Сенбі, 25 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбы қаласына сапарында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Украинадағы соғысты уақытша доғаруға шақырды. Мәскеудің жақын серіктесінен шыққан бұл сөзді сарапшылар түрлі қырынан талқылап жатыр. Ол не дейді?
Омбыдағы кездесуде Қазақстан басшысы Еуропа мен АҚШ-тан көптеген сигнал түсіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, Украинадағы соғыс – мемлекетаралық қақтығыс, оны азаматтық соғыс деп сипаттауға болмайды.
"Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстанбұл формуласына оралған дұрыс" деді Тоқаев Ресей-Қазақстан XXII өңіраралық ынтымақтастық форумында бұл қақтығыста арағайын болудан "үзілді-кесілді бас тартатынын" мәлімдеп.
"Адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек" деді ол ойын нақтылап.
Путин Тоқаевтың бұл сөзіне: "Украина бағытына келсек, мен бүгінгі әңгімелесу барысында сізге міндетті түрде егжей-тегжейлі ақпарат беремін" деп жауап берді.
Келесі күні Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Тоқаевтың сөзіне Мәскеудің реакциясын жеткізді.
"Біз әуелі өзіміздің мақсатымызға жетуіміз керек" деді Песков соғысты "уақытша тоқтату мүмкін емесін" айтып. "[Шарттар] түсінікті, бірізді. Сол себепті Киев тиісті шешім қабылдаса, барлығы бүгін ақ күн соңына дейін бітуі мүмкін".
Украина сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Андрей Сибига Тоқаевтың соғысты тоқтату туралы сөзін "парасатты үндеу" деп атады.
"Біз президент Тоқаевтың Путинге соғысты тоқтататын уақыт келді деп айтқанын құптаймыз. Бұл – қисынды, уақтылы әрі парасатты үндеу. Украина соғысты қазіргі майдан шебі бойында тоқтатып, дипломатиялық келіссөздерге көшуді ұсынды. Алайда Кремль бейбітшілікке бастайтын осы айқын жолдан бас тартуын жалғастырып келеді. Путиннің баспасөз хатшысы Қазақстан Президентінің бұл ұсынысын да жоққа шығарды. Түйін: Мәскеу шынайы бейбітшілік ұсыныстарын қабылдауы үшін оған қысым күшейе түсуі керек" деді ол X платформасында.
ЫСТАНБҰЛ КЕЛІССӨЗДЕРІНДЕ НЕ АЙТЫЛЫП ЕДІ?
Тоқаев айтқан Ыстанбұл келіссөздері 2022 жылы өткен. Ол кезде тараптар соғысты тоқтату жолдарын талқылап, келісім жобасын әзірледі. Жобада Украинаның бейтарап мәртебесі, халықаралық қауіпсіздік кепілдіктері және Қырым мен Донбасс мәселесін келіссөз арқылы шешу ұсынылды.
Алайда үш негізгі мәселе бойынша ортақ келісімге келе алмады. Біріншісі – НАТО. Ресей Украинаның альянсқа қосылмауын талап етті, ал Украина бұған тек нақты халықаралық қауіпсіздік кепілдігі болған жағдайда ғана келісетінін айтты. Екіншісі – басып алынған аумақтар. Украина Қырым мен Донбасты өз жері деп санайды, ал Ресей бұл аумақтардың қазіргі мәртебесі мойындалуы керек деген ұстанымда болды. Үшіншісі – Украина армиясы. Ресей армия санын қысқартып, ауыр қаруға шектеу қоюды ұсынды, бірақ Киев мұндай шарт елдің қорғаныс қабілетін әлсіретеді деп есептеді.
Көп ұзамай Буча оқиғасынан кейін келіссөздер тоқтап, соғыс жалғасты.
Қазақстандық экс-дипломат Қазбек Бейсебаев Ыстанбұлдағы келіссөздердің Анегізінен Ресейге тиімді болғанын, Украина қазір ол шарттарға көне қоюы екіталай екенін айтты.
"ПУТИНДІ ҚОРЛАУ"
Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағалы Мәскеудің серіктесі – Қазақстан Кремль қадамын ашық айыптаудан тартынып келді. Тоқаев Украина жеріндегі Ресей басып алған ЛХР мен ДХР құрылымдарын мемлекет деп танымайтынын айтқанымен, Ресейді әскери жолмен жеңу мүмкін емес деп келген. Ал оған дейін Ресейдің Қырым түбегін басып алуын "аннексия деп айтуға болмайды" деген. Сол себепті Омбыдағы мәлімдеме сарапшылар назарын аудартты.
Бұл сөзді бетбұрысқа балағандары Тоқаевтың "мемлекетаралық соғыс" тіркесін қолданғанын атап өтті. Кремль пропагандасы Украинаның мемлекеттілігін мойындамай, мұны "азаматтық соғысқа" балап келген. Сондай-ақ Украинаға қарсы соғысты негіздеуде "бастапқы себептер" жайлы жиі айтады. Ал сенбідегі сөзінде Қазақстан президенті соғыстың себебі әлі де түсініксіз қалып отырғанын айтты.
Ресейлік саясаткер Андрей Пивоваров Тоқаевтың сөзін "Путинді қорлау" деп бағалады.
