Accessibility links

Мұнайшылар парламенттен аймақтық коэфициентті заңдастыруды талап етеді


Аштық жариялаған мұнайшы Қ.Оразов. Атырау, 23 сәуір 2010 ж.
Аштық жариялаған мұнайшы Қ.Оразов. Атырау, 23 сәуір 2010 ж.

«Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының жұмысшылары ресми кәсіподақ жұмысына да сенімсіздік танытып, тәуелсіз кәсіподақ құратындарын мәлімдеді. Сәуірдің 23-і күні «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының Прорва кенішіндегі ресми жиналысқа Азаттықтың тілшісі жасырын кіруге мәжбүр болды.


ЖАСЫРЫН ЖИЫЛЫСТА НЕ АЙТЫЛДЫ?

Жалақының жаңа жүйесінің тиімділігін жұмысшыларға түсіндіруге тырысқан филиалдың бюджеттеу және экономикалық талдау бөлімінің бастығы Нұрсәуле Тәжмағамбетованың сөзіне сүйенсек, төлем төлеудің жаңа жүйесіне көшу еңбек ақы өседі деген сөз емес.

– Біз жалақыны өсіріп емес, заңдастырып жатырмыз. Мәселен, 5-ші разрядты жүргізуші бұрын 147 788 теңге алса, жаңа жүйемен 147 833 теңге алады, яғни оған 45 теңге артық төленеді, – деп түсіндірді ол.

Экономистің айтуынша 2004-ші жылдың екінші жартысынан бастап жұмысшылар жалақысы тұрақты түрде өсіп отырған. Ал 2010 жылы ол 9 пайызға көбейген. Бұған қоса мұнайшылардың зейнетақы қоры мен салығы үшін төленетін төлемді де компания өз мойына алып отыр.

– Әсіресе, мерекелік төлемдер кезінде жаңа жүйенің тиімділігі мол. Биылғы қаңтардан бастап 40 айлық есептік көрсеткішке тең сомада сыйақылар берілді. Жаңа жүйе бойынша ақшасы азаятындар 10-шы разрядты мамандар, олардың саны осы бөлімшеде шамамен 200 адам, – деді Нұрсәуле Тәжмағамбетова.

КӘСІПОДАҚ ПЕН ЖҰМЫСШЫЛАР ДИАЛОГЫ

– Биылғы желтоқсанда салалық шарттың мерзімі бітеді. Ал аймақтық коэффциент деген негізі жоқ зат. Басқа Оралдағы, Ақтөбедегі, Қызылордадағы барлық компанияларда аймақтық коэффициент деген мүлде жоқ. Тіпті, мына қасымыздағы ТШО да оны төлемейді. Сондықтан оны алдымен бірігіп тарифке кіргізіп алайық, кейін тағы қосып алуға болады, – деді «Қазмұнайгаз» кәсіподақ орталық кеңесінің төрағасы Тілекқабыл Қабдолов.

Оның айтуынша бұл мәселе ендігі мәжілісте қаралып жатыр. Егер бұл аймақтық коэффициент қазір мұнайшыларға берілсе, ертең оны шахтерлер де, мұғалімдер де сұрайды.
"ҚазМұнайГаз" кәсіподағының төрағасы Т.Қабдолов пен "Нұр-Отан" партиясының аймақтық басшысы К.Қосыбаев

– Заңсыз дүние болса осы уақытқа дейін қалай төлеп отырсыңдар. Ертең келісім шарт күшін жойып, басқа инвестор келсе біз не істейміз? – деп сұрады жұмысшылар.

– Мен оны қайдан білейін. Сендер ана бір ел аузындағы әңгімені айтып отырсыңдар ғой. Қытай алмайды, қорықпаңдар. Қазір «Қазмұнайгаз» барлау-өндіру компаниясы «ПетроКазахстан Ойл Продактстың» 33 пайызын, «Қазгермұнайдың» 50 пайызын, «Қаражанбасмұнайдың» 50 пайызын кері қайтарып алды. Енді «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» да 50 пайызын қайтаруға талаптанып жатыр. Ал ол үлестің бұл компанияларға не себепті берілгенін үкімет өзі біледі, – дейді кәсіподақ төрағасы.

