Accessibility links

ARTICLE 19 Астананы 19 белсендіге шыққан үкімді жойып, Қытай қысымына төтеп беруге шақырды

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылында, Қытай шекарасы маңында Қытайға қарсы наразылық шарасы (видеодан скриншот). 13 қараша, 2025 жыл.
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылында, Қытай шекарасы маңында Қытайға қарсы наразылық шарасы (видеодан скриншот). 13 қараша, 2025 жыл.

ARTICLE 19 халықаралық ұйымы Қытайдағы адам құқығы ахуалына қарсы бейбіт наразылыққа шыққан 19 қазақстандық белсендінің үкіміне алаң білдіріп, мұның артында Қытайдың трансшекаралық қудалау саясаты тұрғанын атап өткен.

Ұйым Қазақстан билігін түрме жазасына кесілген белсенділерді босатып, шартты жаза алғандардың үкімін жоюға үндеп отыр.

13 сәуір күні Талдықорған соты Қытай билігін сынаған 19 белсендінің 11-ін бес жылға бас бостандығынан айырып, қалғанына шартты жаза тағайындаған.

Былтыр қарашада олар тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының белсенділері мен жақтастары Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылында Қытай туы мен Қытай басшысы Си Цзиньпин портретін өртеп, Пекин саясатына наразылық білдірген. Олар Шыңжаңдағы "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен.

Осыдан кейін Қазақстан құзырлы органдары акцияға қатысқандарды ұстап, олардың үстінен "ұлттық араздықты қоздыру" (қылмыстық кодекстің 174-бабы) бойынша іс қозғаған.

ARTICLE 19 ұйымы осы тергеу барысында Қытай бас консулдығының Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жазған хатын мысал етіп, бұл қылмыстық қудалаудың артында Пекиннің трансшекаралық қысым көрсету науқаны тұрғанын айтады. Ұйым Қытайдағы адам құқығы мәселесін қозғаған қазақстандық белсенділерге бұған дейін іс қозғалып, олардың қудаланғанын, кейбірі шетелге кетуге мәжбүр болғанын атап өткен.

"Жаппай қылмыстық қудалаудың кейінгі толқыны Қазақстандағы азаматтық қоғам белсенділеріне: "Қытайға қарсы наразылық білдірсең, ауыр салдарға тап боласың" деген белгі беріп отыр" дейді ARTICLE 19.

Құқық қорғау ұйымы Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қосылғанын, ол пактіде азаматтардың бейбіт наразылыққа шығу құқығы қорғалғанын еске салады. Ұйымның мәлімдеуінше, ту мен портрет өртеу осы құқық аясында қорғалуы керек.

ARTICLE 19 ұйымы сондай-ақ Қазақстан билігін 174-бап сияқты тым кең ауқымды қамтитын нормалардан бас тартуға үндеп, Қытайдағы адам құқығының бұзылуын сынайтын азаматтардың бейбіт наразылыққа шығу құқығын қорғауға шақырады.

"Қазақстан Пекиннің күшейіп бара жатқан қысымына төтеп беріп, трансұлттық репрессияға сыбайлас болмауға тиіс" дейді құқық қорғау ұйымы.

ARTICLE 19 – 1987 жылы құрылған ұлыбританиялық халықаралық ұйым. Оның атауы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19-бабынан ("Еркін пікір білдіру құқығы") алынған.

XS
SM
MD
LG