Accessibility links

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның Азат Ауғанстан радиосына берген сұхбаты


АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Азат Ауғанстан радиосына сұхбат беріп отыр. Прага, 5 сәуір, 2009 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Азат Ауғанстан радиосына сұхбат беріп отыр. Прага, 5 сәуір, 2009 жыл.

Жексенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Азат Еуропа/Азаттық радиосының Прагадағы жаңа кеңсесінде болып, Азат Ауғанстан радиосына арнайы сұхбат берді. Оның барысында Хиллари ханым радиотыңдаушылардың алдын ала жолдаған сауалдарына жауап берді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы ауған әйелдерінің құқын шектейтін жаңа заңға наразылығын айтып, ауған елінің жарқын болашағына деген және Ауғанстан үкіметінің “елді тұрақтылыққа жеткіземін” деген өз міндеттемесін ойдағыдай атқаратындығына сенім білдірді.

Дегенмен де ең алдымен Азат Ауғанстан радиосы Хиллари Клинтоннан Ауғанстанда шиит мұсылмандарына қатысты даулы жаңа заңның қабылдануына түсініктеме беруін өтінді. Хабарға қарағанда, әлі ресми түрде жарияланбаған заңға президент Хамид Қарзай қол қойып бекіткенге ұқсайды.

БҰҰ-ның адамның құқы бойынша Жоғарғы Комиссариатының мәліметіне қарағанда, жаңа заңға сәйкес, шиит мұсылман әйелдері отбасының мұң-мүддесінен басқа мақсатпен өз үйін тастап ешқайда кете алмайды, ерінің тікелей рұқсатынсыз әйелі не еңбек ете алмайды, не білім алуға құқы жоқ.

Ашығын айтқанда, жаңа заң бойынша, ер адам әйеліне зорлық жасауға немесе оны күң ретінде ұстауға құқылы.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Х.Клинтон мұндай заңның қабылданғанына аң-таң болды да, сараптамадан өткен соң ол заң кейін қайтарылуға тиіс деген ойын айтты.

Х.КЛИНТОН: - “Мен оған қатты алаңдадым. Өйткені, бұл заң ауған халқының басым көпшілігінің талап-тілегі деп ойламаймын. Бұл заң, менің түсінігімше, халықтың аз бөлігінің шағын тобына ғана арналады және заңда әйелдер мен балалардың іс-қимылына күрт шектеу қойылады.

Мен бұл заңға деген көзқарасым мен наразылығымды президент Хамид Қарзайдың тікелей өзіне жеткіздім және біздің президентіміз Б.Обама бұл заңды Ауғанстанның келе жатқан жолына қайшы келетін факті ретінде атап көрсетті”.


Азат Ауғанстан радиосына тыңдармандарынан Хиллари Клинтонға арналған 1 мыңнан астам сұрақ келіп түсті. АҚШ пен НАТО-ның әуе күштерінің соққыларынан бейбіт халықтың, әсіресе бейкүнә әйелдер мен балалардың қырылып жатқаны - қайта-қайта көтерілген маңызды мәселенің бірі болды. Кабулдағы радиотыңдаушылардың бірі атап көрсеткендей, бейбіт халықтың көп шығынға ұшырауы “халықаралық қауымдастықты алаңдатумен қатар, Ауғанстанның өз ішіндегі наразылықты өсіре түсті”. Хиллари ханым бейбіт халықтың көп қырылуына зор өкінішін білдіріп, оған байланысты өзінің мынадай ойын айтты.

Х.КЛИНТОН: - “Егер қантөгіп келгендер осы қантөгісті бірінші болып доғарса - біздің көздегеніміз де осы – Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастарының және ұлттық ауған армиясының соғыс қимылдары да тоқтайтын еді. Біз соған үміттенеміз.