"Әлиевтің артынан Путинді жария түрде Тоқаев та қорлап отыр. Омбыдағы кездесуде ол бұл соғыс не үшін басталғанын түсінбейтінін, одан бәрі шаршағанын, оны доғару керегін жария түрде айтып отыр. Новороссийскідегі терминалға соққылар жасалған соң, Қазақстан ресейлік бағыт бойынша жүретін экспортының бір бөлігін жоғалтып отыр. Сол себепті "Көп ойнап кеттің, Володя" деп ашық айта алады" деді ол Facebook-те.
КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫНА ШАБУЫЛ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӘСЕРІ
17 және 19 шілде күндері Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдайтын азаматтық кемелерге шабуыл жасалып, Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл шабуылдарды айыптады.
Қазақстан, Ресей және бірқатар шетелдік компаниялар бірлесіп басқаратын консорциум 1,5 мың шақырымнан тұрады. Қазақстанның мұнай экспортының 80 пайызы Ресей жеріндегі осы құбырмен өтеді. Консорциум нысандары бұған дейін де соққыға ұшыраған. Астана ол кезде де шабуылдарды айыптап, Вашингтон да консорциум нысандарына тимеуге үндеген. Өйткені бұл құбырмен АҚШ мұнай компаниялары өндірген мұнай да тасымалданады.
Шілдедегі шабуылдан соң, АҚШ конгресмені Билл Хайзенга консорциум нысандарына шабуылдауға жол бермеу керек деп мәлімдеді.
"Әкімшілік украиналықтарға анық айтуы керек: КҚК терминалын атқылау тек бейбіт тұрғындарға емес, сонымен бірге АҚШ-тың мүдделеріне де қауіп төндіреді" деді ол.
Алайда Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко бұл шабуылдарға Украинаның қатысы жоқ деді.
23 шілдеде Қазақстан Қара теңізде мұнай тиеу операцияларын тоқтатып, мұнай өндіруді уақытша төмендеткені мәлім болды. Оған Қара теңіздегі қауіпті ахуал себеп екені айтылды.
"КЕЛІСІЛГЕН СӨЗ"
Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжановтың сөзінше, Тоқаев Омбыдағы сөзін Ресеймен келісіп барып айтқан.
"Меніңше, Ресей мен Қазақстан басшыларының форматы талқыланғанда қандай да бір келісім болған. Белгілі бір деңгейде бұл Ресей мүддесін ескеретін Ыстанбұл келісімдеріне оралу қажеттігін көрсету талпыныс болуы мүмкін. Қазақстан мен Ресей арасындағы қазір қарым-қатынас күйзеліске толы болғанымен, екі ел әлі одақтас, сол себепті көптеген бағыт бойынша қадамдарын келіседі" деді ол "Неміс толқыны" (Deutsche Welle) телеарнасына берген сұхбатында.
Сарапшы сондай-ақ Каспий құбыр консорциумындағы ахуал Қазақстанға ауыр тиіп отырғанын айтады. Оның пікірінше, Қазақстан өз табысының маңызды бөлігінен қағылып, Еуропа елдерінің және АҚШ-тың көмегімен Киевпен осы мәселені шешуге тырысып бағады.
"Екінші жағынан, [консорциумның] 15 пайызы – Ресейдің меншігі. Құбыр арқылы тасымалданатын мұнайдың 10-15 пайызы осы Ресейдікі. Сол себепті соққылар жалғасады. Бұл тұрғыда Қазақстан қиын жағдайда тұр" дейді Әлжанов.
"ПЕКИНДЕГІ ЖОЛДАСТАРДЫҢ СӘЛЕМІ"
Ресейлік саясаттанушы Иван Преображенский Тоқаевтың сөзінің артында Қытайдың "сәлемі" болуы мүмкін екенін айтады.
"Тоқаев бұл тек соның пікірі емес екенін анық жеткізді. Бәлкім бұл мүлдем оның пікірі емес, Еуропа мен АҚШ-тың өтініші болуы да мүмкін. Бірақ бұл жерде Еуропа мен АҚШ-тан бөлек ҰҚШҰ мен Пекиндегі жолдастардың өтініші болуы мүмкін" деді ол "Дождь" телеарнасына берген сұхбатында.
Украин саясаттанушысы Руслан Айсин де Тоқаев Омбыдағы сөзін Путинмен келіскенін, бұл үндеудің Си Цзиньпин тұрған болуы мүмкін екенін айтады.
"Путинге мұның жағымсыз болғаны көрініп-ақ тұрды. Назарын жерге салып отырды. Тоқаев, ал оған дейін [Беларусь басшысы Александр] Лукашенко да "Құрметті достым, жағдайың жақсы емес, қандай да бір әрекет жасау керек" деп отыр" деді ол "Настоящее время" телеарнасына.
"Мұның бәрі Путинге не үшін керек? Меніңше, бұл белгілі бір бейбітшілік соқпағына түсу талпынысы. "Мені Вашингтон немесе Украина қарулы күштерінің инфрақұрылымға соққылары емес, жақын достарымыз, серіктестеріміз көндіріп отыр" дегісі келеді".
Айсиннің сөзінше, Путин бейбітшілікті қалап отырған жоқ, бірақ АҚШ-қа соғысты тоқтатуға қарсы еместей көрінгісі келеді.
"Бұдан не шығатыны түсініксіз. Путин бейбітшілік келісімін қаламайды. Бірақ ол бейбітшілік туралы жоспары барын көрсеткісі келіп отыр. Осындай дипломатиялық қарбаласпен АҚШ-тағы үш айдан кейін өтетін сайлауға жетіп алғысы келеді. Ары қарай ол жақтағылар ішкі саяси тартысқа ойысып, Украинаға қарай алмай қалады деген есеп".