Accessibility links

Қазақстанның мұнай және газ министрі «Теңізшевройлға» қатысты ұстанымын жұмсарта қалды


Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Атырау, 18 қыркүйек 2008 жыл
Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Атырау, 18 қыркүйек 2008 жыл

Тамыздың 16-ы күнгі Үкімет отырысынан кейін Сауат Мынбаев «Теңізшевройл» компаниясының келісім-шарты туралы бұрынғы сын пікірінен айни бастағанын білдірді.


«Келісім-шартта расында да мұнайды қанша метр тереңдікте өзгерту туралы нақты бап жоқ екен. Бұл мәселені дұрыстап талқылап, бір тұжырымға келу керек» деді министр.

ШҮЙЛІГУ

Осыдан екі айдай бұрын маусымның 18-і Сауат Мынбаев негізгі үлесі АҚШ-қа тиесілі Қазақстандағы жетекші газ-мұнай өндіру компаниясының қызметіне аяқ-астынан шүйліккен еді. «ТШО-ға қатысты сұрақ көп... Компания кезінде министрлік бекітіп берген тереңдіктен де әрі қазып, мұнай-газ өндіріп келген. Біз бітімге келу мүмкін болмағасын, құжаттарды прокуратураға жібердік» деп таусылған еді Қазақстанның мұнай және газ министрі. Сол жолы Мыңбаев ТШО компаниясының айыппұл төлеуі мүмкін екенін де ескерткен.

Ал маусымның 24-і асқан шапшаңдық танытқан Қазақстанның бас прокуратурасы ТШО компаниясының қызметін тексеру басталып кеткенін хабарлап үлгірген. Прокуратура өкілі Нұрдаулет Сүйіндіков мемлекеттің қаншалықты зардап шеккенін есептеліп жатқанын хабарлаған.

ШАРЫҚТАУ

Шілденің 12-і дәл осы мәселе бойынша Қазақстанның қаржы полициясы ТШО компаниясына қарсы Қылмыстық кодекстің 190-шы бабы бойынша іс қозғағанын жариялап үлгірді. Полиция өкілі Мұрат Жұманбай «Теңізшевройлдың» құны 212.4 миллиард теңге тұратын мұнайды заңсыз өндіргенін хабарлады.

Қаржы полициясының мәліметі бойынша ТШО 5100 метрден де терең 41 скважина қазып тастаған болып шықты. 2002 жылдың қыркүйегінен 2010 жылдың маусымына дейін 10 скважинадан белгіленген шектеуден тыс 3,4 миллион тонна мұнай артық өндірілгені анықталған. «Тергеу жүріп жатыр. Әзірге ақпарат жарияланбайды» деген өкіл.

Маусым айының соңында ТШО компаниясының баспасөз қызметі «ИА Новости-Казахстан» ақпарат агенттігі арқылы арнайы хабарлама таратып, компанияның Қазақстан заңдарын қалтқысыз орындап отырғанын ескертіп қарсы уәж айтқан еді.

ШЕГІНУ

Заңсыз мұнай өндіруге қатысты дау-дамайды өзі бастаған Қазақстанның мұнай және газ министрі тамыздың 16-ы бұрынғы пікірін жұмсартып, «ТШО компаниясымен арада жасалған келісім-шартта расында да нақты тереңдік көрсетілмеген екен» деп ағынан жарылды.

Бұл жолы Сауат Мыңбаевтың екпіні азайған. Дауға қатысты «Бұл соншалықты ұзаққа созылатын шаруа емес, бар болғаны құжаттарды бір ретке келтіру керек» деп сырғақтатады.

«Азаттық» радиосы ұйымдастырған дөңгелек үстелдердің бірінде қазақстандық сарапшылар америкалық мұнай өндіру компанияларының «Қазақгейт» сияқты атышулы істерге ықпал ету үшін саяси құралға айналып бара жатқанын айтқан. Ескерте кететін бір жайт, «Қазақгейттің» негізгі айыпталушысы – Джеймс Гиффенге қатысты сот тыңдаулары тамыздың 6-ы аяқталып, шығатын үкімнің шамасы белгілі болған. Соңғы сот тыңдаулары кезінде қазақстандық жоғары лауазымды өкілдерге зиян тигізуі мүмкін Гиффенге қарсы негізгі айыптаулар түсіп қалған болатын.
XS
SM
MD
LG