Accessibility links

"Саяси кеңістікті тазарту". Белсенді Жахиннің үкімін, оппозициялық ұйымдардың ахуалын сарапшымен талқыладық

Белсенділер Амангелді Жахин, Бибігүл Иманғалиева, Марат Жыланбаев (солдан оңға қарай) тіркелмеген "Алға, Қазақстан" ұйымының жиынында отыр. 2022 жыл.
Белсенділер Амангелді Жахин, Бибігүл Иманғалиева, Марат Жыланбаев (солдан оңға қарай) тіркелмеген "Алға, Қазақстан" ұйымының жиынында отыр. 2022 жыл.

Белсенді Амангелді Жахин елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" Еуропарламент өз қарарында бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды. жұмысына араласты, қаржыландырды" деген айыппен жеті жылға сотталды. Бұған дейін осындай айыппен белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев та жеті жылға түрмеге кесілген. Екеуі де "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымын партия етіп тіркеуге талпынған еді. Азаттық белсенділерге шыққан үкімді, "Алға, Қазақстан" және басқа да оппозициялық ұйымдардың ахуалын Адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтиспен талқылады.

"ОППОЗИЦИЯЛЫҚ САЯСИ КЕҢІСТІКТІ ТАЗАРТУ"

Азаттық: Амангелді Жахин елде экстремистік деп танылған ҚДТ қозғалысын қолдады деп сотталды. Ол – партия болғысы келген "Алға, Қазақстан!" қозғалысының жетекші белсенділерінің бірі. Сіздіңше, бұл сот оның Мұхтар Әблязовпен байланысы үшін берілген жаза ма, әлде биліктің жаңа тәуелсіз партия құру әрекетіне деген реакция ма?

Евгений Жовтис.
Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис: Меніңше, екеуі де әсер етті. Өйткені билік бұл мәселеде бірізді әрекет етіп келеді. Есіңізде болса, олар экстремистік ұйым деп таныған ҚДТ қозғалысына қысым оның жетекшілерін қудалаудан басталған. Мұхтар Әблязовтың өзі, оппозицияда болған Ғалымжан Жақиянов пен Владимир Козлов қудаланғанын білеміз. Яғни, бұл сол кезеңдегі елдегі негізгі оппозициялық күшке бағытталған жүйелі қысым болды. О баста ҚДТ-ның шын мәнінде саяси партия болғанын ескеру қажет. Филиалдары мен ресурстары бар олар оппозициялық саяси партия болуға ұмтылды. Егер қателеспесем, 2006 жылы оның тіркеуі жойылды. Одан кейін ол әртүрлі атаумен 12 жыл бойы қайта тіркелуге тырысты, қысым да тоқтаған жоқ. Яғни, адамдары, ресурстары, ұйымдастырушылық әлеуеті бар оппозициялық құрылымға қарсы бағытталған қысым жалғасып келеді.

Сонымен бірге, Мұхтар Әблязовқа қатысты жеке көзқарас та әсер етті. Ол өзін басты оппозиционер дегенмен, билік "экстремист" деп сипаттайтын тұлға болды. ҚДТ-ны қолдап немесе оның атынан шыққан азаматтық белсенділердің ұсталғанын жақсы білеміз. Кейін дәл осындай қысымға ұшырап, іс жүзінде қызметін тоқтатқан "Көше партиясы" да болды. Бұл үдеріс үздіксіз жүріп отырды. Одан кейін Марат Жыланбаевтың, артынша Амангелді Жахиннің ісі. Осы тұрғыдан алғанда билік өте тиянақты әрекет етіп келеді. Яғни, ҚДТ-ны қолдауға, оның бағдарламасы мен идеяларын насихаттауға тырысқан адамдардың бәрі қудалауға ұшырайды.

Оның үстіне бұл қудалау қатаң сипатта болып, бостандығынан айыру жазасымен аяқталады. Тағы бір назар аударатын жайт — билік адамның нақты әрекеттеріне баға бермей, халықаралық тәжірибеге қайшы әрекет етіп отыр. Өйткені халықаралық стандарттарға сәйкес, ұйым террористік немесе экстремистік деп танылған күннің өзінде, адамды тек сол ұйыммен байланысы үшін соттауға болмайды. Мемлекет оның қандай да бір әрекет жасағанын дәлелдеуге тиіс.

