Accessibility links

«Қазақстан қайта жаңару жолында, дегенмен банк жүйесі әлсіз»


"ҚазМұнайГаз" компаниясының кеңсесі. Астана қаласы
"ҚазМұнайГаз" компаниясының кеңсесі. Астана қаласы

«Мұнайдың молдығы мен бағасының жоғары болуы және дер кезінде қабылданған ынталандыру бағдарламалары Қазақстан экономикасының қайта өрлеуіне қолдау болды. Банктер табыс әкелмейтін несиелер қорына назар аударуы қажет, үкімет оларды қаржылай ынталандыру тәсілінен біртіндеп бас тартуы тиіс» деп жазады Халықаралық қаржы қоры.


2010 ЖЫЛЫ ТӨРТ ПАЙЫЗДЫҚ ӨСІМ

Халықаралық қаржы қорының тамыздың 17-сі күні жарық көрген онлайн шолуында Қазақстанның экономикалық дағдарыстан шығып келе жатқандығы атап айтылған. Бірақ банк саласындағы қордаланған мәселелер мен несиелік пайыздардың жоғары болуы әлі де көп проблеманы алға тартып отыр деп жазады халықаралық беделді ұйым.

Халықаралық қаржы қорының бұл жылдық шолуында Орталық Азиядағы мұнайлы елдің экономикасы 2010 жылы төрт пайызға дейін өседі деген болжам жасалыпты.

Сонымен бірге қаржы қорының экономистері Қазақстан дағдарыстан әлсіреп қалған банк саласына назар аударуы қажет деп атап көрсетеді.

Қазақстанда соңғы жылдары маңызды деген жаңа мұнай кеніштері ашылғаны белгілі. Ел экономикасында мұнай секторы - басым бағыт.

Қазақстан экономикасының 2000-2010 жыл аралығында орта есеппен 10 пайызға өсуіне тікелей тартылған шетелдік инвестицияның ықпал еткені ақиқат деп жазылған Халықаралық қаржы қорының шолуында.

Сол кезеңде Қазақстан банктерінің шетелден аз мөлшерлі пайызбен алынған несиені тұрғын үй құрылысы саласына құйып, ипотекалық несиенің көптеп берілуінен ел экономикасы біршама жылдам өрледі. Ал ғаламдық дағдарыс толқыны соққан кезде елге сырттан ағылған қаржы тоқтады, оңды-солды таратылған несиенің жолы жабылып, баға да құлдырады.

Сөйтіп, Қазақстан банктері үшін қиын сәт туды. Енді банктер өздерінің сыртқы қарыздарын қайтіп қайтаруды және қайтарымы жоқ несиелерді қалай жабуды ойлап бастары қатады.

Бұл орайда Қазақстан үкіметі жылдам шешім қабылдап, болашақ ұрпақ үшін деп 2001 жылы құрылған Мұнай қорына қол салып, банктердің тұрақтылығын сақтап қалды деп жазылған шолуда.

Қазақстанның 2009 жылдың басында ұлттық валюта - теңгені 20 пайызға дейін құнсыздандыруы да өзіндік оң нәтиже бергендігі айтылған.

КЕЛЕСІ ҚАДАМ

Осылардың барлығын атап өте келе Халықаралық қаржы қоры Қазақстан үшін экономиканы өрге бастырудың келесі қадамы қандай болмақ дегенге тоқталады. Онда басты үш мәселеге көңіл бөлінген.

Алғашқысы - банктердің қайтарымсыз несиелеріне қатысты жан-жақты және ашық та батыл шешім қабылдау.

Одан кейін қаржылық тұтастықты мұнайдан түскен табысты жинақтауға қарай ойыстыру.

Ал соңғысы – ішкі қаржы нарығының дамуында жергілікті теңгеден гөрі долларды көбірек қолдану бағытына басымдық берген жөн дейді Халықаралық қаржы қорының экономистері.
XS
SM
MD
LG