– Бәлкім майы азайған соң кері қайтарып жатқан шығар? – десті жұмысшылар.

– Қалай болғанда алып жатыр ғой, – деді Тілекқабыл Қабдолов.

Залда отырғандар ду күлді.

МҰНАЙШЫЛАР ЖИНАЛЫСТАН ШЫҒЫП КЕТТІ

Атырау облыстық халықты әлеуметік қорғау департаментінің бөлім бастығы Әліпқали Дәулетияровтың сөзіне сүйенсек, жаңа жүйеге көшіру «Қазмұнайгаздың» ойлап тауып отырғаны емес. Бұл 2007 жылы қабылданған жаңа Еңбек кодексінің талабы. Бұл кодексте аймақтық коэффициент төленсін деген әңгіме жоқ.

– Бұл жердегі жұмыс заң талабына байланысты жасалып жатыр. Сіздер қосымша келісімге қол қойғаннан ұтылмайсыздар, одан жалқыларыңыз кемімейді. Сондықтан қол қоюға шақырамыз, – деді ол залдағы жиналған мұнайшыларға.

Алайда «парламенттегі депутаттар не бітіріп отыр? Оларды елдің жоғын жоқтайды деп сайлаған жоқпыз ба?» деп ренжіген мұнайшылар жалақының жаңа жүйесі тиімділігі туралы ары қарай естуге құлық танытпады.

– Біздің жеріміз жазда аңызақ ыстық, қыста қара суық. Әсіресе Теңіз жақтан жел тұрған күндері күкірт исінен дем ала алмай қаламыз.Ендеше неге тиісті аймақтық коэффициентті заңдастырмасқа? Керек десеңіз ол 70 емес 100 пайыз қылып төленуі тиіс, – дейді 5-ші разрядты жөндеуші Қали Оралов. Оның айтуынша мұнайшылар артық ештеме талап етіп отырған жоқ.
Бос қалған мәжіліс залы. Прорва кеніші, 23 сәуір 2010 ж.

– Егер аймақтық коэффициентті заңдастырса мұнайшылар 600-700 мың теңгеге дейін табыс табатын болады. Өз елінде жүріп, өз байлығын қысы-жазы ауыр экологиялық аймақта тұрып игеріп жүрген мұнайшының еңбегі бұған татымай ма? – деді Қали Оралов.

«Бұл мәселені шешу сіздердің қолдарыңыздан келмесе, бірігіп жұмылайық. Біз қолдаймыз, үкімет пен парламенттің алдына жедел мәселе қылып көтерейік» деп шуласқан мұнайшылар, бұдан әрі ештеме тыңдамайтындарын айтып залдан шығып кетті.

Мұнайшылар алдымен қағаз жүзінде өз қарсылықтарын білдіріп, аймақтық коэффицентті заңдастыруды талап етіп үкіметке, парламентке, министрлікке хат жолдағандарын айтады. Олар ресми кәсіподақ құрамынан шығып, өздерінің тәуелсіз кәсіподақтарын құратындарын мәлімдеді.

«БАСШЫНЫ СЫЙЛАМАУ ҚАЗАҚҚА ТӘН ЕМЕС ҚАСИЕТ»

Залдағы бос қалған орындықтарға қараған «Нұр-Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының 63 жасар орынбасары Кеңес Қосыбаев жұмысшылардың жиналыстан шығып кетуін «қазаққа тән қасиет емес» деп бағалады. Басшыны сыйлау керек еді дейді ол. Өзінің осы жасқа дейін талай жерді аралағанын айтқан ол дәл осындай жағдайы жасалған жұмыс орынын ешбір жерден көрмегенін айтып тамсанды.

