көрсетеді. Әсіресе, сөз миллиондаған жазылушысы бар танымал блогерлер туралы болып отыр. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы блогерлер шартты түрде "сұр аймақта" өмір сүріп келді. Олар қоғамға, қоғамдық пікірге айтарлықтай ықпал етті, бірақ дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары сияқты жауапкершілік жүктелген жоқ. Сондықтан қазір бұл бағытта құқық қолдану тәжірибесі де, мемлекеттің көзқарасы да өзгерді. Өйткені біз XXI ғасырда өмір сүріп отырмыз, ақпарат алу мен байланыс тәсілдері жыл сайын өзгеріп, дәл әлеуметтік желілер қоғамдық пікірге де, ақпарат тұтынушылар мен оны таратушылар арасындағы қатынастарға да үлкен әсер етеді. Құқықтық тұрғыдан алғанда, мұндай процестер заңды түрде реттелуге тиіс деп санаймын және мемлекет дәл соны жасап жатыр. Жалпы қорытындылай келе, бұл белгілі бір деңгейде басқа блогерлерге жасалған үлкен сигнал. Осыған ұқсас шараны, ұтыс ойындарын өткізгенде құқықтық талаптарға барынша мұқият қарау қажет деген ишара.
Азаттық: Қазақстанда миллиондаған, жүз мыңдаған аудиториясы бар блогерлер курс сатады, табыс табады. Бұл жердегі салықты "Онлайн платформалар, онлайн-жарнама" туралы заң қаншалық дұрыс реттеп отыр?
Есенәлин: Бұл тұрғыда айтарым, иә, біз өзіміз де куәміз, интернет пен түрлі әлеуметтік желілердің қолданушысымыз. Көптеген блогерлер түрлі конкурстар, жарияланымдар, ұтыс ойындарын өткізіп жатқанын көреміз. Алайда қолданушы ретінде мен блогерлердің, инфлюенсерлердің барлығы заң талаптарын толық сақтай бермейтінін байқаймын. Сіз атап өткен заңға келсек, ол салық мәселелерін тікелей реттемейді, осы саладағы әрекеттерді реттейді. Ал салық салу мәселелерін реттейтін негізгі құжат — "Салық кодексі", соған сәйкес осы бағыттағы барлық талапты сақтау қажет. Жалпы, қазіргі таңда мемлекет бұл қызмет түрінің кең таралуы мен танымалдығын ескере отырып, құқықтық реттеу мен бақылау тетіктерін күшейтіп отыр. Яғни, бұл сала өз бетімен, бақылаусыз дамымай, нақты мемлекеттік реттеу аясында жүзеге асуға тиіс.
Азаттық: Блогерлер заңда көрсетілген тәртіпті ашық орындай ма? Мысалы, жарнамалық материал болса, оны ашық көрсету керек болады.
Есенәлин: Қолданушы ретінде байқағаным, жарнаманы белгілеу және басқа да талаптар әрдайым сақтала бермейді. Сондықтан барлық блогерлер заң талаптарын толық орындайды деп айту қиын. Сәйкесінше, қазір бұл — мемлекет үшін толық реттеліп, барлық бақылау тетіктері мен жауапкершілікке тарту механизмдері толық қалыптаспаған саланың бірі. Бірақ бұл уақыттың еншісіндегі мәселе деп ойлаймын. Болашақта осы бағытты нақты қадағалайтын арнайы бөлімдер, құрылымдар құрылуы мүмкін. Олар дәл осы саладағы бақылау мен реттеумен жүйелі түрде айналысатын болады.
Азаттық: Халықтың қаржылай сауаты туралы айтсақ, танымал адам курс сатса, сыйлық ойнатам десе, тұтынушы табылып жатады. Мысалы, бүгінгі істе Жанәбіловтер сатқан курстың мазмұнына сұрақ туған. Адамдар блогерлерге сеніп арандап отыр дейміз бе, әлде интернеттегі контентке жалпы алғанда сыни ойлау деңгейі қалыптасып үлгермеді дейміз бе?
Есенәлин: Қаржылық сауаттылық мәселесі — әсіресе Қазақстанда өте өзекті әрі күрделі тақырыптардың бірі. Адвокат ретінде айтар болсам, тек ұтыс ойындары немесе түрлі курстарды сатып алу мәселесі ғана емес, бізге жүгінетін клиенттердің көпшілігі дәл осы сауатсыздықтың салдарынан түрлі жағдайларға тап болып, келіп жатады. Яғни, заң бұзушылықтарға алып келетін жағдайлардың өзі көбіне халықтың жеткіліксіз қаржылық білімінен туындайды. Ұтыс ойындарына қатысуға келсек, көп жағдайда адамдар, яғни, клиенттер, ең алдымен блогердің танымалдығына сүйенеді. Қандай да бір ұтысқа қатысу не курс сатып алу туралы шешім қабылдағанда, олар бірінші кезекте автордың қаншалықты танымал екеніне қарайды. Сонымен қатар, белгілі бір блогерге деген сенім де үлкен рөл ойнайды. Бұл өз кезегінде адамдардың таңдау жасау кезінде жеткілікті деңгейде сыни ойламайтынын көрсетеді. Жалпы, қаржылық сауаттылық мәселесімен мемлекет те айналысып келеді — түрлі ескертулер, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қазір Қазақстанда интернет-алаяқтық пен киберқылмыстардың саны айтарлықтай артты. Мысалы, Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері әлеуметтік желілерде тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпарат таратады. Соған қарамастан, мұндай қылмыстар әлі де жиі жасалады және саны азаймай отыр. Сондықтан бұл тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп ойлаймын.