Қазақстанда кейінгі айларда сотталған бірқатар журналиске негізгі жазадан бөлек, журналистикамен әрі қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салына бастады. Құқық қорғаушылар мұны сөз бостандығын шектеу және медиакеңістіктегі ішкі цензураны күшейту деп бағалайды.
31 шілдеде Алматы соты ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновті "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп танып, 1 жыл 3 айға бас бостандығын шектеді. Ол тергеу кезінде бірнеше рет аштық жариялап, іс қарала бастағанда соттың кей шешімдеріне де наразылық танытты. Қасеновтың наразылығы көбейгенде, ол кейінгі сот отырыстарына онлайн қатыстырылды. Жиындардың бірінде ол "Өлеріме дейінгі соңғы тілегім әйелімді көру еді. Жақын күндері өлемін" деп наразылығын білдіруді жалғастыра берді.
Шілде айының соңында "Бұзақылық" бабы бойынша агенттік директоры Әсет Матаевқа да үкім шықты. Бұған қоса, сот Қасеновке 5 жыл, ал Матаевқа 3 жыл журналистикамен айналысуға тыйым салды.
Былтыр желтоқсанда теміртаулық журналист Олег Гусевке де Алматы соты журналистік қызметіне тыйым салды. Былтыр желтоқсанда сот оны мақаласында кейіпкердің жеке дерегін жариялады деп айыптап, 3 жылға шартты түрде соттаған. Дәл сол кейіпкер туралы жазған тағы бір журналист Александра Алехова да биыл 3 тамызда 3 жылға сотталды. Негізгі жазадан бөлек, Алеховаға да 3 жылға кәсібінен шеттетілді.
Ал 21 шілдеде саяси сатирасымен танымал журналист, "Ахуал Сегодня" YouTube арнасының авторы Азамат Омаров екі айға қамалды. Оған "алауыздық қоздырды" деген айып тағылған. Омаров қазіргі биліктің саяси шешімдерін әзіл араластырып, көрерменге жеткізіп келген. Оның YouTube-тегі аккаунты өзі қамалғаннан кейін өшіп қалды.
Одан бөлек, шілдеде Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты сот процесі қарала басталды. Жыл басында Алматы қаласы Бостандық аудандық соты Бажкенованың қорғаушысы Мұрат Адамны адвокаттың лицензиясынан айырған. Сот мұны адвокаттың әлеуметтік желілердегі посттарымен негіздегенін айтқан. Екеуі де айыпты деп танылса, негізгі жазадан бөлек, оларға журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынуы мүмкін.
Азаттық сөйлескен құқық қорғаушылар мен медиа сарапшылар бұл сөз бостандығын шектеу дейді. Құқық қорғаушы Евгений Жовтис журналистерге қарсы жүргізіліп жатқан қылмыстық істер "құқықтың саяси мақсаттарды заңдастыру үшін қолданылатын классикалық мысалы" дейді.
МАМАНДЫҚТЫ ШЕКТЕУ
Қазақстанда журналистерді жауапқа тартуда жиі қолданылатын баптар қатарына мыналар кіреді: Қылмыстық кодекстің 274-бабы – "көрінеу жалған ақпарат тарату", яғни, ақпараттың жалған екенін біле тұра тарату; 147-бап – "жеке өмірге қол сұғу және жеке деректерді жариялау"; 174-бап – "әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік не діни араздықты қоздыру"; 419-бап – "көрінеу жалған сөз жеткізу", яғни, "қылмыс жасалды" деп құқық қорғау органдарына жалған ақпарат беру; 254-бап – "міндеттеріне адал қарамау", яғни, редакцияға жетекшілік ете тұра, міндетін адал атқармау не салғырт қарау.
Осы айыптардың қай-қайсына болсын сот көбіне негізгі жазадан бөлек, Кылмыстық кодекстің 50-бабына да телиді. Яғни, "белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру" бабына сүйеніп, журналистің кәсіби және қоғамдық қызметіне бірнеше жылға ресми тыйым салынады.
"Бұл тыйымға алғашқылардың бірі болып 2016 жылы Жер митингілерінен кейін Макс Боқаев ілікті. Максқа қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сосын судья оған тойларға баруға болатынын, бірақ саяси және әлеуметтік мәселелерге қатысты жиындар мен митингілерге баруға болмайтынын түсіндірді. Осыдан кейін бұл шектеу кеңейіп, тек қоғамдық қызметпен шектелмей, құқық қорғау, ал кейінгі жылдары журналистік қызметті де қамти бастады" дейді құқық қорғаушы Жовтис.