– Мұнда 840 адам партия мүшесі бар. «Нұр-Отан» қайда деген соң арнайы келіп отырмын. Ертерек келуім керек еді, – деп өкінді Кеңес Қосыбаев.
Наразы мұнайшылар жиналысты тастап шығып барады. Прорва кеніші, 23 сәуір 2010 ж.

Оның айтуынша мұнайшылардың саясаттан хабары жоқ. Егер олар сауатты болса бәрін түсінетін еді дейді партия өкілі. Сонықтан «оларды саясатқа үйрету керек» деп үкім айтып кетті.

Ал жиналысқа арнайы келген тағы бір облыстық маслихат депутаты Аман Барақатов мүлде ауыз ашпады.

Филиал директоры Ізтұрған Баймұханов өзінің жаңа ақпарат алғанын, «Ембімұнайгаз» жұмысшыларының 80 пайызы қол қойғанын, келіспей отырған тек Прорва мен Шығыс Мақат бөлімшелері екендігін мәлімдеді.

– Мен жағдайды мұнайшыларға түсіндіруге өзім келгенде, маған айтқан рахметтері осы екен, – деп өкпеледі директор.

«ОЛ ӨЛМЕЙДІ!»

Осылайша құпия өткізілген жиылыстың соңында мәжілістің кең залында президиумда отырған мәртебелі тұлғалар мен аштық жариялаған Қонысбай Оразов қана қалды. Босап қалған орындарда бірен-саран инженерлік-техникалық қызметкерлер отырды.

Өзінің осы уақытқа дейін мәселесін шеше алмай аштық жариялауға мәжбүр болғанын тағы еске салған Қонысбай Оразов шағымын филиал директоры Ізтұрған Баймұхановқа оқып бермекші болды. Алайда «арызыңыз маған жазылса тастап кетіңіз, кейін қарап жауабын беремін» деген өндіріс филиалы директорының жауабы бес күн аш жатқан жұмысшыны қанағаттандырмады.

Әңгімеге араласқан «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев аштық жариялаған жұмысшының әрекетін заңсыз деп бағалады. Оның айтуынша аштық жариялау үшін арнайы рұқсат алынуы тиіс.
Жылыой аудандық прокуроры А.Шеркешбаев. Прорва, 23 сәуір 2010 ж.
– Қазір сенің аштық жариялап жатқаныңды ешкім білмейді, – деді Кеңес Қосыбаев.

– Сонда қалай? Қонысбай Оразовтың сәуірдің 18 күні «Нұр-Отан» мен Жылыой прокуратурасына жолдаған арызы қайда қалғаны?

Азаттық тілшісінің сауалына жауап қатқан Жылыой аудандық прокуроры Алмас Шеркешбаев аштық жариялаған жұмысшы арызының сәуірдің 21-күні келіп түскенін растады.

– Сіздің проблемаңыз бар екені білгеміз жоқ, біз сізді бұрын көргеміз жоқ, – деп ақталды прокурор.

«Мен әбден шаршадым. Бірақ талаптарым орындалмай аштығымды тоқтатпаймын» деген Қонысбай Оразов өміріне қауіп төнсе президиумда отырғандардың барлығын жауапкер деп санайтынын мәлімдеді.

«Нұр Отан» партиясы өкілінен «мына кісі өліп қалса шынымен кім жауапты болады?» деп сұраған едік. Алайда ол сенімді түрде «ол өлмейді» деп кепілдік берді.
Аштық жариялаған мұнайшы Қ.Оразов. Прорва кеніші, 23 сәуір 2010 ж.

Кейіннен жиынға келген шенді тұлғалар Қонысбай Оразовты аштығын тоқтатуға көндіргені белгілі болды.

– Менің талаптарымды орындауға уәде бергендіктен аштығымды тоқтаттым, – деп хабарлады ол.

Бұған қоса Қонысбай Оразов басқарма кеңсесіне 2008 жылдан бері қайта тіркеуден өткіземіз деген соң берген 20 дана акциясының қайтарылмай отырғанына шағым жасады.

