25 тамыз күні Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы жаңа бір палаталы парламент – Құрылтайға депутаттар сайлаудың түпкілікті қорытындысын жариялады.
Бұдан бір күн бұрын сайлаудың алдын ала нәтижесі жарияланғанда айтылғандай, Құрылтайға барлығы 5 саяси партия өткен.
ОСК төрағасы жария еткен ресми мәліметке сәйкес, Құрылтайдағы 145 орынның 110-ын дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 71,17 пайызының қолдауына ие болған "Әділет" партиясы алды. Биыл көктемде ғана жаңадан құрылған бұл партия осылайша парламентте басым көпшілік дауысқа ие болды.
Сайлаушылардың 6,26 пайызы жақтап дауыс берген "Ауыл" партиясы Құрылтайдағы 10 орынды иеленді. 5,56 пайыз жинаған Respublica партиясы 9 мандат алды.
Ал әрқайсысы бес пайыздан сәл асатын дауыс жинаған "Ақ жол" (5,21%) мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (5,11%) әрбіріне сегіз орыннан тиді.
Сайлауда парламентке өтуге қажет бес пайыздық межеден аса алмаған Қазақстан халық партиясы (3,11%) мен "Байтақ" жасылдар партиясына (1,07%) Құрылтайдан орын бұйырмады.
Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс берген қазақстандықтардың 2,51 пайызы "Бәріне қарсымын" деген жауапты таңдап, өз еркін білдірген. Сайлауға елде ресми тіркелген жеті саяси партия түскен.
ОСК дерегі бойынша, 12 623 289 сайлаушының 9 351 539-ы немесе 74,08 пайызы дауыс беруге қатысқан. Қазір Қазақстан заңы бойынша, дауыс беруге неше сайлаушы қатысқанына қарамастан сайлау өткен болып саналады.
Құрылтайға өткен бес партия енді нақты кім депутат болатынын анықтауға тиіс. Қазақстанда парламент сайлауы партиялық тізім бойынша өтеді: азаматтар жекелеген кандидаттарға емес, партияларға дауыс береді. Сайлаудан кейін әр партия өзіне тиген мандаттарды сайлау тізіміндегі кандидаттар арасында бөледі. Құрылтайға өткен партиялар алған мандаттарының кемінде 30 пайызын әйелдерге, жастар мен мүгедектігі бар адамдарға бөлуге тиіс.
Алғашқы Құрылтай сайлауына билікті жақтайтын партиялар ғана қатысты. Ал билікті өткір сынап жүрген оппозициялық топтар талай жылдан бері партия ретінде ресми тіркеле алмай келе жатқандықтан бұл жолғы саяси науқаннан да шет қалды.
Биыл жаңадан құрылып, 27 жыл билікте болған Amanat (бұрынғы Nur Otan) партиясын өзіне қосып алған "Әділет" партиясы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын ашық қолдайды. Бұл партияны президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай басқарады.
Маусым айында сайлау заңнамасы өзгеріп, бұл жолғы саяси науқанды бақылауға ықылас танытқан тәуелсіз байқаушылар қатары қатты сиреген еді. Бұған дейінгі сайлау науқандарын бақылап жүрген санаулы ұйымдар қауіпсіздік себебіне байланысты Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартты. Ішкі істер министрлігі "сайлау кезінде өрескел заңбұзушылық болмағанын" мәлімдеді.
Сайлау кезінде Қазақстанның кейбір өңірінде азаматтық белсенділер үйінің маңын полиция торуылдап жүргенін айтты.
Құрылтай сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясының өкілдері 24 тамызда көпшілікке таныстырған алдын ала қорытындысында Қазақстандағы сайлау "саяси плюрализмі аз ортада өткені" айтылған.
"Додаға түскен партиялардың бәрі қазіргі президенттің саясатын қолдағандықтан, айқын саяси балама болмады, соның салдарынан саяси таңдау мүмкіндігі шектелді. Сайлау алдындағы үгіт-насихат тәртіпке сай өтті, бәсекелес партияларға бірдей мүмкіндік берілді, бірақ жаңадан құрылған "Әділет" партиясы негізсіз басымдыққа ие болды" деп жазылған ұйым таратқан хабарламада.
Ал президент Тоқаев дауыс беру күні қарсаңында жасаған халыққа үндеуінде "сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы болғанын" айтып, бұл сайлау "ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық" деп мәлімдеді.
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Құрылтай сайлауы алдында Қазақстанда журналистер "бұрын-соңды болмаған" қысымға тап болып, қылмыстық қудалауға ұшырап, журналистикамен айналысу құқығынан айырылып жатқанын жазды. CPJ мәлімдемесінде "бұл репрессияға халықаралық бақылау керек" деген.
Сайлау қарсаңында Азаттықтың Instagram-парақшасы бұғатталып, тек сайлау өткен соң, 24 тамызда қайта ашылды.
Қазақстанның вице-премьері әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "мемлекет азаматтардың ой-пікірін білдіру құқығын және сөз еркіндігін шектеуге мүдделі емес" екенін айтып, өзі басқаратын министрлік БАҚ және журналистердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттаумен айналыспайтынын мәлімдеген.