Мысалы, егер сөз терроризм туралы болса, адамның өзі зорлық-зомбылыққа шақырғанын, өзі зорлық әрекеттерін жасағанын немесе соған қатысқанын көрсету қажет. Ал ҚДТ-ның қандай мәлімдемесінде немесе сөзінде терроризмге не экстремизмге қатысты зорлық-зомбылыққа шақыру болғанын мен білмеймін. Жыланбаевтың немесе Жахиннің де әрекеттерінде мұндай жоқ. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Экстремистік деп танылған ұйымның жұмысына қатысу") 174-бап ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") сияқты көбіне саяси құрал ретінде қолданылады. Яғни, дәлелдер жеткіліксіз болған жағдайда, формалды белгілерге сүйеніп, адамды экстремистік ұйымның қызметіне қатысты деп тануға мүмкіндік беретін құралға айналып отыр.

Азаттық: Өзіңіз айтқандай, Жахинге дейін дәл сол 7 жыл мерзімге Марат Жыланбаев та сотталды. Екеуі де қозғалыстың жетекші белсенділері еді. Одан бөлек, Эльвира Бекзадинаға да үкім оқылды, басқа да негізгі мүшелері тұрақты түрде ұсталып, айыппұл арқалап, қысымға ұшырап келеді. Жетекшілері түгел сотталғаны "Алға, Қазақстан!" қозғалыс ретінде тоқтатылды деген сөз бе?

Евгений Жовтис: Бұл жағдайға кеңірек қарау керек. Бұл жалпы саяси алаңды "тазарту" процесі. Бұл "Алғаға" ғана қатысты емес. Біз ешбір саяси ұйымның тіркелмей жатқанын көріп отырмыз. Бұл жерде тек "Алға" емес, "Біздің таңдау" да, "Демократиялық партия" да тіркелмеді. Мұнда тек тәсілдер әртүрлі, бірінде жай ғана тіркеуден бас тартады, ендігісінде оппозициялық қозғалыс лидерлерінің беделін түсіреді. Бұл — оппозициялық саяси кеңістікті "тазарту", саяси бәсекелестік ортаны жою процесі. Ал бізде ондай орта тіпті болған да жоқ. Кейде қысым жұмсақ болуы мүмкін, ал кейде "Алға, Қазақстанның" ісіндегідей қатаң болады. Ол биліктің әлдебір топты қандай қатер деп бағамдағанына байланысты.

Сондықтан, мәселен, Мұхтар Әблязов сынды қоғамға ықпал ететін базасы немесе мобилизациялық әлеуеті бар адамға я топтарға қысым күштірек. Мұнда тек қозғалыс емес, жеке фактор да маңызды. Яғни, азаматтық белсенділер немесе өзін саяси оппозиция ретінде таныстыратын адамдар, саяси субъектілікке ұмтылып, айналасына адамдарды топтастыра алатын тұлғалар ерекше нысанаға алынады. Осындай "жұмылдыру нүктелерін" билік қатаң түрде көзін жояды, өйткені оларды саяси тұрақсыздық ошақтары ретінде қарастырады. Иә, ҚДТ бұрыннан әлсіреп келеді, оның ашық қолдаушылар да азайған. Дегенмен әлеуметтік желілерге қарағанда, олардың позициясын қолдайтын материалдарды әлі де оқитын адамдар бар. Бірақ қоғамдық кеңістік барған сайын тарылып, бұл идеяларды ашық түрде насихаттауға тәуекел ететіндер азайып келеді.

Бұл қозғалыстың соңы ма, жоқ па — оны кесіп айту қиын. Өйткені "бос орынға отыратын қашанда адам табылады" деген қарапайым қағида бар. Билікке көңілі толмайтындар әрдайым болады, демократиялық жүйе түрлі көзқарастардың, соның ішінде партиялар түріндегі институционалданған оппозицияның болғанын көздейді. Бірақ авторитарлық режимде бұл саяси өріс үнемі тарылып, қатаң бақылауда болады. Билік, менің ойымша, мұны жалғастыра береді.

Әсіресе саяси транзит жағдайында, жаңа билік құрылымы қалыптасып жатқан кезде, процестердің бәрі тыныш, бақылауда және басқарылатын түрде жүргенін қалайды. Сондықтан бұл үрдіс жалғаса береді. Дегенмен әрдайым келіспейтін жаңа адамдар пайда болуы — қалыпты құбылыс. Ал әрі қарай жағдай одан әрі қатаң авторитаризмге, тіпті диктатураға бет ала ма, әлде біртіндеп либерализацияға өтіп, бейбіт саяси бәсекелестікке мүмкіндік аша ма? Қазір билік дәл осы екі жолдың торабында тұр.

"ТЫЙЫМ САЛУ, ЖАЗАЛАУ — АВТОРИТАРИЗМНІҢ ТАБИҒАТЫ"

Азаттық: "Алға, Қазақстан!" белсенділері партияны Әділет министрлігінде тіркеуге 26 рет талпынып, әр жолы түрлі себеппен оларға рұқсат берілген жоқ. Сіз бұл істі қалай түсінесіз? Бұған расымен министрлік айтқандай бюрократия мен құжаттағы кемшіліктерге себеп пе әлде оппозициялық партияның пайда болғанына билік саналы түрде тосқауыл қойды ма?