Ал бейресми ақпарат көздері қарапайым болса да бұл акциялардың бағасы 15000 теңгеден кем емес деседі. Олай болса Оразовтың әзірге құны 300 000 теңге акциясының кімде жүргені белгісіз.

«Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасының қызметкерлерді басқару қызметінің жетекшісі Сүлеймен Отаров Азаттық тілшісіне өзінің балалары әлі мектеп қабырғасында оқитын жас жігіт екендігін хабарлап, бұған дейінгі материалда жарияланған өзіне қатысты кейбір жайттарға наразылығын білдірді.

Нақтырақ айтсақ, өткен мақалада көрсетілген әлгі «кадр бөлімі бастығының 3-ші разрядпен жұмысқа қабылданып, қазір 4-ші разрядты жүк ілуші болып істейтін» баланың Сүлеймен Отаровтың емес, «Каспий самалы» жатақханасы бастығы орынбасары С.Қожағұлованың баласы екендігін анықтадық.

Алайда жұмыс барысындағы әділетсіздікке күйініп аштық жариялаған Қонысбай Оразов өзінің еңбек құқықтарының бұзылып, тиісті разрядын ала алмауына осы кадр бөлімі бастығы мен жатақхана орынбасарының «бармақ басты, көз қысты» әрекеттері себеп болды дегенінен танған жоқ. Ол тіпті бұл екеуінің жұмыстан кетуін талап етіп отыр.

ШЫҒЫС МАҚАТ БӨЛІМШЕСІ ДЕ НАРАЗЫ

«Ембімұнайгаздың» тағы бір басқармасы «Доссормұнайгаздың» Шығыс Мақат кенішіндегілер де жалақыдағы өзгеріске қарсы шықты. Шығыс Мақат кенішінің жүргізушісі Ұзақбай Жұмағалиев өзінің құқығын қорғап қалу үшін арнайы адвокат жалдағанын айтып берді.
Шығыс Мақат кенішінің жүргізушісі Ұзақбай Жұмағалиев. Мақат ауданы, 23 сәуір 2010 ж.

– Маған жаңа жүйеге көшсең, бір сағаттық жұмысының 500 теңгеден төленеді деп түсіндірді. Оны қайдан алып отыр? Ал «Қазмұнайгаз» БӨ компаниясында ақша көтерілетіні жайлы ресми хабарлама болған жоқ. Қол қоюға ұсынылған келісімде менің жалақымнан бөлек аумақтық және көтермелеу коэффициенті қанша екендігі, қанша салық ұсталатыны көрсетілмеген. Сондықтан аймақтық коэффициентке тиіспеуді және заңдастыруды талап етеміз. Оны алып тастауға тек президенттің ғана әлі келеді, – деп санайды Ұзақбай Жұмағалиев.

Бұған қоса Шығыс Мақат кенішінің 300-ге тарта жұмысшылары да ресми кәсіподақ құрамынан шығатындарын да мәлімдеп отыр.

– Біз кәсіподаққа аузымыздан жырып жарна төлейміз.Ал олар елдің мұңын мұңдамақ түгіл Жаңа жылдық мерекелерде сол ақшамызға балаларымызға сыйлық та алып бере алмайды. Сонда оларға не үшін ақша төлеуіміз керек? – деді ол.

«ЖАЙЫҚМҰНАЙГАЗ» ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ДА КӘСІПОДАҚҚА СЕНБЕЙДІ

Ал «Жайықмұнайгаз» өндіру басқармасының Азаттық тілшісіне арнайы жолыққан бір топ мұнайшылары өздерінің жаңа жүйемен келіспейтіндіктерін мәлімдеп, өз кәсіподағын «дәрменсіз кәсіподақ» деп сынады.

