Accessibility links

Айдос Садықов мерзімінен бұрын босай алмайды


Оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың тұтқындалуы. Ақтөбе, 2010 жылдың шілдесі.
Оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың тұтқындалуы. Ақтөбе, 2010 жылдың шілдесі.

Оппозиция белсендісі Айдос Садықов шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайтын болды. Себебі ол да Есіргепов пен Жовтис сияқты «режимді бұзған».


Сәуірдің 11-і күні Азаттық радиосына хабарласқан Наталья Садықованың (Айдос Садықовтың әйелі) айтуынша, колония әкімшілігі мүшелерінен құралған арнайы комиссия Садықовтың қаңтар айында «режимді бұзғанын» желеу етіп, мерзімінен ерте босатылуына рұқсат бермеген.

ЕКІ ӨТІНІШКЕ – БІР УӘЖ

– Оған қаңтардың 19-ы күні «режимді бұзғаны үшін» деген айып тағылған екен. Бірақ оған ешкім де қалай «режимді бұзғанын» айтып түсіндірмеген. Оған қоса Айдос бұл жөнінде тек ақпанның 1-і күні ғана, яғни қоныстандыру колониясына ауыстыру жөнінде өтініші қарастырылып жатқан кезде ғана білген, – деді Наталья Садықова Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, Айдос Садықов осыған дейін өзін қоныстандыру колониясына ауыстыру туралы өтініш берген кезде түрме әкімшілігі дәл осы
Айдос Садықовқа сот үкімі шыққан сәт. Ақтөбе, 16 шілде 2010 жыл.

«ереже бұзушылықты» алға тартып, өтінішін қанағаттандырмай қойған екен. «Бұл тосқауыл енді оның шартты түрде босатылуына бөгет жасап отыр» дейді Наталья Садықова. Ол арнайы комиссия шешімі қандай болатынын сезгенін, тек «түрме әкімшілігінің нені сылтауратыны» «қызықты» болғанын да айта кетті.

– Мұның әншейін сылтау болғанын білесіздер. Себебі тек ол ғана емес, саяси тұтқындар – Жовтистің де, Есіргеповтің де өтініштері қанағаттандырылған жоқ қой, – дейді Наталья Садықова.

Наталья Садықова «құжаттар қолға тисе», шешімді сотқа беретінін, бірақ соттың да әділдігіне күмән келтіретінін айтты.

«ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ЗАТ»

Ал Ақтөбе облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілі Марат Балғазин Айдос Садықовтың босатылмауына пәрменді негіз бар деп есептейді.

– Сотталғандарға тыйым салынған заттарды ұстағаны үшін қаңтардың 19-ы күні оған сөгіс жарияланған. Сол себепті сондай шешім қабылданған. Шартты түрде мерзімінен босатылуы үшін оларда негізі алғыс болуы керек. Енді оны босату мәселесі жарты жылдан кейін қаралады, – деді Марат Балғазин.

Ақтөбе қалалық соты өткен жылы жазда Айдос Садықовты «тәртіпсіздік жасады» және «полицияға қарсылық білдірді» деген айыптар бойынша екі жылға бас бостандығынан айырған. Тамыздың соңында Ақтөбе облыстық соты қалалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Айдос Садықов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Құқық қорғаушылар оны Евгения Жовтис пен Рамазан Есіргепов сияқты «саяси себептермен сотталған тұтқын» деп атаса, билік өкілдері мұны жоққа шығарады. Ал Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев сәуірдің 7-сі күні, «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі таратқан хабарға қарағанда, Қазақстанда ешқандай саяси тұтқындардың жоқ екенін айтқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG