Accessibility links

Тоқаев пен Көшербаев Украинаны тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескен сәт. 22 қыркүйек 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескен сәт. 22 қыркүйек 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Украинаны тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтады. Тоқаев Украина президенті Владимир Зеленскийге жеделхат жолдап, украин халқына бейбітшілік пен құт-береке тіледі. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ал сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Көшербаев Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибиганы құттықтаған.

"Қазақстан мен Украинаны көптеген жылдар бойы берік достық пен өзара түсіністіктің мызғымас байланыстар жалғап келеді. Біз мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың көп қырлы деңгейін жоғары бағалаймыз. Сыртқы саяси ведомстволардың бірлескен күш-жігері арқасында Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы жан-жақты өзара іс-қимыл алдағы уақытта да елдеріміз арасындағы достық пен өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететініне сенімдімін" деген Көшербаев құттықтауында.

24 тамыз Украина Совет одағынан тәуелсіздік алғанын тойлайды. Бұл ел 1991 жылы осы күні тәуелсіздігін жариялаған еді.

Украина егемендігінің 35 жылдығын Ресеймен соғыс тұсында атап өтіп жатыр. Ресми Астана Ресей мен Украина арасындағы соғыста бейтарап позиция ұстанып келеді.

Тоқаев Ресей 2022 жылғы маусымда Ресейдегі экономикалық форумда Украина жеріндегі ЛХР мен ДХР дейтін Ресей қолдап отырған сепаратистік құрылымдарды тәуелсіз ел деп мойындамайтынын айтты. Бірақ кейінгі сөздерінде ол Ресейді әскери тұрғыда жеңу мүмкін емес деп, соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға шақырған.

XS
SM
MD
LG