50-бап сотталған тұлғаның белгілі бір салада қызмет етуін шектейді. Мәселен, жемқорлардың мемлекеттік органдарға, ал педофилдердің педагогикалық мекемелерге жұмысқа тұруына тыйым салады. Судьялар осы баптың 3-тармағына сүйеніп, журналистерге де негізгі жазамен қатар кәсіби қызметке шектеу қоя алады. Қосымша жаза 1 жылдан 10 жылға дейін белгіленеді. Ал негізгі жазамен қатар берілгенде, бұл тыйымның мерзімі негізгі жаза аяқталған соң ғана есептеле бастайды.
Мысалы, 3 жылға шартты түрде сотталып, тағы 3 жылға кәсіби тыйым алған журналист Олег Гусевтің негізгі жазасы 2028 жылдың желтоқсанында бітеді. Демек, ол 2031 жылдың желтоқсанына дейін журналистикамен айналыса алмайды.
"Журналист мамандығы лицензияланбайтын болса, ол ерекше бір арнайы дағдыларды талап етпесе, онда бұл мамандықпен айналысуға қалайша тыйым салуға болады? Бұл – даулы мәселе", дейді "Құқықтық медиаорталық" ұйымының жетекшісі Диана Окремова.
Жақында сотты болған Александра Алехованың ісі жабық қаралды. Ал былтыр дәл осы кейс бойынша шартты жаза алған Олег Гусевке сот БАҚ пен әлеуметтік желіде бағдарлама, дебат ұйымдастыруға, эфирге шығуға, репортаж жариялауға және БАҚ құруға толық тыйым салды.
Бұл – тек журналистерге емес, саяси белсенділерге де қолданылатын бап. Мысалы, 2023 жылы саясаткер Жанболат Мамай алты жылға шартты түрде сотталғанда, судья оған журналистік қызметпен қатар кітап жазуға да тыйым салған еді. "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының директоры Нәзира Дәрімбет кәсіби шектеулердің көбеюі медиаортада ішкі цензураны күшейтіп жатыр деп есептейді.
"Мұның бәрі аз қалған тәуелсіз басылым, журналистер, блогерлер не белсенділерді өз-өзін цензуралауға, ақпараттық кеңістікте өз пікірін білдірмеуге алып келетіні анық. Сөз бостандығының солай шектеліп отырғаны анық" дейді Дәрімбет.
СОТ ИНТЕРПРЕТАЦИЯСЫ
ҚазТАГ агенттігінің жетекшілері Әсет Матаев пен Әмір Қасеновке қатысты сот үкімінде кәсібінен шеттету тыйымы "жаңа қылмыстың алдын алу үшін" енгізілгені жазылған.
"Сонымен бірге жаңа қылмыстардың алдын алу үшін сот Қылмыстық кодекстің 50-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотталушылар Матаевқа, Қапароваға және Қасеновке қосымша шектеулермен журналистік қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындауды қажет деп санайды" деп жазылған ҚазТаг басшыларына қатысты шығарылған сот үкімінде.
Сот "Фридом Финанс" компаниясы мен сарапшылардың дәлелдеріне сүйеніп, ҚазТАГ сайтында жарияланған мақалалар компания беделіне нұқсан келтірді деп тапты. Осындай заң бұзу әрекеті қайталанбас үшін, судья Қылмыстық кодекстің 50-бабының 3-бөлігін іске қосып, оларды кәсібінен шеттетуді жөн көрген.
Алматы қаласы Алмалы аудандық соты да сотталған журналистерге БАҚ пен әлеуметтік желілерде бағдарлама, дебат ұйымдастыруға, эфирге шығуға, мақала жазып, репортаж жариялауға және БАҚ құруға толық тыйым салған. Сондай-ақ, онлайн платформаларға қоғамдық саяси емес тақырыптар бойынша да пікір білдіруді шектеген.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис қандай да бір кәсіпке тыйым салу мәселесі мемлекет ол мамандықты лицензиялаған жағдайда ғана туындайтынын айтады. Ал журналистер Қазақстанда лицензияланбайды. Құқық қорғаушы бұл шектеудің ауқымы әлдеқайда кең екенін, ол журналистермен қатар, блогерлерге де, тіпті әлеуметтік желілерде пікірін білдіретін азаматтарға да қолданылуы бек мүмкін екенін жеткізді.