Шет жағасын президент Обама сипаттап өткен жаңа стратегия бойынша, біз Талибан қозғалысының мүшелерін, өзге де экстремистерді қоғамға қайта қосылуға, жаңа және қуатты әрі қауіпсіз Ауғанстанның құрылысына атсалысуға үгіттей алсақ, нәтижеге жетеміз және оған келіспегендерді қоғамнан аластатамыз. Біз міне осылай істеуді көздейміз”.

Азат Ауғанстан радиосы тыңдармандарының көп көтерген тағы бір маңызды мәселесі – сыбайластық жемқорлық проблемасы болды. Кабулда тұратын тыңдарман әйел тіпті өткір сұрақ қойды. Оның Х.Клинтонға арнаған сөзіне қарағанда, егер мемлекеттік хатшы “ауған жанжалын” шешкісі келсе, ол бұратана халықпен, әсіресе әйелдермен сырласуы тиіс.

Өйткені, оның мәлімдеуінше, “биліктегілердің 80 пайызын кісі өлтірушілер, жауапсыз адамдар, контрабандистер, есірткі саудагерлері мен алаяқтар құрайды. Х.Клинтон бұл проблеманы Американың жаңа билігі жақсы біледі және оған деген қарсы көзқарасын жасырмайды деп мәлімдеді.

Х.КЛИНТОН: - “Бұл проблема туралы мен өз пікірімді айттым. Президент Б.Обама өз көзқарасын білдірді. Біздің [Ауғанстан мен Пәкістан бойынша] арнаулы өкіліміз Ричард Холбрук өз пікірін айтты. Жемқорлықты ауыздықтап, түп тамырын жою үшін біз қолдан келетін барлық іс-шараны іске асырмақшымыз.

Бұл – қатерлі ісік. Бұл халықтың билікке деген сенімі мен үмітін жоққа шығарады. Сондықтанда жемқорлықтың тамырын жою мақсатында ауған халқымен қоян-қолтық іс атқару үшін қолымыздан келгеннің барлығын істей беретінімізді біз ауған үкіметінің өкілдеріне айттық.

Ауғанстан халқы ұзақ уақыт зардап шегіп келді – халық өткен 20 жыл ішінде адам айтқысыз ауыртпалық көріп келеді. Бұл халықтың жарқын өмірге деген құқы бар...”

Сонымен қатар Хиллари Клинтон Ауғанстанға барған әр сапарында қарапайым халықпен сырласып, солардың проблемасын тыңдап білуге тырысатынын айтты.

Оған қоса Азат Ауғанстан радиосы тыңдармандарының көпшілігі таяуда шет жағасын президент Барак Обама таныстырып өткен АҚШ-тың Ауғанстанға қатысты жаңа стратегиясы туралы көбірек білгісі келді. Радиотыңдаушылардың бірі: “Егер жаңа стратегия сәтсіздікке ұшырады делік. Оның баламасы немесе “В” жоспары бар ма?” –деп сұрады. Оған Хиллари ханымның қайтарған жауабы мынадай:

Х.КЛИНТОН: - “Біз жаңа стратегия жемісін береді деп отырмыз. Бірақ оның сәтті не сәтсіз болуы Ауғанстан халқына байланысты болады. Жаңа стратегияның жемісті болуы – халықтың жарқын болашаққа әзір болуына тәуелді, сәттілік – қызметке қабылданып, оқу-жаттығудан өту үшін армияға, полицияға жаңа адамдарын келуіне байланысты. Олар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс.

Ол [яғни жаңа стратегия] - үкіметтің жемқорлықты тамырымен жоюына, сауданы бүкіл Ауғанстан халқының игілігі үшін орынды жүргізуіне тәуелді болады. Жаңа стратегияның сәтті іске асуы – Талибанның экстремист емес мүшелері шетелдік содырларға қосылмай, шетелдердің мүдделерін қорғамау керектігін мойындауына байланысты болады.

Шетелдіктер Ауғанстанның мүддесін көздемейді, олар – Ауғанстанды өзге мүдделері үшін пайдаланады. Егер барлығы күш біріктірсе, онда жаңа стратегия өз жемісін береді”.

XS
SM
MD
LG