Accessibility links

Иран көшелеріне тыныштық орнады... Билікте ше?


Теһран университетіндегі жұма намазы сәті. 26 маусым, 2009
Теһран университетіндегі жұма намазы сәті. 26 маусым, 2009

Теһран көшелері маусымның 26-да тынышталғандай. Дей тұрғанмен, оппозиция басшысы Мир Хусейн Мусави президенттік сайлауда заң бұзушылықтардың орын алғанын одан әрі дәлелдейтінін мәлімдеп отыр.

Теһран көшелері ғана емес Иран үкіметтік вебсайттары да жұма күні қалыпты жұмыс ырғағына көшкендей. Тамыз айында таққа қайта жайғасу, яғни ұлықтау рәсімі өтетін президент Махмуд Ахмадинежад шерулерден кейін алғаш рет ресми сапарларын жалғастырып, өз қызметіне қайта кірісіп кетті.

Ахмадинежад АҚШ президенті Барак Обаманың Иран дағдарысы туралы бұдан бұрын айтқан пікірлеріне орай жасаған бейсенбі күнгі мәлімдемесінде:

-Ұлы халық туралы сондай дөрекі сөздерді айту- кешіруге болмайтын қылық. Барак Обама, біз сенің әлі тәжірибе жинақтау үстінде екендігіңді, ащы мен тұщыны айыруға әрекет етіп жатқаныңды білеміз. Мен саған мынандай достық кеңес айтқым келеді: Біз Буш билігі тұсында болған бей-берекеттіктердің, сондай-ақ АҚШ әкімшілігінде орын алған жағдайлардың қайталанғанын қаламаймыз,- деді Иран президенті.

Бұл мәлімдеме Иран үкіметінің өткен апталарда болған шерулерге шетел үкіметтерін айыптаған бағытымен үндес келіп отыр.

Ал, оппозиция басшысы Мир Хусейн Мусави президенттік сайлауда заң бұзушылықтардың орын алғанын одан әрі дәлелдейтінін бейсенбі күні өз вебсайты арқылы мәлімдеді. Ол аталған шерулер барысында қан төгілгені үшін ел билігін айыптады.

Сондай-ақ құрамында консерваторлар басым парламенттің 290 мүшесінің тек 105-і ғана сейсенбіде Ахмадинежад жеңісін тойлауға қатысқан екен.

Иранның қос рухани тұлғасы халықты, өткен аптадағы теке-тірестерден кейін, өзара татуласуға шақыруда.

Олардың бірі Ұлы Аятолла Насер Макарем-Ширази елдегі барлық партиялар арасында әріптестіктің жалғаса беретінін қамтамасыз ететін нақты істер атқарылуы тиіс деді.

Келесі тұлға-Ұлы Аятолла Хусейн Әли Монтазери үкіметте жік пайда болмас үшін, сайлау қортындыларына байланысты дауларды шешетін, біртұтас комитет құрылуы тиіс деген ұсынысын айтты.

Монтазери- елдегі басты диссидент рухани тұлға. Ол кезінде Рухолла Хомейнидің орнын басуы мүмкін деп те үміт етілген еді. Алайда ашық күресте қазіргі рухани көсем Әли Хаменеи жеңіп шығып, соның нәтижесінде Монтазери ұзақ жылдар үй қамауында болған-ды.

Иран Сақшылар кеңесінің өкілі Аббас әли-Кадходаи өз сөзінде сайлау қортындысына байланысты дау айтушы үміткерлер өтінішінің қаралғанын айта келіп, сайлауда аса өрескел заң бұзушылықтар болмаған деп мәлімдеме жасады.

"Елде саяси дағдарыс аяқталды" деген тұжырымдарын шегелей түсу үшін ел үкіметі оппозицияның алдағы уақытта, белгілі бір алғы шарттарды орындай отырып, шеру жасауларына рұқсат етіледі деп жариялап отыр.

Ол үшін жиын ұйымдастыратындар бір апта бұрын рұқсат сұрап, арыз тапсыруы тиіс. Сондай-ақ олар басқа да шарттарды орындауға міндетті дейді үкімет. Алайда үкімет ол шарттарды нақтылап айта қойған жоқ.

Иран Ислам республикасы заңы бойынша, азаматтар- Ислам төңкерісі құндылықтарына қарсы келместен, бейбіт түрде шеру жасауға хұқылы.

Иран үкіметінің айтуынша, шерулер барысында 17 адам қаза болған. Ал, Press-TV атты бұлақ хабарына қарағанда 20 адам қаза болып, оның 9-ы Баси әскери жасағы өкілдері болған.

Дегенмен, бұл мәліметтерді анықтайтын тәуелсіз бұлақтар болмауда.
XS
SM
MD
LG