"Журналистік кәсіпті ешкім лицензияламайды. Журналист дегеніміз – журналист. Алайда бұл жерде сөз журналист туралы емес, блогер туралы болып тұр делік. Ол БАҚ-та жұмыс істемейтіндіктен, таза мағынасында журналист емес. Немесе әлеуметтік желіде бірдеңе жазып отырған жай ғана азамат делік. Яғни, бұл жердегі тәсіл тек журналистік қызметке тыйым салу емес, ауқымы әлдеқайда кең. Бұл – адамды азаматтық құқықтарынан, атап айтқанда, өз пікірін білдіру бостандығынан айыру" дейді ол.
Медиа сарапшы Диана Окремова мұндай ауқымды шектеулер "демократиялық принциптерге де, адам құқықтарын қорғау саласында өз еркімізбен алған міндеттемелерге де мүлде сай келмейді" дейді.
Қазақстан Конституциясында сөз бостандығына кепілдік берілген және цензураға тыйым салынғаны да жазылған. Әйтсе де Азаттық сөйлескен сарапшылар жағдайдың кері кеткенін айтады. Әсіресе, олар сайлау науқаны қарсаңында журналистердің жұмысына кедергі жасау, медиа аккаунттарды бұғаттау, айыппұл салу және қылмыстық іс қозғау әрекеттері жиілеп кеткеніне назар аударады.
"Референдум алдында да біз байқағанбыз. Осындай жағдайлар қатты өршіп кетті. Әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұғаттау немесе жойып жіберу өте көбейіп кетті. Сосын кішкене басылды. Одан кейін мынау Құрылтайға сайлаудың алдында күнде-күнде [оқиғалар тіркеліп жатыр]. Кейде көріп үлгермей қалып жатырмыз. Анау да бұғатталып жатыр, мынау да бұғатталып жатыр. YouTube-тегі видеоларға шағым түсіп, [журналистердің аккаунттары] бұғаттауға түсіп жатыр", дейді "Әділ сөз" қорының жетекшісі Нәзира Дәрімбет.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 50-бабы Ресей Қылмыстық кодексінің 47-бабымен, Беларусь Қылмыстық кодексінің 51-бабымен ұқсас әрі құқықтық мазмұны бірдей деуге болады. Ресей мен Беларусьте бұл қосымша тыйымның шекті мерзімі көбіне 3 пен 5 жылды құраса, Қазақстан заңнамасында бұл шектеу 10 жылға дейін тағайындалуы мүмкін.
Окремова журналистердің ерекше мәртебесі туралы "Масс медиа туралы" заңда жазылғанымен, оның іс жүзінде журналистерді қорғауда қолданылмайтынын айтады. Ол "бұл құр сөз болып тұр, өйткені оның артында қауіпсіздік пен тәуелсіздікке берілетін ешқандай нақты қосымша кепілдіктер жоқ" дейді.
Демократиялық елдерде журналистік қызметке тыйым салатын бап жоқ. Мысалы, АҚШ Конституциясындағы бірінші өзгерту елдің заң шығарушы органына сөз бостандығын шектейтін не журналистің қызметін тыятын заң бекітуге жол бермейді. Сондықтан Америка соты сотталған азаматқа әлеуметтік желіде пікір білдіруге шектеу қоя алмайды. Ал Еуропа одағының Адам құқықтары конвенциясының 10-бабы одаққа мүше елдердегі азаматтардың ақпарат тарату және пікір айту құқығын қорғайды.
Жовтис демократиялық режимдерде институттар мен қоғамның өзі биліктегі элитаның шектеулеріне қарсылық танытатынын айтады. Оның сөзінше, авторитарлық режимдерде баспасөзді шектеу әлдеқайда оңай, өйткені бәрі бақылауда: институттар да, қоғам да, негізгі тетіктер де авторитарлық режимнің қолында.
"Әділ сөз" қорының жетекшісі Назира Дәрімбеттың сөзінше, кәсіби қызметінен шектелген журналистерге ұйым көмектесуге тырысып жатыр. Ол көмек сұрап хабарласқан журналистер барын, оларды ұйым жобаларына қатыстыруды ойластырып жатқанын айтты.
Дәрімбет қор жүргізетін жобаларға шектеуге тап болған журналистердің "қатысуына мүмкіндік бере аламыз, біздің қолымыздан қазір келетіні осы" дейді.