Медиа құқықтарын қорғау ұйымы масс-медиа заңдарын талқылайтын жұмыс тобына кірмей қалды

Құрылтай ғимаратының сыртқы көрінісі.
Құрылтай ғимаратының сыртқы көрінісі.

Ақпарат құралдарының құқықтарын қорғайтын "Құқықтық медиаорталық" қоғамдық қоры Қазақстан парламенті - Құрылтай жанынан құрылған масс-медиа және онлайн-платформалар туралы заңдарға түзетулер енгізу бойынша жұмыс тобына кіре алмады. Олардың бұл туралы өтініші қабылданбады. Бұл жөнінде 5 қарашада қордың өкілі хабарлады.

"Ресми түрде сыпайы хат жіберді. "Жұмыс тобының құрамы жасақталып, бекітіліп қойыпты" және бәрі баяғыдан бері жемісті жұмыс істеп жатыр екен". Қор өкілі Диана Окремова Facebook-тегі парақшасында осылай деп жазды.

"Құрылтайда адам құқығы саласындағы сараптаманы ешкімнің қажетсінбейтіні белгілі болды. Жұмыс тобының құрамында журналистер, үкіметтік емес ұйымдар немесе тәуелсіз сарапшылар бар ма екен? Әлде заңдардың тағдырын "өз адамдарынан" құралған шағын топ шеше ме?" деп сұрақ қояды Окремова.

"Құқықтық медиаорталық" - Қазақстандағы медиа саласын дамытуға 20 жылдан бері қатысып, журналистерге құқықтық көмек көрсетіп, білім берумен айналысатын ұйым. Алдыңғы жылдары масс-медиа, онлайн-платформалар, ақпаратқа қолжетімділік туралы заңдар қабылданған кезде қоғамдық қор өкілдері жұмыс тобының құрамында болып, заң жобасын әзірлеуге белсене қатысқан.

Құрылтай осы салаға қатысты заң жобасын талқылайтын жұмыс тобына ұйымды неге қатыстырмағанын әлі жария түрде түсіндірген жоқ. Жұмыс тобының құрамында кімдер бары айтылмады.

"Солтүстік Қазақстан құқықтық медиаорталығының" атына жазылған хатта Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан: "Жұмыс тобының құрамы тиісті ережеге сәйкес жасақталып, бекітілген. Қазіргі уақытта осы жұмыс тобының аясында аталған заң жобалары талқыланып жатыр" деп жауап берген.

Халықаралық және қазақстандық құқық қорғаушылар соңғы жылдары елде тәуелсіз журналистерге қысым күшейіп, ақпарат құралдарының жұмысы күрделенді дегенді айтады. Мәселен, Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) қыркүйекте енгізілген Құрылтайдағы журналистерге қатысты жаңа ереже елдегі "журналистердің ахуалы тым нашарлап бара жатқанының белгісі" деп атаған.

Құрылтайдың вице-спикері Дәния Еспаеваның пікірінше, Қазақстан парламенті "әрқашан ашық болған және ашық болып қала бермек". Ол жаңа ережелер БАҚ-тың аймақтардағы адамдарды қабылданған заңдар жайлы хабардар етуін қамтамасыз ету үшін қажет деп біледі.

Биыл тамызда, парламент сайлауы қарсаңында қазақстандық және халықаралық 10 құқық қорғау ұйымы билікті сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігі жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтауға шақырып, мәлімдеме жасаған. Бұған жауап берген сол кездегі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "мемлекет азаматтардың ой-пікірін білдіру құқығын және сөз еркіндігін шектеуге мүдделі емес" деген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының сөз бостандығы рейтингісінде Қазақстан ахуал ең қиын елдер категориясында, 180 елдің арасында 149-орында тұр.

Көктемде билік "Масс-медиа туралы" заңға өзгерістер енгізілетінін, оның жаңа Конституцияға сәйкестендірілетінін айтқан еді. Жуырда Құрылтайда "Масс-медиа туралы" және "Онлайн-платформа және онлайн-жарнама туралы" заңдарға өзгеріс енгізуді қарастыратын заң жобасы қаралып жатқаны хабарланған. Жаңа өзгерістердің арасында 5 мыңнан астам жазылушысы бар парақшаларды тіркеу, әлеуметтік желідегі балағат сөздерге жауапкершілік енгізу, онлайн-платформаларға айыппұл салу және бұғаттау тетігі және өзге де ұсыныстар бар.

​
XS
SM
MD
LG