Олар «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Нысанбаевқа хат жолдағандарын айтады. Онда «мұнайлы жерлердің басқа шетел компанияларына сатылуына немесе жалға берілуіне үзілді-кесілді қарсымыз, және ауаның ластығы мен экологиялық жағдайдың нашарлығына байланысты аймақтық коэффициентті алуға тиіспіз деп есептейміз. Бұл мәселелерді шешуде ресми кәсіподақ ұйымы жұмысшылар мүддесі үшін бел буып күресе алмайды деп санап, алға қарай тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарын құрып, жұмыс жасағымыз келетінін ескертеміз» деп жазылыпты.

«Жайықмұнайгаз» басқармасының жерасты жөндеу цехының 5-ші разрядты аға операторы Мұратбек Хасановтың айтуынша, «Ембімұнайгаздың» бірқатар акциялары еркін сауда айналымында тұрғандықтан компания басшылары алдағы уақытта жалақының азайып кетпейтіндігіне ешқандай кепілдік бере алмайды.

– Үй-үйді аралап, тіпті демалыста жүргендердің де қол қоюын талап етіп жатқанына қарағанда біздің акциямыз ендігі сатылып кетті немесе сатуға келісім жасалу үстінде. Өйткені, осы уақытқа дейін жұмысшы жағдайын ойлаған ешкім болған жоқ. Сондықта олар тездеп жалақыны жүйелемекші. – деп күдіктенеді Мұратбек Хасанов.
"Жайықмұнайгаздың" жұмысшылары Н.Қанағатов, М.Хасенов, Қ.Хабидуллин, Н.Бейсемалиев. Атырау қаласы

Оның ойын құптаған машинист Нұрболат Қанатов та Қаражанбас, Қаламқас кеніштерінің осындай жолмен саудаға түскенін айтады.

– Кезінде тәуір табысы бар біраз мекемелер жекешеленіп кетіп жатыр. Бізге кім кепілдік бере алады десек, басшымыз «келісімге қол қойған адам» дейді. Ал бұған дейін жалақыны өсіргенде неге бізден рұқсат сұрап, қол қойдырмады? – дейді ол.

Мұратбек Хасанов «Жайықмұнайгаз» басқармасындағы 12 сағат жұмыс істейтін жұмысшыларға жалақы 11,5 сағаттық кестемен төленетіндігіне шағымданады. Оның себебін сұрасақ бізге «сендер түскі ас ішесіңдер» дейді. Бірақ жұмысшылардың жұмысқа келу үшін таңертең 6-да тұрып, сағат 7-де автобусқа шығатынын, жұмыстан кешке 7,30-да кететінін ешкім есептемейді, – дейді ол.

Естеріңізге сала кетсек, жалақы жүйесіндегі өзгеріс туралы дәл осы ұсыныс Жаңаөзендегі «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы мұнайшыларының да наразылығын тудырған еді. Олар өткен наурызда екі аптадан астам уақыт өндірісті тоқтатып, аймақтық және салалық коэффициенттерді төлеу және басқа да бірқатар талаптарын орындауды сұраған еді.

Кейінен Астанадан келген жоғары лауазымды шенеуніктерден құралған бітімгершілік комиссиясы олардың талаптарын орындауға уәде беріп, хаттамаға қол қойған болатын. Сол жолғы ереуілде, екі жұмысшы қаза болған-ды.

«Ембімұнайгаз» – Қазақстандағы ең көне мұнай компаниясы. Ол алғаш рет 1922 Ембімұнай тресті болып құрылған. Қазір оның құрамындағы «Қайнармұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Доссормұқнайгаз», «Жылыоймұнайгаз» деп аталатын 4 өндіру басқармалары Атырау облысындағы 37 кен орынын игеріп жатыр. Олардың ішіндегі 15 кеніштің өнім өндіру көлемі тым төмен деп саналады. Жалпы мұнай қоры 68 миллион тоннаға бағаланған.

Кәсіпорын жыл сайын 2,7 миллион тонна мұнай өндіреді. Онда бес жарым мыңға жуық адам еңбек етеді.
XS
SM
MD
LG