Accessibility links

«Шыңжаңдағы оқиға тағы қайталануы мүмкін»


Дүниежүзілік ұйғыр құрылтайының мүшесі Қахарман Қожамберді. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл
Дүниежүзілік ұйғыр құрылтайының мүшесі Қахарман Қожамберді. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл

Қазақстандық сарапшылар Үрімші оқиғасына бір жыл толуына орай өткізген жиында Қытайдағы ұйғыр мәселесінің шешілмегенін алға тартты. Ал, құқық қорғаушылар мен саясаттанушылар Үрімшідегі оқиғаға қатысты ақпарат алу мүмкін болмағандықтан нақты баға беру қиын екенін айтады.


Алматыда ұйымдастырылған арнайы дөңгелек үстелде сарапшылар Шыңжыңда ұйғырлар мен қытайлардың арасындағы ұлтаралық қақтығыс болғанына бір жыл өтсе де, ондағы ұйғырлардың әлеуметтік мәселелері шешілмегенін айтады. Ана тілінде білім алуға кедергі туғызу мен бала санын шектеу сияқты қиындық әлі күнге дейін бар. Мамандар дәл осы себептерге байланысты Үрімшідегі оқиға қайталануы мүмкін деген болжам жасап отыр. Сонымен қатар болған оқиғаға қатысты әлі күнге дейін бейтарап зерттеу жүргізуге, еркін ақпарат алуға мүмкіндік жоқ дейді сарапшылар. Саясаттанушы Қахарман Қожамберді Үрімші оқиғасына қатысты ақпаратты оқиға куәгерлерінен ғана алғанын айтады.
Бір көше бойындағы әр үшінші үйде бір адамнан жоқ болып кеткен.

- Ең қорқынышты нәрсе, өте көп адам жоғалып кеткен. Біз жүргізген зерттеулер бір көше бойындағы әр үшінші үйде бір адамнан жоқ болып кеткенін көрсетіп отыр. Сақшылар тек үйден ұстап алып кеткен адамдарға ғана жауап береді. Дүниежүзілік ұйғыр құрылтайының берген мәліметіне сенсек, 3 мыңмен 5 мың аралығындағы адам жоқ Олардың қайда кеткені белгісіз, - дейді Қахарман Қожамберді.

Шыңжыңда ұйғырлар мен қытайлардың арасында бір жыл бұрынғы ұлтаралық қақтығыстар барысында 200-ге жуық адам қаза болып, 1700 адам жараланды.
"Үрімшідегі трагедия, 5 шілде 2009 жыл" кітапшасының мұқабасындағы 17 жасында өлім жазасына кесілген ұйғыр қызы Хайренси Сауыттың суреті (авторы - Қ.Қожамберді)

Тәуелсіз сарапшы Ғалымжан Тылывалды Орталық Азияда тұрып жатқан ұйғырларға Қытай мемлекеті әртүрлі бағыттағы мәселелер бойынша зерттеу жүргізуге, туысқандарын іздеуге мүмкіндік беретінін мәлімдеп, шақырту жіберегенін айтады. Алайда ол Қытай үкіметі ұйғырларды басқа мақсатпен шақыртып отыр деп қауіптенеді. Оның айтуынша, қазақстандық ұйғырларды шақырту арқылы Қытай өзінің саясатын қазақстандық ұйғырлардың қолдайтынын көрсетпекші. Ол:

- Орталық Азиядағы ұйғырлар мәдени, әлеуметтік саладағы жобаларды іске асыруы үшін ақша бөліп отыр. Жалпы қандай мәселе бойынша болса да грант бөлініп отыр. Бірақ ол ақшаны алуға ұйғыр қоғамы дайын емес. Тәжірибелі сарапшылар да жоқ. Бірақ мәселе Қытайдың ақшаны қалай беретінінде. Олар қазақстандық ұйғырлар Қытай саясатын толық қолдайды деп радио мен телеарналардан хабарлайды. Алайда қазақстандық ұйғырлар ондай мақсатпен бармаса да, саясиландырып жібереді, - деді.

«БЕДЕЛДІ ТӘУЕЛСІЗ ҰЙЫМДАР ДА БЕЙТАРАП ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗЕ АЛҒАН ЖОҚ »

Құқық қорғаушы Андрей Гришин бейтарап зерттеу жүргізілмегеннен кейін нақты баға беру қиын екенін айта келе, онда қанша адам өлгені де анықталған жоқ деді. Оның айтуынша, халықаралық сарапшылардың жасаған баяндамалары да оқиға кезінде зардап шеккендер берген куәлік негізінде ғана дайындалған.
Құқық қорғаушы Андрей Гришин. Алматы, 3 тамыз 2010 жыл

- Біз тек Қытайдағы болған оқиғаны телеарналардан, суреттерден ғана көрдік. Ал, көзімізбен ештеңе көре алмағандықтан нақты қандай жағдай болғанын айта алмаймыз. Тек Өзбекстандағы Әндіжан оқиғасына өте ұқсас деуге болады. Қытай мемлекеті ол оқиға жөнінде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан шынайы түрде баға беру қиын. Бұл мәселеге байланысты үшінші жақ яғни, беделді тәуелсіз ұйымдар да бейтарап зерттеу жүргізе алған жоқ, - деді ол.

Саясаттанушы Расул Жұмалы сарапшылардың Үрімші оқиғасы қайталануы мүмкін деген болжам жасаулары негізсіз емес дейді. Ол:

- Соңғы жылдары әсіресе, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына жаппай қытайландыру саясатын жүргізіп отыр. Әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алғанда жағдайларының тең болмауы туындап отырған мәселелерді одан әрі ушықтырып отыр. Сонымен қатар Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданына жаппай қытайлықтарды көшіруі де басты мәселеге айналып отыр. Бірақ мұндай ұлтаралық проблемаларды күшпен шешу жеңіс бермейді. Оны тек уақытша ғана күшпен басып тастауға болады,- деді.

Сарапшылар кейбір халықаралық ұйымдар Қытайдан Үрімші оқиғасына байланысты бейтарап тексеру комиссиясын ұйымдастыруын сұрап отырғанын айтады.
XS
SM
MD
LG