Евгений Жовтис: Оған күмәніңіз бар ма?! Кейінгі 15 жылда Қазақстанда бірде-бір оппозициялық саяси партия тіркелген жоқ. Мен үнемі бір қарапайым қағиданы қайталаймын: заң үстемдігі деген бар және заң арқылы басқару деген бар. Яғни, билік заңды өзінің саяси ұстанымдарын құқықтық формаға енгізудің құралы ретінде пайдаланады. Содан кейін құжаттан қандай да бір қате немесе кемшілік іздей бастайды.

Бұл жағдайдағы ең қызығы әрі ең өкініштісі — мемлекет шынымен азаматтардың бірлесу құқығын, соның ішінде саяси партия құру құқығын жүзеге асыруға көмектескісі келсе, керісінше оларға жәрдем беруі керек еді. Мысалы, дәл осындай тәсіл барлық коммерциялық ұйымдарға қолданылса, бізде бүгінге дейін ешкім компаниясын тіркей алмас еді. Банктер де, басқа ұйымдар да болмас еді. Өйткені тіркеуші органдардың міндеті — құқықтың пайдасына шешім қабылдау қағидатына сәйкес азаматқа өз құқығын тиімді жүзеге асыруға көмектесу.

Мемлекет адамның құқығын іске асыруға жәрдемдесуге тиіс. Сондықтан сіз тіркеуші органға барған кезде билік: "Мына жері дұрыс толтырылмапты, бұны былай түзетіңіз, тез арада дұрыстап әкеліңіз" деуі керек. Тап осылай болса, бастамашыл топ құжатты 25 рет тапсырып жүрмес еді. Бұл – шектен тыс жағдай. Сондықтан мұнда астыртын немесе анық белгілі саяси себептер бар екеніне менің еш күмәнім жоқ. Негізгі мақсат олардың құжатты дұрыс рәсімдеуіне көмектесу емес. Өйткені екі реттен кейін кез келген адам құжатты қалай дұрыс толтыру керегін үйреніп алады. Басты мақсат — оппозициялық саяси партияның тіркелуіне жол бермеу. Нәтижесі де көз алдында тұр. Ақыры партия тіркелген жоқ.

"Алға, Қазақстан" жақтастары белсенді Марат Жыланбаев отырған түрме алдында наразылық білдіріп, оны босатуды талап етті. Степногорск, Ақмола облысы, 7 сәуір 2025 жыл.
"Алға, Қазақстан" жақтастары белсенді Марат Жыланбаев отырған түрме алдында наразылық білдіріп, оны босатуды талап етті. Степногорск, Ақмола облысы, 7 сәуір 2025 жыл.

Азаттық: Халықаралық ұйымдар, мысалы, Еуропарламент, "Қазақстанның демократиялық таңдауын" бейбіт оппозициялық қозғалыс деп санайды, ал Қазақстан оны экстремистік ұйым деп таниды. Неліктен құқық қорғаушылар мен ресми Астана бір қозғалысқа мүлде әртүрлі баға береді? Сіздіңше, Астана бұл ұйымнан қандай қауіп көреді?

Евгений Жовтис: Ең алдымен, мұндай пікірді Еуропарламент қана айтып отырған жоқ. Кез келген халықаралық құқық қорғау ұйымдарының ұстанымына қараңыз. Мысалы, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетін, БҰҰ-ның түрлі арнайы топтарын қараңыз. Олардың ешқайсысы бұл қозғалысты экстремистік ұйым деп мойындамайды. Әлемде тіпті бұдан да даулы деп санауға болатын ұйымдар бар. Мысалы, Испаниядағы кейбір ұйымдардың қызметіне қатысты сұрақ көп. Бірақ олар да экстремистік деп танылмаған.

Мұның себебі өте қарапайым: халықаралық деңгейде нақты өлшемдер бар. ҚДТ қозғалысының өткір саяси риторикасынан басқа, конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге немесе билікке қарсы зорлық-зомбылық жасауға шақырған мәлімдемелерін көрген жоқпыз. Мен ондай мысалдарды таба алмаймын. Билік маған олардың бұрын-соңды зорлық-зомбылықты насихаттағанын дәлелдейтін бірде-бір мысал көрсете алмайды. Олар ешқашан күш қолданған емес, ешқандай зорлық әрекет жасаған емес және олай жасауға шақырған да емес. Мұны дәлелдейтін айғақ жоқ. Сондықтан біздің көзқарасымыз бен биліктің көзқарасы әртүрлі. Авторитарлық мемлекеттердің билігі кез келген тәуелсіз қозғалысты қауіп деп қабылдайды. Содан кейін экстремизм туралы түрлі айыптауларды жинақтай бастайды.

Тағы бір маңызды мәселе бар: халықаралық құқықта "экстремизм" деген ұғымның өзі жоқ. Халықаралық құқықта "зорлықшыл экстремизм" деген термин қолданылады, оның өзін нақты анықтаған қиын. Тіпті терроризмнің анықтамасына қатысты да пікірталас көп. Ал экстремизмді анықтаған одан да күрделі. Сондықтан айырмашылықтың себебі — мақсаттардың әртүрлі болуы. Демократиялық мемлекет үшін басты мақсат — алуан пікір айтылатын алаңды дамыту, саяси бәсекені қамтамасыз ету және зорлық-зомбылыққа шақыру сияқты ерекше жағдайларға ғана шектеу қою. Ал биліктің мақсаты — тыйым салу, жазалау және саяси билікті монополиялау. Авторитаризмнің табиғаты осындай.

Азаттық: Билікке оппозиция боламыз деп, партия құрамыз деп талпынған топ белсенділерінің ақырында осылай сотталып, түрмеге жабылғаны нені білдіреді? Және қазір Қазақстанда оппозициялық ой-пікіріңді заңды әрі қауіпсіз түрде білдірудің жолдары бар ма?

Евгений Жовтис: Совет одағында диссиденттерді қудалау қоғамға қандай белгі берсе, бұл да дәл сондай белгі береді. Бұл — "Көзге түспе. Сын айтпа. Қарсы пікір білдірме. Оппозицияда болма. Әйтпесе өзіңе қиын болады" деген сигнал. Ал егер қарсылығыңызды институционал деңгейге шығаруға, яғни, оппозициялық саяси партия құруға тырыссаңыз, оның салдары одан да ауыр болуы мүмкін.

Айтпақшы, мұның ұзақ мерзімді жағымсыз әсері де бар. Мұны ағылшын тілінде chilling effect деп атайды. Яғни, адамдардың саясатқа қатысуға деген ынтасы төмендейді. Бүгінде саясат, әсіресе оппозициялық саясат, қорқынышты сөзге айналып кетті. Бізде оппозициялық саясатпен айналысуға болмайтындай көрінеді. Өйткені оппозиционерлерді халық жауы, зиянкес немесе қалыптан тыс адамдар ретінде көрсетуге тырысады. Яғни, оппозициялық саясаттың өзі де, жалпы саясат саласының өзі де әдейі қараланып, жағымсыз құбылыс ретінде көрсетіледі.

Өзіңіз де талай рет естіген шығарсыз: біреу пікірін айтарда "әрине, мен оппозиционер емеспін" деп бастайды немесе "менің саясатқа еш қатысым жоқ" деп жатады. Көп адам мұның қалай естілетінін де ойламайды. Негізінде оппозициялық саясат — қалыпты құбылыс. Бірақ бізде оған бірден жағымсыз мағына жүктеледі. Мұның бәрі қоғамдағы саяси енжарлықты қалыптастырады. Яғни, саясатта белсенді болуға болмайды, саяси қарсылық көрсетуге болмайды, саяси бәсекеге түсуге болмайды. Биліктің мақсаты өте қарапайым — кез келген саяси бәсекені жою. Барлығы бақылауда болуы керек. Барлығы тәртіпке бағынуы керек. Ал бақылаудан шығып кетуі мүмкін кез келген адам қорқып жүруге тиіс. Тағы да қайталаймын: бұл — авторитарлық саяси модель. Оның болмысы сондай.

Әрине, демократияның сыртқы белгілерін қайталайтын элементтер бар. Кей кезеңдерде жұмсақтау авторитаризм мен демократияға еліктеу қатар жүреді. Бірақ кей кезеңдерде, әсіресе қазіргідей саяси транзит жүріп жатқан уақытта, билікке сезімталдық танытатын кез емес. Барлығы толық бақылауда болуы керек деген ұстаным басым болады. Сондықтан қысым да күшейеді, авторитаризм де қатая түседі.

Сол себепті қазір Қазақстанда оппозициялық ойыңды айтатын заңды тәсілдер өте аз. Тіпті жоқтың қасы. Бар болғаны рұқсат етілген тәсілдер ғана бар. Яғни, Конституция мен заң бойынша азаматтарға берілген құқықтар сақталмайды. Тек билік нені рұқсат етеді, нені рұқсат етпейді — бәрі соған байланысты жүріп отырады.

Айдар
XS
SM
MD
LG